Жағдайың жақсы ма, халық театры?
Жағдайың жақсы ма, халық театры?
Облысымыздағы халық театрларының ең «ақсақалы», Байзақ аудандық «Шахан» халық театры. Ол театр биыл өзінің елу үшінші маусымында жұмыс істеп жатыр. Ал, ең соңғы құрылған Т.Рысқұлов ауданындағы «Басқар Битанов» атындағы халық театрының құрылғанына бес жыл болыпты. Жалпы, облыстағы он ауданның бәрінде халық театрлары жұмыс істеп тұр. Екі-үш ауданда екі театрдан бар екен. Оған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік универиситеті жанынан құрылған «Дулати жастары» студенттік театрын қосыңыз. Аталған театрларға облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы қолдау көрсетіп отыр. Халық театрлары көлікпен және театрларға арналған театралдық құрал-жабдықтармен, атап айтқанда костюм, реквизит, грим, сақал-мұрт, театралдық эфектілер үшін арнайы жарық студиялары және музыкалық цехтармен, қоюшы режиссер, суретші, бутофор сияқты мамандармен толық қамтамасыз етілген. Бұл, әрине, халық театры артистеріне жақсы көңіл күймен қатар, шабыт сыйлайтыны анық. Ал, «Театр – өмір айнасы» фестивалінің облысымызда соңғы он жыл көлемінде үзбей өткізілуі шын мәнінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістік дер едік. Соның бірі – күні кеше ғана сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған халық театрларының «Шоқ тілді Шона» атты әзіл-сықақ фестивалі. Бұл өнер бәйгесін ұйымдастырған сатираның сайыпқыраны, ұлт руханиятының жанашыры болған Шона Смаханұлының жерлестері, Талас ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қаратау қаласындағы Ұлбике атындағы Мәдениет үйі. Сондай-ақ, бұл іс-шара Жамбыл облысының 85 жылдығына да арналды. Байқауға өңірдегі 13 халық театры қатысты. Біріші бөлімде Шонаның сатиралары мен шымшыма әзілдерінен бір сахналық қойылым көрсетілсе, екінші бөлім еркін тақырыпқа арналды. Енді халық театрларының қойылымдарына азды-көпті талдау жасап көрелік. Талдауда театрлардың кейбір кемшін тұстары айтылып жатса, ол театрлардың меселін қайтарып, жасыту үшін емес. Қайта қазіргі кезеңдегі театрлардың заманға қарай жаңа бетбұрыстары жайлы айтып, бағыт-бағдар сілтеу ғана. Себебі, халық театрларының бүгінгі уақыттағы техникалық, шығармашылық мүмкіндіктерінен аздап болса да хабарымыз бар. Бүгінгі күнде халық театрларында шығармашылықпен айналысып жатқан көп болғанда үш-төрт маман ғана. Қалғандары сол салада еңбек етіп жүрген клуб немесе мәдениет саласына қатысты басқа мамандық иелері. Мәселен, ол кітапханашы, электрик, қаржы саласының қызметкері, тіпті жүргізушілер болуы да мүмкін. Бірақ, театр өнерін жақсы көреді. Жамбыл облысының 85 жылдығы мерекесі аясында өткен «Театр – өмір айнасы» фестивалінде де сол ойымыз айқын көрініп тұрды. Барлық театрларға ортақ кемшілік – қойылымдарға режиссерлық біліктілік жетіспей жатты. Халық театрларындағы жұмыс істеп жатқан режиссерлық штатта отырған режиссерлардың барлығы режиссураның оқуын тәмамдаған мамандар емес, әрі кеткенде актер мамандығын бітіргендер. Қазіргі кезеңде арнайы оқу орнын бітірген маман режиссер облыстық Асқар Тоқпанов театрына да жетіспей жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай, қойылымдарда режиссерлық ерекше қолтаңба байқалмады. Біразы «осылай болса дұрыс болады-ау» деген интуициямен жасалған қойылымдар болды. Халық театрлары ішінде өзіндік орны бар, құрылғанына 38 жылға жуықтап қалған «Мерке» халық театры Шона Смаханұлының «Кері кетіргіш» сатиралық әңгімесінің желісімен сахналық көрініс әкеліпті. Қойылымға қатысатын екі кейіпкер – анасы мен қызы. Екеуінің сөзбен қақтығысы арқылы өрбитін оқиғаны сол қалпында еш әрекетсіз, арлы-берлі жүріс арқылы берілген көрініс бір- екі минуттан соң-ақ көрерменді жалықтырып жібереді. Меркіліктердің қателігі – шығарманың жанрын дұрыс таңдалмағандықтарында. Әрі фестивальдің ережесінде көрсетілген «әзіл- сықақ» деген анықтамаға назар аудармаған сияқты. Шу аудандық Мәдениет үйінің «Шу» халық театры «Біз осы үйдің келіні боламыз» комедиясын қалай жазылды, солай сахналай салған. Режиссерлық, актерлық ізденіс жоқ. Тіпті, автордың әртүрлі астарлы мәтіндерінің мағынасын ашпастан қалай жазылса, солай судыратып өте шықты. Оның есесіне, дәл осы шығарманы қойған «Талас» халық театры спектакльді көркемдік деңгейге көтерген. Бірінші кезекте жанры дәл анықталған. Сатиралық қойылым өз мақсатына жеткен. Әр образ жеке-жеке дараланған. Режиссер автордың айтайын деген ойын дамытып, бүгінгі күннің қолданыстағы ұялы телефондарын орнымен пайдаланып, қойылымды заманауи деңгейге көтеріп, көрермендердің көңілінен шыға білді. Әсіресе, шоқ тілді Шонаның усойқы сөздерін орынды жерінде дәл жеткізулерімен сахнаның көрігін қыздырып, діттеген мақсаттарына жетті. Сөйтіп, фестивальдің бас бәйгесін иеленді. Т.Рысқұлов аудандық «Басқар Битанов» атындағы халық театры Шона Смаханұлының «Шалым менің – малым менің» атты сатиралық шығармасын сахналады. Бірден айтайық, режиссер қойылымның жанрын дәл тапқан. Бұл сатиралық қойылымда үш қана кейіпкер қатысады. Қойылымның қызықты болғаны сонша, жиырма минуттың қалай өте шыққаны да байқалмады. Басты кейіпкер – сауыншы әйел Малмагүлді актер Мият Медетов жетесіне жеткізе ойнап шықты. Бірінші сахнадағы сауыншы мен екінші сахнадағы көше қызына айналатын көріністердегі актердің сахналық кейіптенуі (приспособлениесі) көрермендерді күлкіге қарық қылды. Автордың сатиралық сарказмге толы мәтіндері көрермендерге дәлме- дәл жетіп жатты. Спектакльдің бар салмағын көтеріп тұрған да Мият Медетов екенін баса айтуымыз керек. Біраз уақыттан бері өнер жарыстарынан шет қалып қойып жүрген мойынқұмдықтар бұл жолы намысқа тырысып, Шона Смаханұлының бірнеше сатиралық өлеңдерінен «Менің қызғаншақ әйелім» және «Маскүнем ата-ана балаларының мұңды жыры» атты шығармаларынан инсценировка жасапты. Қойылым театралдық қойылым дәрежесіне көтерілген, бүгінгі заманғы уақыт тынысымен астасып жатыр. Қоғамның қазіргі трагедиясы – ішімдік пен нашақорлықтың кесірінен азып- тозған отбасының трагедиялық ахуалы. Мұнда комедиядан гөрі ирония, сарказм басым. Спектакльдің жанры трагикомедия. Жылатып отырып күлдіріп, күлдіріп отырып мұңайтады. Қойылым сонысымен де ұтты. Қалған он театрға ортақ мәселе – әзіл- сықақ қойылымдар болғандықтан, актерлерде микрофонмен жұмыс істеу шеберліктері ақсап жатты. Екіншіден, қойылымдарға режиссерлық шешімдер мен актерлердің сөзбен, яғни мәтінмен жұмыс істеу тәсілдері жетіспеді. Болашақта осы халық театрларымен жұмыс істеп, ұйымдастыру жұмысымен айналысатын «Халық шығармашылығы» орталығы мен оның бас режиссері Нұралы Абдуллаев осы мәселелерді назарға алса құба-құп. Болашақта халық театрлары үшін арнайы мамандар шақырып, шеберлік сағаттарын ұйымдастырып отырса, одан жамбылдық өнерпаздар ұтпаса ұтылмасы анық. P.S. Халық театрларының ахуалының жаңаша бетбұрысы 2014 жылдан басталды. Сол жылдардан бастап халық театрлары республикалық, халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, облысымыздың өнер бәйгесіне олжа салып отырыпты. Т.Рысқұлов ауданының «Б.Битанов» театры, «Меркі» театры, «Дулати жастар» театры үш бірдей фестивальдің лауреаты атаныпты. Ал, Жуалының «Мыңбұлақ» халық театры Өзбекстанда өткен «Киелі бесік» халықаралық фестивалінде жүлделі орынды иеленген. Жалпы, облыстағы 15 театрдың 10-ы бүгінгі күнге дейін республика көлемінде өткен өнер додаларына тұрақты қатысып келеді.
Асқарбек АҚЫЛШАҰЛЫ, ҚР Еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның Құрметті журналисі.