Жаңалықтар

Жеңіс жолы жалғасуда

Жеңіс жолы жалғасуда

Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Бұл байрақты бәсекеде 80 килограмм салмақта жұдырықтасқан облыстық олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының спортшысы Мадияр Бексұлтанов қола жүлдегер атанды.

Сондай-ақ, Грузия мемлекетінің Тбилиси қаласында ересектер арасында дзюдо күресінен «Grand Slam» халықаралық турнирі өтті. Онда 60 килограмм салмақта бақ сынаған аталған орталықтың спортшысы Нұрқанат Серікбаев қарсыласының барлығын айқын ұтып, алтыннан алқа тақты. Чемпиондық тұғырға көтерілген Нұрқанаттың жетістігіне жеке бапкері Қуат Қанаевтың сіңірген еңбегі зор. Жамбылдық жанкүйердің алдағы уақытта Серікбаевтан күтер үміті көп. Махамбет Дүйсенбаев басқаратын орталықтың жетістіктері мұнымен шектелмейді. Дзюдо күресінен ересектер арасында Талдықорған қаласында өткен республикалық турнирде 73 килограмм салмақта Әділет Ахметқали чемпион атанса, 90 килограмм салмақта белдескен Ернұр Тымбаев қола жүлдемен оралды. Бұл екі балуанның бапкері – Мұрат Әшімов. «Әділеттің шыңдалған шеберлігі көрініп тұрды. Ернұр да жақсы күресті. Дегенмен, бұйырғаны – қола жүлде. Алдағы уақытта шәкірттерім жіберген кейбір кемшіліктермен жеке жұмыс жүргізіп, үлкен жетістіктер жолында тер төгеміз», – дейді бапкер.  

Әшірәлі КЕНЖЕҒАРА,

облыстық олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының қызметкері.