Жаңалықтар

Өркен жайған Өрнек ауылы

Өркен жайған Өрнек ауылы

Табиғаты тұнық, құшағы кең, мейірім мен шуаққа толы әр ауыл – қазақтың берекесі. Халқымыздың қайталанбас болмыс, бояуын сақтап тұрған ауылдық округтің бірі – Өрнек. Жамбыл ауданына қарасты аталған округте жалпы 470 аула бар, 2785 адам тұрады.

Мұнда тек алға басқан тірлікті байқауға болады. Округте 240 орындық №17 Жамбыл колледжі, 620 оқушыға арналған орта мектеп, 40 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, 5 келушіні қамтитын медициналық пункт, «Гүлдер» бөбекжай бақшасы, «Мейірім» шағын орталығы, ауылдық кітапхана бар. Сондай-ақ, 3 үлкен, 2 шағын футбол алаңы, 2 балалар ойын алаңы көпшілікке қызмет етіп келеді. Округ әкімдігінің ұйымдастыруымен былтыр біраз жұмыс жүзеге асқан. Атап айтқанда, №17 Жамбыл колледжіне дейінгі 15 миллион 93 мың теңгеге жолды орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дәл осындай жөндеу жұмыстарымен тағы 4 көше қамтылып, зират пен саябаққа апаратын жолдардың да сапасы жақсарған. Ауылдық дәрігерлік амбулатория облыстық бюджеттің есебінен 100 миллион 431 мың теңгеге жөнделген. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы да көңілден шығады. Округ тұрғындары Нұрлыбек Бекпенбетов пен Гүлшат Әбдірахманова әрқайсысы 1 миллион 380 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, мал шаруашылығына негіздеп кәсіптерін ашты. Сонымен қатар, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы бойынша 89 отбасы 366 миллион 259 мың теңге көлемінде несие алған. Оның ішінде нақты іске кірісіп кеткендері де аз емес. Мысалы, жеке кәсіпкер Дидар Масатбаев 6,6 миллион теңге несие алып, құлпынай өсіріп отыр. Асылмұрат Әлішеров жылыжай құрылысын бастап кетті. Жалпы, бөлінген несиенің арқасында мұнан бөлек 67 отбасы ірі қара және ұсақ мал сатып алып, өз төлінен көбейтуді жоспарлап, іске кіріскен. Аталған жобаның үшінші бағыты бойынша «Өрнек Даму» ауыл шаруашылық кооперативі құрылып, жұмысын жолға қоюда. Аталған кооператив 14,8 миллион теңгеге жаңа «Беларусь» маркалы тракторын, 1 миллион 55 мың теңгеге «ПКН-4-35» соқасын сатып алып, егін жұмысына пайдаланып отыр. Аталған жоба аясында жеке кәсіпкер Гүлзира Орынбаева кондитерлік цех және наубайхана ашуға ниеттеніп, құжат өткізген. Кәсіпкердің бұл жұмысының жолға қойылуына 17 миллион теңге несие беріліпті. Осы ауылдан кірпіш өндіру цехын ашуға ниетті Бауыржан Бейсенбаевтың жобасы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік кооперпорациясы тарапынан қолдау тауып, кәсіпкер 4 миллион 900 мың теңге несиеге қол жеткізген. Ауылдың сыйлы ақсақалдары Лесбек Амалов, Қаржаубай Қосаров, Әбдіқадір Борашов, бұрынғы ауылдық кеңес төрайымы Фатима Алтынбекова жастар тәрбиесі мен қоғамдық істерге ерекше атсалысып келеді. – Қазір біздің ауылда төрт түлік малдың басы еселеніп өсіп келеді. Округ аумағында жалпы 24358,91 гектар жер болса, оның 4217 гектары егістік. Округте 16431 гектар жайылымдық жер бар. Енді жыл сайын мал басының өсуіне байланысты 2672 гектар жайылымның қажеттігі туындап отыр. Біздегі бір мәселе осы. Округте 140 шаруа қожалық тіркелген. Былтыр шаруа қожалықтар 850 гектарға арпа, 150 гектарға бидай, 85 гектарға дәнді жүгері егіп, мол өнім алды. Ауылдың тағы бір мәселесі – егістікке қажетті су. Бұл енді барлық ауылда өзекті. Ауылымызда ұзындығы 15 шақырымды құрайтын «Айтақ», 12 шақырымды құрайтын «Саза төменгі Айтақ», 4,5 шақырымды құрайтын «Көгай» каналдары бар. Ауылдың егістігі осы каналдар арқылы суарылады. Алдағы уақытта да ауылдың экономикасын дамыту жолында нақты жұмыстар жүргізіле береді, – дейді Өрнек ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қабылов.  

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы