Жаңалықтар

Ғибраты мол «Ғибрат»

Ғибраты мол «Ғибрат»

Қазақ халқының өзгешелігі – ұлттық нақыштары. Осы ұлттық бояу әрбір ісімізден де, ғимаратымыз бен ғибадатымыздан да көрініп тұрса, қанеки! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда «Жұртымыздың өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Біз осы мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруіміз керек» деп атап өтті.

Қазіргі таңда Тараз қаласындағы көпшілікке қызмет ететін бірқатар нысандардан ұлттық нақыштарды байқауға болады. Сондай қазақылықтың исі аңқып тұрған ғимараттың бірі – «Ғибрат» мейрамханасы. Бұл ұлттық нақыштағы мейрамхананы 2018 жылдың соңында Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы, танымал кәсіпкер, игі істердің жаршысы, бұл күнде бақилық болған Қазақстанның Еңбек Ері Сайранбай Дөненбаев жеке қаражатына салдырған екен. Шынында да, «Ғибраттан» қазақылықтың исі аңқиды. Ең әуелі төрінде шаңырақ орналасқан. Оның түрлі бояумен боялған ілмелері де көз тартады. Ғимараттың іші де қазақы оюлармен безендірілген. Сонымен қатар, түрлі қазақы үлгідегі шашақтар мен басқұрлардың суретін байқауға болады. Тіпті, әр үстелдің үстінен де қазақы оюлар мен өрнектерді көріп, қуанып қаласың. Одан бөлек, бұл мейрамхананың қонақтарға ұсынатын басты мәзірлері – ұлттық тағамдар. Әрине, мейрамхана болған соң, тағамның өзге де түрлері бар. Ең бастысы – халал. Мұнда ішімдік сатылмайды, дастарқанға қойылмайды. Біз осы игі іске қатысы бар бірқатар кісілерді сөзге тартқан едік. Облыстық мәслихаттың депутаты, іргелі шаруа қожалықтың басқарушысы Мейрамбек Дөненбаев: «2018 жылы бауырым Сайранбай Дөненбаев Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Ұлттық нақыштағы мейрамхана сол жылы салынды. Қазір көпшілікке жоғары дәрежеде қызмет етіп келеді деп ойлаймын» – деді. Ал, «Ғибрат» мейрамханасының қожайыны Меруерт Дөненбаева: «Ашылған күннен бастап біздің мейрамхананы да көпшілік дұрыс қабылдады. Біздің өз келушілеріміз бар. Таразда өткен республикалық, халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың қонақтары үшін көбінесе біздің мейрамхана таңдалады. «Ғибратта» кішігірім басқосулар, Құран оқыту, Рамазан айында ауызашарлар болады. Халыққа сапалы қызмет етуге күш салудамыз», – дейді. Мейрамханада оншақты адам жұмыс істейді. Оларға төленетін жалақы да жаман емес. Ең бастысы, олардың бойында ұлттық құндылықтарымызды түсіну, қазақы болмысымызды қолдауға деген патриоттық басым.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы