Таразда ұшқышсыз ұшақ шығарылады
Таразда ұшқышсыз ұшақ шығарылады
Көрмеге қойылған дрондар келген меймандарға таныстырылғаннан соң облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек жаңа іске сәттілік тіледі. – Бүгінгі таңда ұшқышсыз ұшақтар түрлі салада, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенінде кеңінен қолданылып келеді. Сонымен қатар, авиатүсірілімдер мен авиациялық, химиялық жұмыстарды бақылау және әуе тасымалын іске асыруға оң септігін тигізуде. Пилотсыз аппаратты өндіру өңірімізде қолға алынып, оларды дайындау және қолдану орталығы құрылды. Нәтижесінде пилотсыз аппаратты азаматтық салада қолдану арқылы логистика, ІТ салаларында жетілдіруге мүмкіндік бар. Бүгінгі көрме облыста цифрлық технологиялардың қарқын алуына зор үлес қосып, осы саладағы мамандардың тәжірибе алаңына айналатынына сеніміміз мол, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы. Жаңа жобаның бірінші этабында қытайдан келген құрама бөлшектерді жинап, құрастыру жүргізіледі. Кейін сол бөлшектерді өз елімізде өндіру жоспарланған. Осы жұмыстарды атқару, басқару үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті маман дайындайды. Университетте жүзеге асырылатын жұмыстарды және оқу орнының жетістіктері туралы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев мәлімдеді. – Келесі оқу жылынан, яғни қыркүйектен бастап осы жоба бойынша мамандарды оқытуды бастаймыз. Қазір білім беру бағдарламасын дайындап жатырмыз. Бұл бірлескен білім беру бағдарламасы болғандықтан, қытайлық компанияның енгізген пәндерін де қосамыз. Әрине, бұл бағыт бойынша біздің мамандар қытайға барады, олардың мамандары осында келіп, тәжірибе алмасып, тығыз байланыста дәрістер жүргізіледі. Бұл дрондар кәдімгі ұшақ, тікұшақты қолдануға кететін шығындарды азайтады, – деді Сейтжан Әуезжанұлы. ZHEJIANG STARMACH TECHNOLOGY CO., LTD компаниясының бас директоры Лю Шидун Қытайдың үздік технологияларын таныстырды. – Біздің компаниямыз 20 жылдан бері көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, нарықтағы ең озық компанияға айналды. Бүгінгі келісіммен басталған ісіміз Тараз өңірлік университетінде үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деген сенімдемін. Бізде бұл технология мектеп қабырғасында балаларға біртіндеп оқытылып, солардың ізденісімен көптеген істерге тиімді техникалар шығарылып жатыр. Компаниямыздың өнімдерінің қатарында өте жылдам ұшатын дрондар да бар, – деген Лю Шидун өз өнімдерін қолданған ауыл шаруашылығы, алқаптарды суғару, полиция, карта жасау жұмыстарында қолданған сәттерін бейнероликтер арқылы көрсетті. Жиын соңында «Tree Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жанболат Мұзбаев, университеттің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Шолпан Есімова, ZHEJIANG STARMACH TECHNOLOGY CO., LTD компаниясының бас директоры Лю Шидун үшжақты мемерондумға қол қойды.
Қамар ҚАРАСАЕВА