Жаңалықтар

Ән әлемінің Бағдатына құрмет

Ән әлемінің Бағдатына құрмет

Бағдат Сәмидинова Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Мен – даланың қызымын» атты концертін көпшілік назарына ұсынды. Тараздық көрермен Бағдат Сәмидинованы зор құрметпен қарсы алды. Әнші орындаған Шәбден Омаралиевтың «Қоштасқым келмейді» әні көпшілікті рухани әсерге бөледі. Мерейтой иесі халық әні «Ахау керімді» Айгүл Махашевамен бірге шырқаса, Мерей Әбуова екеуі орындаған халық әні «Сәулем-ай» көпшілік көңілінен шықты. Мұнан соң Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев құттықтау сөз сөйледі. – Армысыздар өнерсүйер қауым! Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Бағдат Самидинованың кешіне қош келдіңіздер! Мен осы концертке Астанадан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың марапатын табыс етуге келіп отырмын. Әулиеата – қасиетті өңір. «Жамбылға таяқ ұстап келген тай мініп қайтады» деген сөз бекер айтылмайды. Жамбыл жұртшылығы су тасқынынан зардап шегіп жатқан Солтүстік, Батыс облыстарға ауқымды үлес қосып отыр. Жамбылдықтар Президент саясатын қолдаудың жоғары үлгісін көрсетіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнерге, оның ішінде ұлттық өнерге ерекше мән береді. Президент мерейтой иесі Бағдат Сәмидиноваға өзінің Алғыс хаты мен ризашылығын жолдап отыр. Мемлекет басшысының Алғыс хатында: «Сіз халық әндерін шебер орындап, үнемі ел ықыласына бөленіп келесіз. Елдің абыройына бөленген өнер қайраткерісіз. Шәкірт дайындау арқылы еліміздің ұлттық мәдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қостыңыз. Сіздің көп жылғы еңбегіңіз үшін алғыс білдіремін», деген ризашылық сөздер жазылған. «Енді ел Президентінің атынан мерейтой иесін марапаттауға рұқсат етіңіздер» дей келе, Бағдат Сәмидиноваға Президенттің Алғыс хатын тапсырып», «Алтын барыс» төсбелгісімен марапаттады. Мұнан соң облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календаров жеткізді. Облыс әкімінің атынан мерейтой иесіне құрмет көрсетілді. Бағдат Сәмидинова Мемлекет басшысына, Президенттің кеңесшісі мен облыс әкіміне шексіз алғысын білдірді. Келесі сәтте концерт қайта жалғасын тапты. Бас қаладан арнайы келген «Астана» тобының әншілері Нартай Алтай мен Құралай Қырықбаева әннен шашу шашты. Досымжан Таңатаров ән салды. Бағдат Сәмидинова жамбылдық әнші Қайсар Көкішевпен де бірге ән шырқады. Сондай-ақ, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының «Ақкербез» бишілер ансамблі, Тараз қалалық «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының бишілері өнер көрсетті.  

Есет ДОСАЛЫ