Жаңалықтар

Табиғат түйткілі, экологиялық дағдарыс...

Табиғат түйткілі, экологиялық дағдарыс...

Экологиялық құлдырау салдарынан күрделі экологиялық дағдарыс пайда болып, одан табиғат зардап шегуде. Бүгінде табиғатты қорғау мәселесі адамзатты аман алып қалу мәселесіне айналып отыр. Табиғи апаттардың орын алу жиілігі соңғы жылдары күрт артты. Қоршаған ортаны аялау барша адамзаттың парызы десек, сол табиғат-ананың ертеңіне бүгіннен бастап алаңдаудың артықтығы жоқ. Қай нәрсенің де алдын алып, жүйелі жұмыстар атқарса, оның тиімділігі де мол болмақ.

Ауа, өзен-көлдер, теңіз-мұхиттар ластанып, топырақ құнарсыздануда. Соның салдарынан жануарлар мен өсімдік әлемінің бірнеше түрі жойылды. Мәселен, республика бойынша шөл даланың жалпы аумағы 27 миллион гектарға өсіп кеткен. Осының кесірінен табиғат жыл сайын 25 миллиард тоннаға жуық құнарлы топырағынан айырылып отыр. Әлем бойынша барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің 70 пайызға жуығы эрозияға ұшыраған. Жыл сайын жер бетінен 13 миллион гектар орман алқаптары жойылады. Әлем жедел даму үстінде. Өркендеу жолына түскен әлем елдері өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап-ақ түрлі өнеркәсіптік өндіріс орындарын көптеп сала бастаған еді. Өкінішке қарай, оның қоршаған ортаға тигізер антропогендік әсері де арта түскені белгілі. Өйткені, оларға қажетті құрылыс материалдарын өндіру мен шикізат көздерін игеру үдерісі тікелей табиғатқа орасан зор залал келтіре отырып, жүргізілді. Соның салдарынан ауаға, суға, топыраққа бөлінген зиянды қалдықтар қоршаған ортаны ластай бастады. Табиғат жанашырлары қазір де мұның ертеңгі зардабының ауыр болатынын айтып, дабыл қағумен келеді.

Жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға тыйым болмай тұр…

Бүгінде қоршаған ортаны қорғау саласында қордаланған мәселелер жеткілікті. Соның бірі – жер қойнауын заңсыз пайдалану. Облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Серік Нұрбаевтың айтуынша, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметімен жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың жолын кесу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде екен. Бір өкініштісі, қанша адамға айыппұл салынып, іс қозғалса да жерден шағал тас, құм қазу, қызыл тастар өндіруге тосқауыл қойылмай отыр. Бұдан бөлек, Мыңарал және Ақбақай ауылының маңында жер қойнауын (Горстовое, Көкпар кен орындары) заңсыз қазып жүрген 13 жеке тұлға, арнайы қондырғыларымен, 3 УАЗ автокөліктерімен ұсталса да өз істерін жалғастыруда. Қазіргі таңда облыстың Тараз қаласы мен барлық аудандарында, тіпті ауылдар қасынан заңсыз ашылған кен орындары көбейе түскен. Онда өндірілген кенді тұрғындар жеке жүк көліктерімен тасымалдап, автотұрақтарда немесе тапсырыс бойынша саудалауда. Бұдан бөлек, Шу ауданында мердігерлер жол құрылысына қажетті топырақ, құм, шағалды заңсыз ашып алған кен орындарынан қазып алуда. Бүгінде заңсыз қазған жеке және заңды тұлғалар облыстық мемлекеттік экологиялық бақылау департаментіне түрлі сылтаулармен келмейді. Оларды жергілікті полиция арқылы да шақыруға тырысқанымен, ол жұмыс та нәтижесін бермей, жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар оп-оңай із суытып кеткен. Өкініштісі, мұндай оқиғалар қазір үйреншікті жағдайға айналған. Соның салдарынан экологиялық айыппұлдарды және мемлекетке келтірілген залал шығындарын рәсімдеуге қазіргі таңда мүмкіндік болмай отыр екен. Заңсыз қазылатын орлардың ең көп тіркелген аумақтары қатарына Тараз қаласы, Жамбыл, Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм, Байзақ аудандары жатқызылып отыр. Талас, Аса, Меркі, Шу өзендері бойынан және Бурыл, Аққұм, басқа да тау қыраттарынан құм мен шағал, шақпақтас өндіру тыйылмай келеді.

Сортаң жерді кәдеге жаратудың жолы қандай?

Екінші бір алаңдатарлық мәселе – ауызсудың да, ағын судың да тапшылығы бар. Бүгінде ғалымдар жерасты су көздерінің ластануы мәселесі барын айтуда. Оның барлығы қоршаған ортаға тасталып жатқан күл-қоқыстар мен басқа да улы химиялық қалдықтардың салдарынан орын алып отырса керек. Климаттың жылынуы да адамзатқа қолайлы әсер етіп отырған жоқ. Арал теңізінің тартылуы, одан ұшқан тұздардың Солтүстік мұзды мұхитының тоңдарын ерітуі, жиілей түскен табиғи апаттардың бәрі климаттың өзгеруіне әкеліп соғуда. Қазіргі кезде адам басына шаққандағы су қорлары мөлшері жылдан жылға азайып келе жатқаны да ешкімге құпия емес. Әсіресе, Орталық Азия аумағында су қорларының тапшылығы қатты сезілуде. Орталық Азияда болжамдық мәліметтер бойынша су ресурстары осы жүз жылдықтың 20-жылдарының басында адам басына шаққанда қамтамасыз етуге жеткіліксіз болады (жылына 1-1,7 м3/адам), ал 40-жылға қарай олардың тапшылығы тіптен қатты сезілетін көрінеді. Ғалымдарды сонымен бірге суармалы жерлердің өнімділігі жыл санап төмендеп бара жатқандығы да алаңдатуда. Оған бірден-бір себеп – топырақтың сортаңдануы. Дейтұрғанмен, сортаңданған сілтілі топырақтарды химиялық мелиорациялау арқылы құрылымын жақсартып, құнарлылығын арттыруға да болады. Бұл тұрғыда жерлесіміз, қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Аграрлық білім берудің халықаралық академиясының академигі Нұрлан Балғабаевтың айтары бар екен. «Соңғы жылдары ғылым саласына тың идеялар мен жаңалықтар көптеп енгізілуде. Ғалымдарымыз да ізденістерін күшейткен. Облысымыздың жер көлемі үлкен болғанымен, оның көп бөлігі игерілмей жатқаны белгілі. Су тапшылығынан Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандарында бұрынғы суармалы егіс алқаптары сортаңданып кетті. Оның үстіне, сексеуілдер мен басқа да ағаштардың тұрғындар тарапынан аяусыз оталуы құм көшкінінің басталуына әкеліп отыр. Қазір аталған аудандардағы көптеген елді мекендердің айналасы қу тақырға айналып, құм ауыл ішіне дендеп еніп кеткені де жасырын емес. Осы мәселеге қарсы қолданылар шаралар Мойынқұм ауданында тиімді жүзеге асырылуда деп те айтуға болады. Бүгінде ондағы тоғандардың табаны тазаланып, бетон каналдардың жөнделуі егіс көлемін арттырып қана қоймай, жердің сортаңдануының алдын алып, тал-дарақтың, сексеуілдің тамыр жаюына да өз септігін тигізері анық. Мұндай үрдісті өзге аудандар да қолға алса жердің сортаңдануының ғана емес, жалпы экологиялық мәселенің де алдын алған болар едік», – дейді ол. Нұрлан Нұрмаханұлының айтуынша, сортаңданған жерді химиялық мелиорациялау барысында, мелиорант ретінде құрамында кальций катионы бар заттар қолдану арқылы да кәдеге асыруға болады. Мәселен, ондай мелиоранттарға гипс, кальцийлі хлор, дефекат (қант өндірісінің қалдықтары), фосфогипс (фосфор өндірісінің қалдықтары), күкірт қышқылы сынды заттарды қолдануға болады. Біздің өңіріміз жағдайында ең тиімді және арзан химиялық мелиорант фосфогипс секілді. Фосфогипстің құрамында кальций катионынан басқа, топырақ құнарлылығына тікелей әсер ететін, өсімдік пайдаланатын жылжымалы фосфор P2O5 бар. Мысалы, сортаңданған топыраққа тоннасына 5 гектар мөлшерде фосфогипс, сондай-ақ гектарына 120-150 кг мөлшерде фосфор тыңайтқышы қоса енгізіледі. Қазіргі кезде «Қазфосфат» ЖШС фосфор тыңайтқыштарын өндіретін зауыттарының маңында он миллион тоннадан астам фосфогипс жинаулы тұр. Міне, соны ел игілігі үшін пайдалануға мүмкіндік бар. Ол – әсіресе ауыл шаруашылығын өркендету үшін аса қажет. Мәселен, егістікке фосфор тыңайтқышын енгізу қызылша өнімділігін – 40, күздік бидайды – 11, жүгеріні – 20 және бақша дақылдарын 40 пайызға арттыруға болатынын ғалымдар дәлелдеп қойған. Ал, фосфогипсті сортаң жерге енгізу арқылы оның құнарлығын арттыруға да болады. Сол үшін де серіктестік қала сыртындағы фосфоргипс күлін құрылысқа және сортаң жерлерге енгізуге тегін беруге дайын. Зауыт тарапынан облыс әкімдігіне ұсыныс та жасалған. Бірақ жергілікті агроқұрылымдар асығатын емес.

Суармалы алқап көлемін арттыруға мүмкіндік бар

Бүгінгі күні Қазақстандағы суармалы жерлердің ауданы шамамен 1,4 миллион гектарды құрайды. Бұл ауыл шаруашылығын дамытуға және мақсаттарына сәйкес республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Суармалы жердің көлемі 1991 жылы 2,3 миллион гектарды құраған екен. Қазіргі таңда 1 миллион гектар суармалы жер пайдаланылмай жатыр. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Су ресурстары жөніндегі комитет Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының есептері мен зерттеулерінің негізінде 610 мың гектар аумаққа бұрын алынған суармалы жерлерді қалпына келтіруді және 1,5 миллион гектар аумақты жаңадан енгізуді жоспарлап отыр. Республиканың ирригациялық аумағын 3,5 миллион гектарға дейін ұлғайту көзделуде. Еліміз өңірлерінде су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылық-суландыру және дренаждық жүйелерді және басқа да қазіргі заманғы агроөнеркәсіптік кешенді қайта құруды жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің кірістілігін едәуір арттыруға мүмкіндік бар. Ол үшін тамшылатып, топырақ астымен және майда дисперсті және дискреттік суару телімдерін орналастыру ойластырылуда. Нұрлан Балғабаев ғылыми негізінде сортаң жерлерді азайтып, суармалы егіс көлемін арттыру өңір экологиясын жақсартудың бір жолы ретінде қарастырылуы тиістігін айтады. Оның ішінде желмен қала маңына бей-берекетсіз көтеріліп, сол маңайдағы аулаларды шаңға көміп отырған «Қазфосфат» ЖШС фосфор тыңайтқыштарын өндіретін зауыттарының маңында жинаулы тұрған фосфогипс күлін сортаңдануға қарсы пайдаланудың мезгілі пісіп-жетілді десе де болады. Бір жағы қала маңы артық күл-қоқыстан тазарса, екінші жағынан сортаңданған жердің құнарлылығы артылып, ол жерден алынар азық-түлік қорын молайтуға да жол ашылмақ. Бұл сауалмен «Қазфосфат» ЖШС бас экологі Арман Қарғалиевке қайырылған едік. – Бүгінде зауыт маңында жинаулы тұрған фосфогипс күлін біз өңірдің агроқұрылымдарына тегін таратуға дайынбыз. Облыс әкімдігіне осы зауыт айналасындағы күлді құрылыс материалы ретінде пайдалану туралы да хат жолдаған болатынбыз. Әкімдік тарапынан ол былтыр қолдау тапқан еді. Бүгінде бұл іс қайта тоқтап қалды. Ал, сортаң жерлерді тыңайтамын деген шаруа қожалықтарына біз былтырғыдай қайта босатуға дайынбыз. Егер олар жүк көлігімен келсе оны тегін артып береміз. Былайынша зауыт маңындағы күлді алуға елімізде қызығушылық танытып отырған өңірлер аз емес. Олардың барлығы тасымалға келгенде қиналады. Көлік жалдау құнының қымбаттығы шаруаларға қолбайлау болып тұр. Мүмкін болса ауыл шаруашылығы құрылымдарының фосфогипс тасымалына арнайы субсидия қаралса, шаруалар талап әкетер ме еді, – дейді ол. Бұл да шешілмеген мәселе күйінде қалып отыр. Зауыт өкілінің айтқанындай, фосфогипс тасымалына республика деңгейінде субсидия қаралса, біздің өңір ғана емес, оны Қызылорда, Түркістан мен басқа облыстың шаруалары тасып әкетіп, талай сортаң жерді құнарландырып, мол өнімге кенелер еді. Әрі десе зауыттың айналасында талай жылдан бері жиналған күл де тазаланып, қала маңының экологиялық ахуалы жақсара түсер еді деген ойдамыз. «Сондай-ақ, қала шетіндегі су көздеріне құйылып жатқан кәріз суларын да тыңайтқыш ретінде тиімді пайдалана алмай отырмыз», – дейді Нұрлан Нұрмаханұлы. Қытайлық инвесторлар дәл осы кәріз суын кәдеге асыратын зауыт салуға да ниетті көрінеді. Отандық ғалымдарымыз да кәріз суын тыңайтқыш ретінде пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдары өнімін молайтуға болатындығына сенімді. Олар бұл тұрғыда тиісті зерттеу жұмыстарын да жүргізуде екен.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ