Тарих толқынында талай тағдыр бар
Тарих толқынында талай тағдыр бар
Әрине, бодандық қамытын киген қазақ жұрты Ресей билігі тұсында мұндай ізгі үрдістен жаңылды. Ал, кеңестер билігі тек маркстік-лениндік идеологияны мойындағандарды ғана қатарға қосты. Осылай, басым көпшілігінде «көштен қалмауға» тырысқан момын халық атеистік-социалистік бағыттың соқыр қолдаушылары болып шыға келді. Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендігіміздің едәуір жылдарын артқа тастасақ та, белгілі себептерге байланысты әлі де тұралаудамыз. Не істемек керек? Осы орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстанды құру жолындағы қарқынды қадамдары көңілімізге қуаныш ұялатқандығы баршамызға аян. Құрылтайдың сондай игі істердің бірі екендігі де даусыз. 15 наурыз күні Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», – деген болатын. Осы орайда, Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайтындығын білдірді. Президенттің пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы осы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалғаны да белгілі. Енді, Алтын Орданың құрылу тарихына көз жүгіртер болсақ, онда 1227 жылы Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін, 1235 жылы Қарақорымда өткен монғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдағандығын, монғол әскерлерін Шыңғыс ханның мұрагер немересі, Жошының екінші ұлы Бату басқарғандығын еске түсіруге болады. Бату әскері 1236 жылы Камадағы бұлғарларды, мордваларды талқандап, 1237 жылы орыс мекендері Рязань, Мәскеу, Владимирді ойрандаса, 1239 жылдың басында Перяславль, онан кейін Чернигов қаласын алып, оларды өртеп күлге айналдырды. 1240 жылдың күзінде Бату Киевті талқандады, кейіннен Польшаны, Венгрияны, Чехияны және басқа да елдерді басып алды. Ағылшын тарихшысы Е.Д.Филлипс қыпшақтардың ханы ретінде атаған Батудың екпінді жорығы барысында монғолдар кеңбайтақ жерге ие болады. Бұл жерде Филлипстің сөзіне түсіністікпен қарауға әбден болады. Себебі, бағамдап қарасақ, Шыңғыс хан 1219 жылы Қазақстан территориясына өзінің әскери жорығын бастағанда, өз вассалдарының жасақтарымен қоса есептегенде әскерінің жалпы саны 150 мың адам болатын. Ал, Русь жеріне шапқыншылықпен қадам басқан Бату әскерлерінің саны, орыстың әйгілі тарихшысы Н.М.Карамзиннің жазуы бойынша, 500 мың адамды құраған. Ортадағы 350 мың әскердің басым бөлігі қыпшақтардан, яғни түркілерден құралғаны туралы деректерді қазіргі заманғы ресейлік тарихшы В.В.Трепавлов береді. Оның зерделеуінше, Бату әскерлерінің орталық бөлігін Шыңғыс хан тұқымы басқарса, оң және сол қанаттарын түркі тайпаларының көсем-батырлары басқарған. Жақында ғана өмірден озған В.В.Трепавлов туралы Қасым-Жомарт Кемелұлының берген оң пікірінен көпшілігіміз хабардармыз деген ойдамын. Алтын Орданың астанасы алғашында Еділ бойындағы Сарай-Батуда болса, кейін Сарай-Беркеге көшірілді. Осы оқиғаларға байланысты Мемлекет басшысы биылғы Құрылтайдың үшінші отырысының Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін атап өтті. «Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен», – деді Президент. Енді, тарихи деректердегі қаланың келбетіне мән берсек, онда: Сарай-Берке қорғаныс дуалдарымен қоршалмады, қаланы сумен қамтамасыз ету үшін Жайықтың суы енгізіліп, Қарақорымдағыдай қолдан кішігірім көл жасалды. Хан сарайы өзінің кереметтілігімен көз тартып, оның қиян ұшында исламның жарты айы алтынмен көмкеріліп, жарқырап тұрды. Мемлекеттің Алтын Орда аталуының бір парасы осында болуы да мүмкін. Сарай-Беркенің негізгі тұрғындары мұсылмандар болды деуге толық негіз бар. Оған қалада үлкен 13 және кішірек басқа да көптеген мешіттердің болуы куә бола алады. Қаланың шамамен 100 мыңдай халқын 5 ірі базар қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп отырды. Саудагерлер мен басқа да шетелдіктер қоршалған, қауіпсіз кварталдарға орналастырылды. Далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, дулат, қаңлы, найман, қоңырат, керей және тағы басқа тайпалар мекендеді. Дешті Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойына қоныс аударған монғолдар көп болған жоқ. Олар кейін жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кетті. «Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек», – деді Президент. Шындығында да, Алтын Ордалық Хан кеңесінің тұрақты мүшесі болып табылатын 4 уәзір (қарашалар) мен жергілікті көсемдер және рубасылары монғол хандарының шапқыншылық жорықтағы әлеуетін көтере отырып, өз қандастарын тонау әрекеттерінен қорғап қалуға шамалары келгендігі белгілі. Тіпті, көп жағдайда монғолдарға келіссөз арқылы қосылған қазақ рулары орыс жерлері мен Кавказды, Еуропаның біраз бөлігін жаулап алушылар ретінде, трофейлер иеленгендері де анық. Мәселен, Сталиннің Тұрар Рысқұловты «Түркістанның Шыңғыс ханы» деуі де осы оқиғаларға байланысты туындаған іш қыжылынан деп ұқсақ та әбден қисынға келеді. Әрине, оқыған-тоқығаны көп кеңес басшысы Алтын Орданың негізгі орналасқан жері Тұран елі екендігін, ал мемлекеттің негізгі халқы түркілер болғандығын білмеді емес, білді. Ал, Тұрардың оны өзінен жақсы білетінін және түсінді. Себебі, бұл тұрғысындағы түсініктер орта ғасырлардағы мысыр ғалымы, мамлюк дәуірінің соңғы үлкен энциклопедиясының авторы Шихаб ад-Дин Абу-л-Аббас Ахмад ибн Али ал-Калкашандидің (1355-1418 жж.) еңбегінде нақты берілген болатын. Ол Ресейде 1884 жылы алғашында араб тілінде және шығыстанушы В.Г.Тизенгаузеннің тәржімасында орыс тілінде жарық көрген еді. Сонымен қатар, Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге, бұл әділетті Қазақстан идеясымен де үндесіп жатыр. Осындайда, ізгі тірліктің тиянағы болса дейсің. Айтар болсақ, Құрылтайға республикамыздың 20 өңірінен келген делегаттар қатысты, шамамен әр өңірден 5-6 адамнан. Енді, осы делегаттардың әрқайсысы өз аймақтарына қатысты экономикалық, әлеуметтік-идеологиялық, жемқорлық және мезобилік пен халық арасындағы қарым-қатынас тұрғысында нақты ұсыныстар дайындап, оған тиісті құрылымдар ресми жауап беруге міндеттелетін болса, мұның өзі Құрылтайға қатысушыларға деген халықтың қызығушылығын арттыра түсер еді. Сонда ғана, делегаттардың өз өңірлеріндегі түйткіл тірліктерді шешуге қатысты іс-қимылдарының берекелі болатыны анық.
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.