Министрліктен... әкімдікке өтті
Министрліктен... әкімдікке өтті
Бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз төртінші сессиясы мәслихат тарихында «Жамбыл облысының басқару схемасы туралы» шешіміне өзгерістер енгізумен есте қалатын болды. Өйткені, облыс әкімдігінің басқару жүйесінің сапына екі бірдей басқарманың қосылғандығы жөніндегі шешімге депутаттар бір ауыздан дауыс берді. Облыс әкімі аппаратының басшысы Р.Рахманбердиевтің хабарлауынша, Үкіметтің өткен жылғы жиырма тоғызыншы
желтоқсандағы қаулысына сәйкес, жергілікті мемлекеттік басқарудың базалық құрылымына өзгерістер енгізіліп, нәтижесінде, бұған дейін тиесілі министрліктерге қарап келген мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармалары облыс әкімдігінің басқару жүйесіне ауысты. Сессия отырысында қаралған келесі мәселе облыс әкімдігінің 2014 жылғы 27 қарашадағы №313 қаулысы және облыстық мәслихаттың өткен жылғы 11 желтоқсандағы №33-12 «Тараз қаласының көшелеріне атау беру және қайта атау туралы» шешімін жою туралы болды. Сонымен қатар, сессияда облыстық бюджеттік комиссияның құрамы туралы да мәселе қаралып, мәслихат сессиясының 2014 жылғы 26 маусымдағы №26-10 шешіміне өзгеріс енгізілді. Осыған орай, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы А.Тынысбеков комиссия мүшесі болып енгізілді. Бұдан бөлек жиында облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 11 желтоқсандағы №33-13 «Жамбыл облысында жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы ставкаларын бекіту туралы» облыстық мәслихатының 2008 жылғы 8 ақпандағы №4-16 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешімін жою туралы мәселе де қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелердің барлығына орай сессия тиісті шешімдер қабылдады. Сессияға облыстық мәслихаттың депутаты Б.Алдашов төрағалық етті.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».