Жаңалықтар

Атамекенге аманат арқалап қайтқан туынды

Атамекенге аманат арқалап қайтқан туынды

Шығармашылық адамының тағдыры қашаннан сан қилы болатыны белгілі. Тіпті, кей туындылардың жазылу тарихы оқырманды бірден елітіп, өздігінен сұраныс туындатса, ал бірі автордың қилы ғұмыры арқылы танылады. Мәселен, Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті», Сервантестің «Дон Кихоты», Кампаналлоның «Күн қаласы» сынды шығармалар қараңғы қапаста жазылды. Қазақ әдебиетінде де қилы тағдыр иелері аз емес. Соның бірі – қырық жылдан астам ғұмырын түрмеде өткізіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген жазушы Қажығұмар Шабданұлы.

Қажығұмар Шабданұлы – қазақ жерінде дүниеге келіп, ашаршылық нәубетінде Алтай асқан көп отандастың бірі. Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қоныс тепкен жазушы алғаш 33 жасында жергілікті халықтың мәдени-ағартушылық толқуы кезінде «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарып, саяси айыптауларға ілігеді. Осылайша ол Такламакан шөліндегі Тарым лагеріне 22 жылға сотталып кете барады. Осы аралықта өз ғұмырын шығармаға арқау етіп, «Қылмыс» романын жазып бастайды. Автор романда Қытайдың отаршылдық езгісіне ұшырап, қапаста қысастық көрген тұтқын ғұмырын суреттеу арқылы сол кезеңдегі халықтық ахуалды танытады. Шығармада жазушының Қазақстанда туылғанынан бастап, Қытайға қалай өткені, оқығаны, ағартушылық бастамалардың құрбаны болып қазақ жастарының түрмеге тоғытылғаны суреттеледі. Сондай-ақ, автор туындыда әдеби әдістерді де ұтымды пайдаланып, ежелгі шығыс әдебиетінің жауһары «Мың бір түндегі» тәсілді пайдаланады. «Мың бір түннің» әр хикаясы Шехерезаданың «О, құрметті патшам» деген сөзімен басталса, Қажығұмар кейіпкері өз сөзін әрдайым: О, құдіретті тергеушім, өтірік айтсам, тас төбемнен ұрыңыз» деп бастап отырады. Замана шындығын суреттеген шығарма ащы мысқыл мен сатираға толы. Бұл жағынан туынды Сервантестің «Дон Кихотына» ұқсайды. Сервантес өз кейіпкерін қияли, арманшыл етіп көрсетсе, Қажығұмар кейіпкері үнемі бәріне кінәлі болып отырады. Тіпті, кейіпкер сөзінше оның дүниеге келуінің өзі қылмыс. Өйткені, оның кейінгі бар «қылмысының» бастауы осында жатыр. Мәселен, романда кейіпкердің анасы Мейіз құдықтан су алуға барып, аяғы тайып кетіп мертіккен сәті былай берілген: «Үш баласы жабысып үш жақтап шуласа да үні шықпай үзіліпті. Әділетті тергеушім, ақ-нақақты адамзатта сіз ғана айырар деп сенемін. Осы үлкен шешемнің өз құрсағынан шыққан балаларын зар қақсатып, ләм демей рақымсыз ызғарлы күйінде кетуін қарашы, не деген тасбауыр еді! Не деген рақымсыз қылмыс» деп мысқыл-кекесінмен суреттеледі. Жалпы, туынды тұтасымен мұндай қылмыстарға толы. Ал, шығарманың көпшілікке танылып, оқырманға жол тартуына себепкер болған Қабдеш Жұмаділов еді. Шәуешектегі мектеп оқушысы болған жас ақынға Қажығұмар әңгіме жазуға кеңес береді. Осылайша Қабдеш Жұмаділовтің «Жамал» атты тұңғыш әңгімесі жарық көріп, шығармашылық жолы басталады. Кейіннен 1962 жылы Қабдеш Жұмаділов Қытайдағы қазақтардың көшін бастап Қазақстанға кеткенде Қажығұмар да сотталып, арадағы байланыс үзілген еді. 80-жылдардың соңында екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсара бастаған сәтте Қажығұмар араға он жыл салып екінші мәрте түрмеге түседі. Тек ортаға адам салып контрабандалық жолмен біреудің жолдорбасымен, біреудің сәлемдемесімен туынды қолжазба күйінде Үрімжі түрмесінен Қазақстанға, Қабдеш Жұмаділовке жетіп жатты. Осылайша, тек 2009 жылы «Қылмыс» романы Қазақстанда толық жарық көрді. Ал, Қажығұмар Шабданұлы 2000 жылдардың басында інісі Қабдештің араласуымен түрмеден босап шығып, бес жылын үй қамақта отырса да, қазақ жеріне орала алмады. Жазушы осынша уақыт қапаста отырғаны үшін Гиннестің рекордтар кітабына да енді. Ал, қаламгердің Атамекенге деген ыстық сағынышын оның шығармасы ғана арқалап қайтты...  

Нұрболат АМАНБЕК