Тұғыры биік театр
Тұғыры биік театр
Бүгінде бұл саланың мамандары жаңа форматта іс-шаралар ұйымдастыруда. Киім ілгіштен бастау алған театрымыздың қазіргі бағыты бөлек. Сарыны мен дарыны бөлек сахна саңлақтарының айрықша беталысын көріп те, жазып та жүрміз. Соның бір дәлелі, күні кеше ұйымдастырылған «Театр – халықпен бірге» тақырыбындағы жиын. Іс-шараны ұйымдастырушылар думанды кешті алдымен қайырымдылық жасаудан бастады. Театр өнерпаздары су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында «Достық үйінің» алдында өткен «Жүректен-жүрекке» акциясына қатысты. Аталған акцияда олар қаржылай, заттай жиналып жатқан жылуға атсалысты. Сын сағаттарда қандай да бір шараны алдымен игі істерден бастау керектігін естен шығармады. Облысымыздың 85 жылдығы мен 27 наурыз – Халықаралық театр күніне арналған бағдарлама кешкі сағат 19 00-де жалғасын тапты. Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының мерекелік думанды кешіне халық көп жиналды. Іс-шараның негізгі мақсаты – театр мен халық арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыру, көрерменнің мәдени деңгейін көтеру. «Көне Тараз» этно-мәдени орталығы аспан асты өнер сахнасына айналды. «Сағат» стеласын айналдыра театр галереясы қойылып, көрермен осы галереямен жіті танысу мүмкіндігіне ие болды. Іс-шара «Сахна мен актер» атты театрландырылған көрініспен басталды. Кейіпкерлер музыка ырғағымен «Жандану» композициясын орындап, театрдың ардагер әртістерін ортаға шақырды және гүл шоқтарын табыстады. Мерекелік жиын ары қарай «Жүрек жылуы» айдарына ұласты. Ол жерде көрермендер тарапынан өз еркімен ортаға шыққан жандар жақынына хабарласып, махаббаттары мен жылы сөздерін жеткізді. Өз кезегінде театр әртістері тақырыпқа сай әндерді хормен орындап, көрермен қауым бірге шырқады. Сондай-ақ, аталған айдарда көрерменге блиц-сұрақтар қойылып, Түрлі айдарымен түрлене түскен думанды кеш «Суретші» қойылымымен жалғасты. Бүгінгі күнгі өзекті тақырыптар қозғалып, көрерменді біраз ойға батырды. Кеш мазмұнына сәйкес көрермен назарына «Өмір қозғалысы» көрінісі ұсынылды. Мұнда әртістер сахна қозғалысы, қылышпен сайысу сынды шеберліктерін ортаға салды Қойылымнан кейін көпшілік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Бағдарлама барысында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай сөз сөйлеп, сала мамандарына арнаған мерекелік құттықтау тілегін жолдады. Іс-шараға театрдың ардагер әртістері мен бұрын осы салаға басшылық еткен өнер майталмандары қатыстырылды.
Нұржан ӘЛІШ