Әлеумет

Береке бастауы – бірлікте

Береке бастауы – бірлікте

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында алда тұрған сын-қатерлер мен еліміздің болашағына байланысты өз ойын ортаға салды. Төле би бабамыздың «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген даналық сөзі бар. Осы қағиданы берік ұстанған Президент ең әуелі халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екеніне тоқталды.

Береке, бірлік пен келісімнің ел үшін ең басты байлық екені шындық. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түсері анық. Ұлттық Құрылтай ел бірлігінің асыл діңгегі болуы керектігін көрсетіп бергені мені қатты қуантты. Тағы бір айтылған мәселе – тіл мәселесі. Тіл – бізге ата-бабамыздың қалдырған аманаты, ұлттық құндылығымыз. Құрылтайда тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың айқын бағыты болатынын тағы да назарға салып, қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын жеткізді. Тілімізді тұғырлы ету – өз қолымызда. Мемлекеттік тіл саясаты пәрменді жұмыс істеуі үшін азаматтық белсенділігімізді арттырып, отбасынан бастап тәрбиелік жұмысты күшейтуіміз қажет. Халқымызда: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар емес пе? Сондықтан мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін, мемлекеттің әнұраны – қазақ тілінде шырқалатынын балабақшадан бастап баланың санасына сіңіре беру керек. Жаңадан айналымға шыққан төл теңгеміздегі жазулардың тек мемлекеттік тілде жазылғаны, тіл мәртебесін көтеруге жасалған тағы бір жақсы қадам болды деп санаймын. Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Адам бір істегенін екі істейді. Ол әдетіне айналады. Ал, әдет мінезіне айналады, мінез тағдырын шешеді», деген керемет өсиет қылар сөзі бар. Осы орайда Президентіміз де: «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек» деп, бүгінгі күні қоғамды алаңдатып отырған бес кеселден арылуды ұсынды. Соның бірі – вандализм жайлы айтылды. Вандализм – бұл барып тұрған жабайылықтың көрінісі. Жылда қазынадан қыруар қаржы бөлініп, саябақтар, скверлер салынып, безендірулер жүргізіледі. Мақсат – халықтың демалуына жағдай жасап, мәдени демалысын ұйымдастыру. Алайда, саябақтардағы орындықтар талқандалып, фонарлар сынады, қоршауы қиратылады. Мұны жасап жатқан жабайы жануарлар емес, кәдімгі ортамызда жүрген азаматтардың отбасындағы балалары, жастар. Вандализмге бару азғындықтың бір түрі ретінде қабылданып, қоғам болып онымен күресу қажет. Әр отбасында, мектептерде вандализмнің қаншалықты ауыр кесел екенін ұқтыратын тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сонда ғана бұл кеселге тосқауыл болады. Менің ойымнан шыққан және бір мәселе, ол – ысырапшылдықпен күрес. Шын мәнінде, байлықтың бастауы – үнемшілдік. Халқымызда «Судың да сұрауы бар» деген мақал бар. Бардың қадірін білмесең, жоқтықтың азабын тартасың. Суды, жарықты үнемдеп пайдалану дамыған елдерде қоғамдық мәдениетке айналған. Бізде бұл жағы кемшін екені шындық. Үнемшілдік – уақыт талабы, тек су мен жарықты ғана емес, барлық жағынан үнемшілдік қажет. Үнемшілдікті қалыптастыру отбасынан басталады. Сондықтан арнайы телебағдарламалар мен мектептерде осы тақырыпта тәрбие сағаттарын енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді деп санаймын. Мемлекет басшысы мықты мемлекет, мықты ұлт, озық ел болу үшін нені басшылыққа алып, қандай ұстанымда болу керектігін жақсы жеткізді. Ендігі міндет – ұлт болып ұйысып, осы керектердің іске асуына жұмыла кірісейік демекпін.  

Манарбек КӨШКІМБАЕВ,

Amanat партиясы Мойынқұм аудандық филиалының төрағасы.