Екі нокдаун, екі техникалық нокаут
Екі нокдаун, екі техникалық нокаут
«Астана арландары» қарсыластарын айқын жеңді
Бүкіләлемдік бокс сериясының бесінші маусымының алғашқы кездесуін «Астана арландары» клубы сәтті бастады. «Caciques Venezuela» командасын қабылдаған қазақ боксшылары дебютанттарға еш мүмкіндік қалдырмай, айқын басымдылықпен жеңіске жетті.
Алғаш болып рингке көтерілген 49 келідегі Мардан Берікбаев Иоел Финолдан еш қиындықсыз айласын асырды. Бірінші раундта қарсыласының шама-шарқын байқап көрген Берікбаев екінші раундтан бастап іске кірісті. Бүкіләлемдік бокс сериясында әбден ысылған Мардан венесуэлалық боксшыға қажет кезінде соққыларын дөп тигізе алды. Ал төртінші кезеңде қазақ боксшысы қарсыласты бұрышқа тықсырып соққыны жаудырды. Соңғы үш минутта да өзінің мықты екеніне шүбә келтірген жоқ. Бес раундтың нәтижесі бойынша қапталдағы төрешілер Берікбаевтың басымдығын бірауыздан айқындады.
Бұдан кейін шаршы рингке 56 келі салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шеберлері беттеді. «Арландар» намысын тәжірибелі Мейірболат Тойытов қорғаса, венесуэлалықтар оған қарсы Хосе Диасты шығарды. Қарсыласынан бір бас жоғары тұрған Мейірболат өзінің мықтылығын алғашқы раундта-ақ дәлелдеп тастады. Хосе Диас бірінші кезеңде бауыр тұсынан ауыр соққы алып, нокдаунға түсті. Абырой болғанда орнынан көтеріліп, кездесуді соңына дейін жалғастырды. Мейірболат болса әр раундта әртүрлі комбинациялар жасап, көздеген жеріне соққыларын дарыта берді. Қорытындысында үш төреші де қазақстандық боксшының мықтылығына шүбә келтірген жоқ. Мұнан соң 64 келідегі «Арландардың» капитаны Самат Бәшенов те жеңісті жорықты жалғастырды. Ол Луис Арсонға еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Дегенмен, алдыңғы екі боксшымызға қарағанда Самат сылбыр жұдырықтасқанын да айта кету керек. Бәлкім, соққыны қажетінше жұмсаған да шығар. Осы кездесуден кейін жерлестеріміз матчта жеңіске жетіп те қойды. Төртінші болып рингке беттеген 75 келідегі Мейірім Нұрсұлтанов жанкүйерлерге үлкен қуаныш сыйлады. Тапал бойлы Хуан Родригес біздің боксшыға қарсы еш қайран қыла алған жоқ. Тіпті, екінші раундта қонақтардың былғары қолғап шебері нокдаун алып қалды. Кездесу төртінші раундта тоқтатылды. Мейірім қарсыласына мейіріммен қарамай, толассыз шабуылын жалғастырғанын байқаған венесуэлалық бапкер жекпе-жекті тоқтату туралы шешім қабылдады. Бірінші техникалық нокаут. Жанкүйерлер шат-шадыман. Соңғы нүктені 91 келідегі Василий Левит қойды. Бүкіләлемдік бокс сериясындағы барлық кездесуінде жеңіске жетіп жүрген Вася бұл жолы да өзінің мықтылығын дәлелдеп берді. Бірінші раундтан бастап қапталдай, тікелей соққыларын толассыз бағыттады. Қарсыласы Альфонсо Флорес қазақстандық боксшыдан қалай қорғанарын білмей, кей кездері тіпті Левиттің аяғын құшақтап алды. Үш раундтан кейін венесуэлалық бапкер шәкіртінің шамасы келмейтінін түсініп, кездесуден бас тартты. Екінші техникалық жеңіс. Есеп 5:0. Иә, біздің команда қарсыластарын оңай еңсере алды. Топтағы басты қарсыластарымыздың бірі «Баку файрс» командасы өз кезектерінде Италия боксшыларынан 4:1 есебімен айласын асырды. Бірінші кездесулерден кейін «Астана арландары» өз тобының көшін бастады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».