Киелі домбыра
Киелі домбыра
Сол аспаптар арасында қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатқан көне саз аспабы домбыраға тоқталатын болсақ, домбыра ерте замандарда пайда болып, бүгінгі күнге дейін саф алтындай сақталып, халқымыздың тыныс-тіршілігімен етене қабысып, кеңінен қолданылып келе жатқан музыкалық аспаптардың бірі. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Оның ішінде домбыраның маңызы бөлек. Этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Өткен жүзжылдықта ұлы халық композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан еді. Бұлар бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге небір ғажап күй де шығарған шын мәніндегі өнер иелері-тін. Солардың арқасында домбырада тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетілдіріле түсті. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едәуір өрге басып, байи түсті. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында да бірнеше домбыра бар. Атап айтсақ, 1984 жылы музей қорына тапсырылған Сарысу ауданы, Жайылма ауылының тұрғыны, ағаш шебері А.Түсіповтың қолынан шыққан домбыра, 2003 жылы музей қорына тапсырылған Тараздық қолөнер шебері, Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының мүшесі Қазым Аманқосовтың ұлттық ою-өрнектермен безендірілген емен мен қарағай ағаштарынан бүтіндей ойылып жасалған домбырасы бар. Сонымен қатар, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы жасалған ағаш шебері Ербол Сметов қолынан шыққан домбыра да музей қорында сақтаулы тұр. Бұл көне домбыра аспаптары – біздің мақтанышымыз!
Ақнұр Зетулла,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.