Еңбек еткеннің еңсесі биік
Еңбек еткеннің еңсесі биік
Негізінде қаржылық дағдарыстан қорғанудың ең тиімді тәсілі – еңбек. Өйткені, бойында еңбекқорлық пен қарапайымдылық қасиеті бар адам кез келген тығырықтан өз қарым-қабілеті мен күш-қуаты арқылы шыға алады. «Еңбек – бәрін де жеңбек» демекші, адамды есейтетін де, бақытқа жеткізетін де еңбек. Тек, адамның ынтасы мен талабы болса жеткілікті. Өмір тәжірибесі көрсеткендей, нағыз еңбекқор адамдар ізденімпаз келеді. Тіпті, олар қиын-қыстау сәтті де еңбекпен жеңіп, кездескен кедергіні ұтымды пайдаланады. Өңірімізде кең тараған тамақ өнеркәсібі саласында қолға алған ісі жүріп, кәсіпте бағы жанған жандардың бірі – Әсем Даулетбаева пандемия кезіндегі карантинде үйде отырып, өз кәсібін бастаған. Ол – көпбалалы ана. Бүгінде түрлі тәттілер және нан пісірумен айналысатын жеке кәсіпкердің де еңбек, табыс жайлы айтар ойы бар. – Бұрыннан өз отбасыма дәмді тағамдарды дайындағанды ұнататынмын. Балаларым мен жұбайымның ризашылығына себепкер болып, түрлі тәттілер мен тамақтарды пісіріп жүрдім. 2020 жылы әлемдік пандемия кезінде барлығымыз карантинге байланысты үйде отырдық. Сол кезде аталған тағамдарды, тәттілерді пісіруді барынша дамыта бастадым. 2021 жылы мемлекеттен 583 400 теңге қайтарымсыз қаржы алдым. Өз кәсібім жайлы тиісті орынға есеп беріп отырдым. Мемлекет берген қаржыға наубайханаға қажетті түрлі құрал-жабдық сатып алдым. Соның бірі – нан пісіретін үлкен пеш. Мемлекеттің қолдауымен әрекет етіп, кәсібімді жүргіздім. Кәсіппен айналысқаныма бүгінде төрт жылдай уақыт болды. Елге сыйлы ететін де еңбек екенін өз басымнан өткеріп жүрмін. Адам маңдайының терін төкпей, адал еңбек етпейінше бейнеті ақталмайды. Әрине, көпшіліктің ойынша, түрлі тағам пісіріп, сатылымға шығару оңай көрінетін шығар. Алайда, кез келген істің өз қиындығы бар. Бастапқыда тапсырыс аз болғандықтан жұмыс ауқымы жеңілдеу болып жүрді. Кәсіби маман болмағандықтан бойымда қобалжу, қорқыныш болды. Алайда, жан дүниеммен, таза ниетіммен, айрықша талпыныспен осы күнге жеттім. Қазіргі таңда, шүкір, тапсырыстар күннен-күнге көбейіп келеді. Сондықтан қазір осы кәсіпке бүкіл отбасым атсалысып, барлығын бірге дайындап жүрміз. Осы күні бұл біздің отбасылық бизнесімізге айналды. Тіпті, ұйықтамайтын кездеріміз де болады. Бұл кез келген істің оңай еместігін, табыстың жеңіл жолмен келмейтінін көрсетеді. Тапсырыс берген адамның көңілінен шығу – біз үшін басты міндет, – дейді «Әсем нан» жеке кәсіпкерлігінің иесі Әсем Шәріпқызы. Ол мына заманда «жұмыс жоқ» деп қол қусырып қарап отырғанды жөн санамайды. Еңбек етемін деген адамға қазір барлық мүмкіндіктерге жол ашық екенін айтады. – Жұмыс жоқ емес, бар. Адамда тек, ізденіс пен талпыныс болу керек. Әрі қарай ниет болса, әрекет етіп, жетістіктерге жетуге болады. Қазір мемлекет тарапынан «еңбек етемін, кәсіп ашамын» деген адамға барлық жағдай жасалған. Тіпті, қайтарымсыз гранттың жастарға және халықтың басқа да тиісті санаттарына неше түрлі бағыт берілген. Адам тек ізденсе, жеткілікті. Ең бастысы – жалқаулықты жеңіп, еш нәрседен қорықпай еңбек етіп, өз ісінің маманы болу адамды көздеген мақсатына жеткізеді. Адал еңбектеніп, ешкімнің ала жібін аттамау керек. Сонда ғана нәтиже болады, – дейді ол.
Әдемі ОРАЛБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.