Қаңтардағы молшылық
Қаңтардағы молшылық
Жексенбі күндері бос болатын Қордайдың орталық алаңы бұл жолы таңертеңнен-ақ адамға лық толды. Алдын-ала облыстық және аудандық газеттер арқылы бұл күні Тараз қаласынан азық-түлік артқан керуен келіп, арзандатылған бағамен сауда-саттық өткізетіні туралы хабарланған жұрттың үміті ақталды. Қорабы биік әрі ұзын төрт-бес жүк көлігі келіп, қатарласа тоқтағанда әшейінде үлкен көрінетін алаңның өзі тарылып кеткендей. Бұл – облыс әкімінің қолдауымен облыстық тұрақтандыру қорының есебінен аудандарға шығарылған «ТЗК «Тараз» ЖШС-ның «Керуен-2015» аталатын көшпелі жәрмеңкесі.
Азық-түлік керуенін бастап келген атқарушы менеджер Еркін Бұланбаевтың айтуынша, керуен кеше Меркі ауданында болып, апарған тауарларының 70 пайызын сатып жібергендіктен, қайтадан Таразға барып, көліктерін тауарға толтырып, түнімен қайта оралған беттері екен. Қордайлықтардың да бұл жәрмеңкеге ықыласы жоғары болды. Әр көліктің жанында сауда сөрелерінің көрнекті жеріне ондағы тауарлардың бағасы жазылып қойылған. Салыстырып қарағанда, Қордайдың базарларындағыдан анағұрлым арзан. Мәселен, базарда килограмы 100 теңгеден кем тұрмайтын картоп 65 теңгеден, қант 230 орнына 149 теңгеден, пияз 80 теңге орнына 52 теңгеден, сұйық май 284 орнына 230 теңгеден, макарон 182 орнына 120 теңгеден сатылымға шығарылды. Содан да жұрттың ұн, картоп, пияз, сәбіз, тағы басқа азық-түлік тауарларын қап-қабымен алып жатқандары көп болды. – Бұл акция облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың бастамасымен қолға алынды, – дейді керуеннің қожасы Е. Бұланбаев. – Облыстық статистика басқармасы мен «КазАгрофинанс» жүгізген мониторинг мәліметтері бойынша, өңірде бірқатар әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасы көтерілгені байқалған. Сондықтан, облыс басшылығы олардың бағасын тұрақтандыру шараларын қарастыруда. Бүгінгі жәрмеңке – сондай шаралардың бірі. Әлеуметтік маңызды тауарлардың тізіміне барлығы 33 түрлі тауарлар енгізілген болса, Қордайға соның 23 түрін молынан әкеліп отырмыз. Азық-түлік керуенімен барлығы 115 тонна тауар жеткізілген болса, оның ішінде әрқайсысы 20 тоннадан ұн, қант, картоп, 10 тонна пияз, 5 тоннадан сәбіз бен күріш, 2 тоннадан астам макарон және басқалары қордайлық сатып алушыларға ұсынылды. Айтпақшы, бұл күні жергілікті тауар өндірушілер де бір қанаттан сауда сөрелерін құрып жіберіп, жерлестеріне ет, сүт, жеміс, көкөніс және кондитер өнімдерін базардағыдан төмен бағамен саудалап жатты. – Тараздан әкелінген тауарлардың жоғары сапасы мен бағасының төмендігі тәнті етті. Өзім бір-бір қаптан картоп пен пияз, тағы басқаларын сатып алдым, енді осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрса екен, – дейді сатып алушылардың бірі Қуандық Сабыралиев. Біздіңше, мұндай тілек әркімнің көкейінде сайрап тұрды.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, «Ақ жол».
Қордай ауданы.