ТАЛҒАТ ТАҒЫ БІР НАРКОКУРЬЕРДІ ҰСТАДЫ
ТАЛҒАТ ТАҒЫ БІР НАРКОКУРЬЕРДІ ҰСТАДЫ
Бүгінгі күні кеден органы қызметкерлеріне жүктелетін негізгі міндеттердің бірі – еліміздің экономикалық және қауіпсіздік мүдделерін қорғау мақсатында контрабандалық әрекеттерге, оның ішінде заңсыз есірткі айналымына жол бермеу болып табылады. Сондықтан да, шекаралық аймақта орналасқан «Қордай» кеденіне қарасты кеден бекеттерінде қызмет істейтін кеденшілерге қойылатын талап пен қызметтік жауапкершіліктің салмағы үлкен.
Себебі, есірткі тасымалымен айналысатын наркокурьерлердің аз еместігі жасырын емес. Ақшаны жеңіл жолмен табуды көздеген олардың көбісі кедендік шекарадан есірткі алып өтудің сан түрлі жолдарын қарастыруға тырысады. Күнделікті мыңдап ағылып жатқан жолаушылардың ішінен ондай теріс пиғылдағы адамдарды дөп тану да оңай емес. Ол үшін кеден қызметкерінің кәсіптік деңгейі мен психологиялық дайындығы да жоғары болуы шарт. Осы орайда шекаралық кеден бекетінде өзінің қызметтік міндетін асқан жауапкершілікпен атқарып, кеден заңын бұзушылардың жолын кесіп жүрген кеденшілер аз емес. Солардың бірі – «Қордай» кеден бекетінің бас маманы Талғат Жаубасаров. Атап айтсақ, соңғы жарты жылдың ішінде Талғат Жаубасаровтың қырағылығы мен кәсіби шеберлігінің және өзіне жүктелген қызметтік міндетін адал атқаруының нәтижесінде 4 наркокурьердің жолы кесілді. Сөйтіп, кеденшінің қақпанына түскен есірткі тасушылардан 2500 килограмм героин мен 900 грамм анаша алынды. Соның бір мысалы ретінде Талғаттың өткен жылдың 26 желтоқсаны күні кезекті кедендік тексеру барысында қырғыз азаматын 500 грамға жуық героинмен ұстағанын баспасөз бетінде айтып өткен болатынбыз. Жуырда, турасын айтқанда үстіміздегі жылдың 16 қаңтары күні ол тағы да бір қырғыз азаматын жасырын жолмен есірткі алып бара жатқан жерінен қолға түсірді. Жеке тексеруге алу барысында оның үстіндегі қызыл түсті күртешесінің ішкі астарына жасырылған, салмағы 7 грамнан сәл асатын героин шықты. Аталмыш оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 286,296-баптарының 4-тармағы (ірі көлемде) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бекен Нұрахметов, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті«Қордай» кедені басшысының орынбасары.
Қордай ауданы.