Жаңа ғылыми зертхана ашылды
Жаңа ғылыми зертхана ашылды
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру аясында ашылған зертхана салтанатына «Амангелді Газ» өңдеу зауыты директорының орынбасары Болат Бухбанов, «QazaqGaz – барлау және өндіру» ЖШС өндіру бойынша инженері Құлмағанбет Уалиев және техника қауіпсіздігі бойынша инженері Ғалым Дәндібай қатысты. Ашылу салтанатында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма Төрағасы - ректор Мұхтар Байжұманов лента қиды. Бүгінгі таңда жабдықталуы толығымен аяқталған зертханада ғылыми қызметкер, магистранттар мен студенттер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. – Бүгінгі таңда ғылым саласына үлкен мән берілуде. Былтыр дәл осы күні Ғылыми кеңес отырысы өткен болатын. Еліміздегі танымал ғалымдар сол кезде өз ойларын ортаға салды. Президент ғылымды дамытуда біршама нақты тапсырмалар берді. Бүгінде сол бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінгі ашылып отырған зертхана ғалымдардың жұмысына серпін беріп, мұнай-газ саласындағы құрылыста сапаны жақсартуда септігін тигізеді деп сенемін, – деді Мәлік Отарбаев. Ал, университет ректоры Мұхтар Қазбекұлы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жас ғалымдарды қолдау жыл сайын күшейтіліп келе жатқанын жеткізді. – Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде, сұранысқа ие жобалар еліміздің әр өңірлерінде іске асырылып жатыр. Қазақстандық ғалымдардың ғылыми жарияланымдарының саны мен сапасы артты. Ақпарат ретінде айта кетсек, 2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 миллиард теңге қарастырылған. Бұл ақпаратты айтып отырған себебіміз, «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру аясында ашылып отыр. 2021 жылы PhD докторы Арман Кабдушев қаржыландыру мөлшері 48 588 441 теңге болатын ғылыми жоба жеңімпазы атанған болатын. Зертхана 2023 жылы желтоқсан айында толық жабдықталып, 12 сәуір – ғылым күніне арнайы ашылып отыр. Қазіргі таңда зертханада докторанттар мен магистранттар, бакалаврлар білім алып, зерттеулерін жүргізіп, ғылыммен айналасуда. Кафедраның ғалымдары ғылыми жұмыстарын жасап, мақалаларын жариялауда. Тек, 2023 жылдың өзінде зертхана арқасында 6 мақала Scopus базасына шыққан, – деді Мұхтар Қазбекұлы. Жаңа ашылған «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы еліміздегі мұнай-газ саласындағы ұңғымаларды бұрғылау және бекіту кезіндегі мәселелерді шешуге бағытталып отыр.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ