Жаңалықтар

Жақыныңа жақын бол!

Жақыныңа жақын бол!

Әр адам үшін ең сауапты да қайырлы іс – жақын адамдарыңмен байланысты жақсарту. Дәулеті тасып тұрған адамдардың өзі жақсылық жасауды өзінің бірге туған бауырынан бастауы қажет екен. Бауырының жағдайы дұрыс болса, ағайын-туысына қолұшын бергені жөн.

Дін өкілдері жақсы насихатты айтуын айтады. Бірақ, оған құлақ асып жатқандар шамалы. Себебі, қазіргі таңда бірге туған бауырлардың бір-бірімен араласпай кету жағдайы жиілеп кетті. Бұрын алыстағы, бөтен адамдарға көмек беруге дайын тұратындар қазір бірге туғанына болыспайды. Көпбалалы отбасылар жетерлік. Бірақ, ынтымағы аз отбасыларды көргенде көңіл құлазиды. Қолында малы мен байлығы бар туыстар бірге туғанымен емес, өзі секілді дүниесі түгел адамдармен ғана араласатын болып барады. Тіпті, айдаладағы біреудің тойына уақыт тауып барып қайтатындар, өз бауырының тойына әдейі қатыспай жатады. «Менің жасым 80-ге жақындады. Талай кезеңді көрдім. Ұзақ жыл ауылда тұрдық. Қазір қалаға көшсем де, туған жерге барып тұрамын. Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін адамдар өте мейірімді, шуақты болды. Туыс түгілі, ауылдастар бір-бірінен көмегін аямай, мейірімдерін төгіп тұратын. Ол кезде ауылдың көп адамдары жоқ-жұпыны. Сонда бір кесе айраны, екі тілім наны болса да көршісімен бөліскісі келіп тұратын. Ал, қазір ауылда әр үйде 5-6 жылқы, 2-3 автокөліктен бар. Бірақ, баяғыдай мейірімді іздеп таба алмайсың. Кей адамдар байлықты ғана көксеп, көршісімен де, бауырымен де байланысты үзген. Бұл – өте қорқынышты», – дейді тараздық еңбек ардагері, «Алтын алқа» иегері Сарқыт Сүйіндікова. Жалпы, осы ізгі амал, жақсы қарым-қатынас туралы барлық бақуатты адамдар ойлана ма екен? Жылдар өтіп барады. Әр адамға туған бауырдан, жақын туыстан қымбат ешкім жоқ. Осыны естен шығармаған жөн.  

Гүлнәз АЯПОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4-курс студенті.