Қайраткер кәсіпкер
Қайраткер кәсіпкер
– Бес жылдан астам уақыт бойы «Ажур» шығармашылық студиясының жетекшісімін. Біз сол уақыттан бері ересектер мен балаларға тоқу, сурет салу және қолөнер шеберлігін үйретіп келеміз. Жобамыздың арқасында 2018 жылы 60- тан астам әйел тегін тоқу шеберлігін үйреніп, қолдарынан шыққан барлық өнімді қайырымдылыққа балалар үйіне, облыстық перинаталдық орталығына жібердік. Әсіресе, шала туған балаларға арнайы 100 пайыз жүннен тоқылған кеудешелер, түрлі тоқылған ойыншықтар сыйладық. Сонымен қатар, арнайы мектептерге, балалар, аналар үйлеріне, басқа да ұйымдарға қарайласып, барынша қолдау көрсетіп келеміз. Бірақ, жоба аяқталып, мемлекет тарапынан бөлінген қаражат біткенде 2019 жылдың ақпан айынан бастап «Ажур» шеберханасы ақылы түрде жұмыс істей бастады. Сонда да біз бұрынғыдай жастарды еңбекке баулап, қайырымдылықпен айналысуды тоқтатқан жоқпыз. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға түрлі шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлікпен жәрдемдесіп тұрамыз. Қазіргі таңда студияда 5 адам еңбек етеді. Менімен қосқанда оның 4-еуі I және II топтағы мүгедектер. Осы орайда біз әлеуметтік салада көбірек жұмыс істейміз деп айта аламын. Біздің жұмысымыз – әлеуметтік кәсіпкерлік. Себебі, ерекше жанды адамдар студияда жұмыс істеп табыс табуға мүмкіндіктері бар. Студияны ашудағы басты мақсатым – әртүрлі адамдарды біріктіріп, ауызбіршілік орнату. Олардың бір-біріне деген мейірімін ояту. 2023 жылдың күзінде 1 миллион 380 мың теңге грантты ұтып алдым. Осы гранттың арқасында кеңейіп, қолөнер дүкенін ашуға мүмкіндік алдық. Енді мүмкіндікті пайдалана отырып, жасөспірімдер мен балаларға арналған тігін шеберханасын ашуды мақсат етіп отырмыз, – дейді Дилафруз Гүлмахмадқызы.
Әдемі ОРАЛБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.