Жас ұрпақ рухани бай болуы тиіс
Жас ұрпақ рухани бай болуы тиіс
Біз де болашаққа нық сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін сезініп, мәдени мұрамызды дәріптеп, сақтауымыз қажет деп санайтын Мемлекет басшысының талабын орынды деп білеміз. Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері Қазақстанымызға Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалып, жер жүзіне Алтын Орда деген асқақ атпен танылған әйгілі Жошы ұлысынан тамыр тартқаны зор мақтаныш. Құрылтайдың осы жолы өткізілген жерінің өзінде үлкен мән бар екенін Қасым-Жомарт Кемелұлы бекер сөз еткен жоқ. Атырау өңірі Ұлық ұлыстың, сосын Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болған шаһардың байырғы орны Сарайшық қаласымен ұштасады. Ұлы Жібек жолының бойында тұрып, бір кездері геостратегиялық рөл атқарған Сарайшық қаласы Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына көп ықпал еткен екен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатарының денесі де осы мекенде мәңгілік тыныс тапқан. Биылғы Ұлттық Құрылтайдың осы аймақта өткізілуі арқылы да біздің халық осылай өз еліміздің терең тарихына тағы да бір көз жүгіртіп, тағылымды беттерін парақтауға мүмкіндік алды деп ойлаймын. Президент ана тіліміздің дамуы туралы да жақсы айтты. Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Бұл үрдісті ең тиімді әрі төте жол ағартушылық ісі арқылы одан әрі дамытудың қажеттігін атап көрсетті. Тілдің қадірін арттырып, аталы сөздің салмағын байытатын бұл ағартушылық ісіне кітапханалар мен орта және арнаулы орта, жоғары білім беретін мекемелер ғана емес, бүгінгі аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдері де өз хал-қадарынша атсалысуы тиіс. Жастар мен жасөспірімдер және балаларымыз неғұрлым тәлімді-тәрбиелі болсын десек, отбасы, ата-анасы мен ұстаздары, қоршаған ортасынан, заманауи қоғамнан ылғи рухани байлықты, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп өскені абзал.
Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.