Қожалығы шағын болса да ісі үлкен
Қожалығы шағын болса да ісі үлкен
Ауыл адамдары кісі келсе барын жайып салатын қонақжайлылығынан ажыраған жоқ. Сондай отбасының бірі – Жұмаділовтер әулеті. Көшер қарияның кенжесі Болат пен келіншегі Зәуреш жүзінен нұры төгілген иманды ерлі-зайыптылар. Осы ауылға қонақ келсе «би болмаса да, би түсетін үй болған» отбасы.
Болат сөздің жігіті емес. Суыртпақтап отырып оның ауылдағы орта мектепті бітірген соң 1986 жылы Алматыдағы политехникалық институтқа сырттай түсіп, қаладағы педагогикалық училищеге лаборант болып жұмысқа орналасқанын, сөйтіп жүргенде желтоқсанның 17-18-і күндері Желтоқсан оқиғасына қатысқанын білдім. – Не көріп, не білдің? – деп жатырмыз. – Алаңға шығып, пәлендей ерлік жасаған ештеңем жоқ, – деді ол ыңғайсызданып, – егемендігімізді тілеп, өз халқымызды өзіміз билейік деп ұрандатқан біздер қатар-құрбыларымның арасында жүрдік қой. Он сегізге енді аяқ басқан бозбаламын. Қандай күштің алаңға «жетелеп» барғанын да, осы күнге дейін түсінбеймін. Бәлкім, ауылда өскен соң, қазақылығым намыс отын қайраған болар. Аяғы жақсы болмады. Күшпен, зорлықпен басты. Ақиқаты сол, көп қыз-жігіттер жапа шекті. Бірге оқитын, бірге жұмыс істеп жүргендерді Ұлттық қауіпсіздік комитеттегілер шетінен ұстап, сұрақтың астына алды. Біреулері сотталды, қайбіреулері оралмады. Содан әпкем «мыналардың сұрқы жаман, есеніңде еліңе қайт» деді де билет әперіп, мені түн ішінде автобусқа салып, елге қайтарды. Шынында да әке-шешем қан жұтып отыр екен. Мені көріп, жылап жіберді. Содан оқу да, басқа да жайына қалып, ауылға келген соң әуелгіде қара жұмысқа, сосын орман шаруашылығына қорықшылыққа кеттім. Сөйтіп жүргенде Байзақ ауданында қызмет істейтін ағам Ибраһым бізді қалаға көшіріп әкетті. Бұл жаққа келген соң әкем қаланы жерсінбеді. Ауылды ойлап, аңсары ауды да тұрды. Анам да «балам, қалаңда хал сұрар қатарымыз жоқ. Ауылға көш» деді. 1989 жылы Зәуреш екеуміз бас құрадық. Бастапқыда бір ауыз ана тілін білмейтін ол енесінің арқасында екі жылдың ішінде қазақшаны бізден артық біліп, сөйлейтін болды ғой» деп Болат күліп алды. «Жұмыссыздық жайлаған сол өліара кезде шаруа қожалығын ашуға бел будым. Сөйтіп, жер алдық. Оның басына жақсылап тұрып қора-жай соқтық. Мал жинай бастадық. Иә, тірліктің көзін тапқан, бақыттың өзін табады қашан да». Болаттың «Нұрлан» шаруа қожалығы Досбол ауылындағы іргелі қожалықтардың бірі. 700 бас қой, 15 қошқары бар. Мүйізді ірі қараның санын 128-ге жеткізді. Биыл «Сыбаға» бағдарламасынан «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» арқылы 10 миллион теңге несие алып, оған 57 бас сиыр, 6 бас «Ангус» бұқасын сатып әкелді. Бәрі ет бағытындағы мал. Біз барғанда 15 бас мүйізді ірі қарасын сатуға шығарыпты. Бір сөзбен айтқанда, кішігірім фермер.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Досбол ауылы, Сарысу ауданы.