Кітапты кімдер оқып жүр?
Кітапты кімдер оқып жүр?
Кітапханашы құжаттарды толтырып жатқанда: «Қазір жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы қандай?» деп сұрадым. Кітапханашы апайдың айтуынша, жастар кітапты қағаз түрінде де, электронды нұсқада да белсенді оқи бастаған. «Көбіне жастар мен балалар бізге ересектердің ертуімен келеді. Олар әсіресе фантазия және детективтік бағыттағы кітаптарды таңдайды. Ал, соңғы уақытта біздің оқырмандарымыз қазақ әдебиетіне біршама жақындап, қоғам қайраткерлерінің де кітаптарын жиілеп ала бастады», – деді ол. Менің әлгінде жастар арасында кітап оқушылар аз шығар деген ойым бір сәтте-ақ өзгеріп шыға келді. Кітапханадан шығып келе жатып, сол маңайда жүрген жастарға көзім түсті. Кітап іздеп жүрген бірнеше студенттен «Қандай кітаптар оқуды жөн көресіз» деп сұрадым. Кейбірі берілген тапсырма бойынша кітап алуға келгенін айтса, енді бірі өзінің қалауымен апта сайын екі кітап оқып жүргенін жеткізді. Кітапты тек бір бағытта таңдамай, түрлі жанрдан оқитын оқырмандар да кездесті. Өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығының артқанына разы болдым. Себебі, кітап оқу адамның жан дүниесін толықтай өзгертіп жібере алады. Кейбір оқылған әңгімелер өмір бойы есте сақталып, тіпті тағдырға әсер ететін кездері бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан, кітап оқу мәдениетін қоғамда орнықтыруымыз керек», деп атап өтуі де бекер емес.
Сұлтан НҰРТАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.