Әлеумет

Бөлім басшысының тәртіптік ісі қаралды

Бөлім басшысының тәртіптік ісі қаралды

Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Руслан Шариповтың төрағалығымен өткен әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Исабековке қатысты тәртіптік іс қаралды.

Әуелі кеңес хатшылығы қалалық прокуратураның ұсынысы негізінде, Н.Исабековке қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде 2023 жылы 27 сәуірде құрылыс бөлімі мен «Синдикат Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында мемлекеттік сатып алу туралы жалпы көлемі 17 560 284 теңгеге келісімшарт жасалған. Шартқа тіркелген қосымшаға сәйкес, мердігер иесіз жануарларды уақытша ұстау пунктін салу жұмыстарын жүргізуге міндеттелген. Жұмыс мерзімі актіге қол қойылғаннан кейін 1,5 ай болып белгіленген. Сәйкесінше, аталған жұмыс былтыр 20 маусымда басталып, 4 тамызда аяқталуы қажет болған. Алайда, құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталмай, 28 желтоқсанда бөлім тарапынан мердігермен қосымша келісімшарт жасалып, оның сомасы 39 088 675 теңгеге ұлғайған. Сол күні Н.Исабеков шартта көзделген жұмыстарды қабылдау актісіне қол қойып, қаражат мердігердің есепшотына толығымен аударылған. Биыл 26 қаңтарда қалалық прокуратура мен облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілдері шартта көзделген атқарылған жұмыстарға визуалды қарау жүргізу барысында, иесіз жануарларды уақытша ұстау пунктін салу жұмыстары аяқталмағандығын анықтап, тиісті акт жасаған. Бұл ретте орындалмаған жұмыстардың құны 19 949 159 теңгені құрады. Бүгінде аталған нысанның құрылысы аяқталған. Алайда, атқарылмаған жұмысқа қаражатты алдын ала аударып жіберген бөлім басшысының ісін қараған әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Исабековке қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Сонымен қатар, кеңесте облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және Жамбыл ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілдері Мұрат Мұхаметрахимов пен Тимур Тұрсынбековтың 2023 жылы және биылғы жылдың өткен кезеңінде атқарған жұмыстарының қорытындылары қаралды. Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі деңгейін көтеру, мемлекеттік органдардағы тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының профилактикасы бағыттары бойынша бірқатар жұмыстар атқарған. Одан бөлек, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының бірыңғай тәртіптік комиссиясының атқарған жұмысы туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Самат Селеубаевтың есебі тыңдалып, былтыр ауданның жергілікті атқарушы органдарының қызметшілеріне 58 тәртіптік жаза қолданылып, көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 44,8 пайызға өскендігі айтылды. Кеңесте жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға тағайындаулардың біліктілік талаптарына сәйкестігіне, мемлекеттік қызметшілерді негізсіз үстеме жұмыстарға тарту мәселесіне жүргізілген талдаулардың нәтижелері қаралды. Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қуат Мәдиевтің хабарлауынша, талдау жасалған 2023 жыл мен биылғы өткен кезеңде 891 қызметшінің мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға, оның 679-ы жергілікті атқарушы органдарда, 197-сі орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде және 15-і жергілікті өкілді органдарда тағайындалғаны анықталды. Конкурстық рәсімдерді өткізу шеңберінде 521 қызметші тағайындалған болса, 125-і ауыстыру тәртібімен, 201-і басқару құрылымының өзгеруі, 10-ы уәкілетті органмен келісім беру бойынша, 21-і сайлау нәтижесінде тағайындалған. Сондай-ақ, 10 қызметші лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалған, 2-еуі атқаратын қызметінен төмендету бойынша және 1-еуі сот арқылы лауазымына қайта орналасқан. Кеңес мүшелерін мемлекеттік қызметшілерді негізсіз үстеме жұмыстарға тарту мәселесіне жүргізілген талдау нәтижелерімен басқарманың бас маманы Жарқын Тамаев таныстырды. Жиында әдеп жөніндегі кеңестің жұмыс жоспарына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, соңында профилактиқалық мәселелерді қарау нәтижесінде тиісті ұсынымдар қабылданды.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП