ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖОҒАРЫ
ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖОҒАРЫ
Асқар ҚЫРЫҚБАЕВ, облыс әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы.
Елбасы тапсырмасына орай жекешелендірудің екінші толқыны жүріп жатқаны белгілі. Мемлекеттік маңызы бар мәселеге жүрдім-бардым қарауға жол берілмейді. Үкіметтің және облыс әкімінің қаулы, талаптарына сәйкес жекешелендіруге жататын ұйымдардың, қайта құрылатыны мен таратылатындарының саны белгіленген. Жекешелендіруге жататын 38 ұйым болса, бұған қоса екі ұйым таратылды, бір ұйым қайта құрылды. Облыс әкімдігінің қаулысымен облыстық әкімдіктің білім басқармасының «Ғылыми тәжірибелік дене шынықтыру орталығы» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорны мемлекеттік мекеме болып қайта құрылса, «Облыс әкімдігінің спорт және дене шынықтыру басқармасының «Талас толқыны» спорт би клубы және Талас ауданы әкімдігінің қаулысымен «Авангард» көпсалалық кинотеатр кәсіпорны ЖШС таратылды. 2014 жылы бекітілген іс-шараға сәйкес, облыс бойынша 23 коммуналдық меншіктегі ұйымды жекешелендіру белгіленген. Осы іс-шараны жүзеге асыруда жыл бойы облыс, аудан және Тараз қаласының әкімдіктері жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді сауда-саттыққа шығару бойынша 20 қаулы қабылдап, саудаға шығарды. 19 серіктестіктің мемлекеттік қатысу үлесі мен 3 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынға мүліктік кешен ретінде бағалау жүргізілді. Биылғы 13 желтоқсандағы мәлімет бойынша 10 квазимемлекеттік сектор субъектілері 50591,3 мың теңгеге сауда-саттықта сатылды. Өткізілген аукциондарда өтініш берушілердің болмауына байланысты 20 аукциондық сатылым өткізілмеген деп танылды. Олардың ішінде сауда-саттыққа облыс орталығындағы «Тараз тұрғын үй», «Жасыл ел-Тараз», Талас ауданының «Талас тынысы», Жуалы ауданының «Жаңа өмір-Новая жизнь» газеттері үш реттен, Мойынқұм ауданының «Мойынқұм таңы» газеті екі рет шығарылды. Сонымен қатар, «Шу аудандық баспасы», Т.Рысқұлов ауданының «Жасыл Құлан», Мойынқұм ауданының «Мойынқұм сәулет» ЖШС мен Тараз қаласы әкімдігінің «Болашақ» және «Рауан» КМҚК мен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының «Лашын» футбол клубы» КМҚК бір реттен шығарылды. Сатылмай қалған квазимемлекеттік сектор субъектілері бойынша жұмыс жалғасуда, бұқаралық ақпарат құралдарында аукциондар мен тендерлер өткізілетіндігі туралы хабарландырулар беріліп, мемлекеттік тізілімнің веб-порталында жариялануда. 2014 жылдың жекешелендіру кестесін «Шу Сервис» ЖШС сақтамады. Сол себепті осы серіктестікті сауда-саттыққа шығармағаны үшін директоры Ә. Өксікбаевқа Шу ауданы әкімінің өкімімен тәртіптік жаза-ескерту, ал, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының бұйрығымен осы басқарманың бас маманы С. Донбаевқа сөгіс берілді. Облыс әкімдігінің 2014 жылғы 9 маусымдағы коммуналдық меншіктегі жекешелендіруге жататын ұйымдарға жасалған кестеге сәйкес, биыл 6 ұйым жекешелендірілуі тиіс. Тараз қаласының «Тараз тұрғын үй» ЖШС-ның 10 пайыз қатысу үлесі былтыр сауда-саттыққа үш рет шығарылды. «Таразкоммунакөлік» ЖШС базасы негізінде муниципалдық автобаза құрылатындықтан жекешелендірілетін ұйымдар тізімінен алып тастауға ұсыныс жасалынды. 2014 жылғы 26 желтоқсандағы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымымен Меркі ауданы әкімдігінің «Таза су» МКК оңалту рәсімдерінің 2015-2016 жылдарға созылуына байланысты жекешелендірілетін ұйымдар тізімінен алып тастауға ұсыныс жасалынды. Биыл «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының Жамбыл облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелерінің орталығы» шаруашылық жүргізу құқындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны маусым айында, облыс әкімдігінің білім басқармасының «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығы» МКҚ кәсіпорны мен «Білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығы» МКҚ кәсіпорны қараша айында жекешелендіруге шығарылады. 2014 жылы «Тараз» ӘКҚ» ҰК» АҚ-ның екі еншілес ұйымы жекешелендірілуі тиіс болатын. «Асылдандыру-Тараз» ЖШС-ның 100 пайыз мемлекеттік қатысу үлесі 15632,0 мың теңгеге сатылса, «ТаразИнвестКонсалт» ЖШС-ның 100 пайыз мемлекеттік қатысу үлесін сату биылғы 6 қаңтарға белгіленген болатын, алайда өтініш берушілердің болмауынан сатылым өткізілмеді деп танылды. Жекешелендірудің екінші толқыны аясында бекітілген медиа-жоспарға сәйкес, республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында барлығы 14 мақала мен жекешелендірілетін ұйымдардың тізбесі мемлекеттік және ресми тілде жарияланды. Мемлекеттік маңызы бар мәселе жариялылық түрде өткізілуде. Аудан және Тараз қаласының әкімдіктері, жекешелендіруге жататын құрылымдары бар басқарма басшылары жауапкершіліктің жоғары екенін сезінуі тиіс.