Әлеумет

Мүмкіндігі шектеулі... ал армандары шексіз

Мүмкіндігі шектеулі... ал армандары шексіз

Залда отырған ата-аналардың қуаныштарында шек жоқ. Іштей бүгінгі тіршілігіне тәубе айтатын секілді. Енді қайт­сін, күні кеше ғана өз бетінше киіне алмайтын, өздігінен тамақ­танбайтын, қозғалғанының өзіне кісі демеуін күтетін ұл-қызы сахнада ән шырқап тұр. Өнерлі өрендеріне деген ризашылық сезімдері меймілдеген жасқа толы жанарлардан айқын көрінгендей. Ән аяқталды, көрсетілген қошемет тіпті өзгеше.

Бұл облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының өнерпаздары еді. Бірнеше жыл бойы мамандардың көмегімен өмірлік дағдыларды үйреніп, бейімделген балалар орталықтың құрылғанына 10 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған мерекелік салтанатта өнер көрсетуге мүмкіндік алыпты. Осының өзі өңір тұрғындары үшін аталмыш мекеменің рөлі қандай екенін аңғартқандай. Әрі арнаулы мамандардың қызметіне деген мұқтаждықтың осы орталықта қалай өтеліп отырғанын көрсеткендей. Құрылғанына 10 жыл толған орталықта бүгінде мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету аясы кеңейген. Материалдық-техникалық базаның жақсарғанына қарай әлеуметтік-психологиялық, медициналық оңалту мүмкіндіктері молайған. Уқалау, дәрігерлік, оқу, логопед, еңбек кабинеттері, сенсорлық бөлме, емдеу-тренажер залдарында балғындар бейімдеу курстарынан өтеді. Мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндер үшін оңалту шаралары 9 сағаттық. Орталықта күнбе-күн 30-40 бала арнайы әлеуметтік көмек ала алады. Жүйелі түрде жүргізілген жұмыс түбінде жемісін берері хақ. Білікті маман Марал Шлыкова басқарып отырған орталықта оңалту курстарынан өткен балалар бүгінде өмірге бейімделіп, ата-аналарына қуаныш сыйлауда. 10 жылдың ішінде бейімдеу мекемесінің көмегіне 420 бала жүгінcе, солардың басым көпшілігінің өмір сүру сапасы жақсарған. Бір бүлдіршіннің балабақшаға, 23 оқушының жалпы білім беретін орта мектепке баруға мүмкіндік алғаны, 43 өреннің арнайы мектепте оқитыны, 9 жасөспірімнің колледжге оқуға түскені – орталықтағы оңды шаралардың нәтижесі. Жүре алмайтын 59 баланың 10-ы өздігінше жүруді, сөйлей алмайтын 109 балғынның 26-сының сөйлеуді үйренгені қаншама ата-ананың үмітін оятты десеңізші. Жалпы, орталықтағы оңалту курстарынан өткендердің 72 пайызында бейімделу байқалады, дейді мамандар. Соның бір көрінісі – онжылдыққа байланысты өткен мерекелік шарадағы кішкентай өнерпаздардың ән шашуы. Мүмкіндігі шектеулі балғындар орталықта үйренгендерінің бәрін ортаға салды. Ән де шырқады, биді де биледі. Еңбегі жемісті орталық мамандары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Мерекелік салтанаттың соңында балаларға сыйлықтар үлестірілді. Балғындарға сый-сияпат жасау үшін кәсіпкерлер қол ұшын созыпты.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».