«Бәйтерек» қолға алған Бағдарлама
«Бәйтерек» қолға алған Бағдарлама
Шағын және орта бизнесті алға сүйремек
«Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес құрылымдары орта бизнестегі кәсіпорындарды қолдау бойынша жаңа бағдарламаны қолға алды. Соған байланысты жақында аталған бағдарламаның артықшылықтары жайлы түсіндіріп, жергілікті кәсіпкерлерге насихаттау мақсатында холдинг басшылығы өкілдері аймақтарда жұмыс сапарларын бастап кетті.
Осыған орай кеше облыс әкімдігінің мәжіліс залында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы мен оның еншілес компанияларының басшылары, Қазақстан кәсіпкерлері ұлттық палатасы мен облыс әкімдігі өкілдерінің қатысуымен бағдарламаға қатысу үшін шарттарды түсіндіру мақсатында жергілікті кәсіпкерлердің басын қосқан жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов, холдингтің басқарма мүшесі, басқарушы директоры Қаныш Түлеушин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Қызылорда облысындағы филиалы директоры Жансұлтан Матаев және холдингтің еншілес бірқатар компанияларының өкілдері қатысты. Жиын барысында Қаныш Түлеушин жаңадан қолға алынып жатқан бағдарлама жайына тоқталып, оған өз өнімдерін экспорттаған, сәйкестенген кірісі,өсім қарқыны мен тұрақты қаржы көрсеткіштеріне ие орта бизнестегі кәсіпорындар қатыса алатынын атап өтті. Бұл бағдарлама талабы бойынша холдингтің қолдауына машина құрылысы, тамақ өнеркәсібі мен құрылыс заттарын өндіру салаларындағы шағын және орта бизнес өкілдері ие бола алады. – Бағдарлама «Бәйтерек» холдингінің еншілесі құрылымдары – «Қазақстан Даму Банкі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ, «Қазына капитал менеджмент» АҚ және «Қазэкспортгарант» АҚ арқылы жүзеге аспақ. Аталған институттардың әрқайсысы бағдарламаны жүзеге асыру үшін өз қолдау құралдарын ұсынады. Олардың ішінде – тікелей несиелеу, лизингтік келісімдерді қаржыландыру, пайыз мөлшер ақыларын субсидиялау, экспорттық сақтандыру, экспорт алдындағы қаржыландыру мен сауда үрдістерін қаржыландыру және инновациялық гранттар бар. Осылайша, бағдарлама «бір терезе» ұстанымы бойынша орта бизнестегі кәсіпорындарға кешенді қолдау жасауға жол ашпақ, – дейді холдингтің басқарма мүшесі әрі басқарушы директорларының бірі Қ.Түлеушин. Ал «Даму» қоры өкілі Жансұлтан Матаевты сөзге тартқанымызда ол бағдарламаның жүзеге асуы нәтижесінде өңірлік және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті бола алатын компанияларды құру мен шикізаттық емес экспорт пен импортты алмастырудың қарқынына қол жеткізу жоспарланып отырғанын айтып өтті. Сондай-ақ, нәтижесінде еңбек өнімділігі мен салық түсімін, ішкі жалпы өнім көрсеткішін жоғарылататын жоғары технологиялық және энерго үнемді өндірісті дамыту алға қойылғандығы да белгілі болды. Облысымызда бұл бағдарламаның шапағатын көре алатын кәсіпкерлік субъектілері баршылық. Себебі, ірі кәсіпорындардың мемлекеттік қолдауға ие болу мүмкіндіктері мен механизмдері бұған дейін реттеліп қойған. Сондықтан, ендігі кезекте шағын және орта бизнес төңірегіндегі түйткілді мәселелерді шешу мақсатында Үкімет өз алдына үлкен міндет қойған еді. Оның үстіне Елбасы Жолдауында да шағын және орта бизнестердің іріленуіне, экспортқа шығуына мүмкіндіктер ашу жөнінде арнайы айтылған болатын. «Бәйтерек» холдингінің өткізген жиыны қатысып отырған кәсіпкерлерге пайдалы ақпараттар бергені сөзсіз. Өйткені сұрақ қою арқылы да олар өздеріне керекті кеңестерін ала алды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесуді Қазақстанның әр аймағында өткізуді жоспарлап отыр екен.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».