Әлеуеті жоғары «Әулие-Ата»
Әлеуеті жоғары «Әулие-Ата»
Нұрдәулет Нәбиұлы айтып өткендей, «Әулие-Ата» кәсіпқой клубы 2004 жылы ұлттық спорт түрлерін өңірде дамыту мақсатында Жамбыл облысы әкімінің қаулысымен «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылған. Қазіргі таңда мекемеде ұлттық спорт түрлерінің 8 түрінен 304 спортшы жаттығады. Олармен 14 білікті жаттықтырушылар жұмыс істейді. Атап айтқанда, ұлттық ойынның көкпар, аударыспақ, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, асық ату, бес тас, құсбегілік, тоғызқұмалақ түрлері жақсы дамып келеді. Аталған спорт түрлерімен 280 спортшы шұғылданса, оларды 13 жаттықтырушы жаттықтыруда. Өткен жылы клубта жаттығатын спортшылар 27 медальға қол жеткізген. Ол медальдің 8-і алтын, 6-ауы күміс, 13-і қола. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасының Қазан қаласында өткен аударыспақтан Әлем чемпионатында Данияр Смаилов бірінші орынды жеңіп алса, Дәулет Ережепбаев қола жүлдегер атанған. Жамбы ату спорты бойынша да жамбылдық спортшылардың жетістігі көп. Атап айтсақ, Елдос Бадашев және Абзал Тулыбеков Корей елінде өткен Әлем чемпионаттарының екі дүркін жеңімпазы атанса, Бақдәулет Бабажан жамбы атудан жастар арасында Азия чемпионатының жеңімпазы атаныпты. Тоғызқұмалақтан 2021 жылы Ақтөбе қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында ұлдар арасында Сейтжапар Нұрдәулет және қыздар арасында Молдабек Айдана жүлделі екінші орынды иеленген. Биыл қыркүйек айында Астана қаласында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Аталған байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындық жұмыстары басталып кетіпті. Ұлттық құрама командаларды жасақтау жұмыстары жүргізіліп, облысымыздың спортшылары көкпар, жамбы ату, аударыспақ, бәйге, құсбегілік спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаға енген. Жиын соңында Нұрдәулет Момынов БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Есет ДОСАЛЫ