Спорт саласында күрделі мәселе көп
Спорт саласында күрделі мәселе көп
Сессияда күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жолдасбеков әуелі өңірде бұқаралық спортты дамыту, жоғары спорт жетістігіне жету және спорт резервін дайындау мақсатында биыл облыстың спорт саласының ағымдағы шығындарына 14, 9 миллиард теңге, саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 120,3 миллион теңге бөлінгенін айтып өтті. – Бүгінде бұқаралық спортты дамыту және балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыруға тарту мақсатында 4-17 жас аралығындағы 8100 бала мен жасөспірім тегін секцияларда 19 спорттың түрімен айналысуда. Былтыр облыста спорттың олимпиадалық және олимпиадалық емес түрлерін дамыту дирекциялары ашылды. Қазіргі кезде облыстағы 53 спорт мекеме сінде 29862 спортшыны 1122 жаттықтырушы жаттықтыруда. Бүгінде облыста спорттың 83 түрі қамтылып, 805 спортшымыз түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командаларына мүше болып отыр. Облыс спортшылары өткен жылы түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 1655 медальға ие болды. Оның 623-і алтын, 480-і күміс, 552-сі қола медаль, – деген Нұржан Жолдасбеков биыл Парижде өтетін жазғы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарына облыстың 5 спортшысы лицензия иеленгенін айтты. Сондай-ақ, әлі де лицензия алуға үміткер 13 спортшымыз бар. Әрине, спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты. 2023 жылы 23 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп, 10-ы қолданысқа берілген. Қалған 13 спорт кешенінің құрылысы биыл аяқталатын болады. Сонымен қатар, 71 спорт алаңшасы қолданысқа берілсе, биыл 2 спорт кешенінің құрылысы жаңадан басталады. Бүгінде облыста 2244 спорт нысаны жұмыс істейді, нәтижесінде, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 64,9 пайызды құрап отыр. Облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісова облыс тұрғындарын, әсіресе жастарды спортқа қызықтырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында өткізілетін спорттық іс-шаралардың маңызы күн санап артып келе жатқанын айтты. Мәслихаттың тұрақты комиссиясы мүшелерінің қатысуымен 15 қаңтар мен 20 ақпан аралығында облыста спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мен салаға бөлінген қаржыны тиімді пайдалану бойынша атқарылған жұмыстарды зерделеу жұмыстары жүргізілген. Зерделеу барысында бірнеше елді мекендерде спорт залы жоқ екені немесе бар болса да пайдалануға жарамсыз, күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталды. Кейбір аудандарда соңғы үш жылда мектептерге спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға қаражат қарастырылмаған болса, Тараз қаласы мектептерінде қымбат бағада сапасыз доптар мен торлар сатып алынғандығы анықталды. Сонымен қатар, 10 спорт ғимараты күрделі, ал тағы 10-ы ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Мектептер жанындағы спорттық алаңдардың жағдайына талдау жасап, оларды жаңғырту жұмыстарын қолға алу керек. «Бүгінде ауыл балаларының басым көпшілігі қазақша күрес, еркін күрес, бокс сынды жекпе-жек түр-леріне ынтызар болса, керісінше, қысқы спорт түрімен айналысуға құлықсыз. Балаларды командалық қысқы спорт түрлерімен айналысуға жұмылдыру үшін спорт мектептері мен ашық, жабық спорт кешендерін, мұз айдындары мен хоккей қорапшаларын салуды қолға алуымыз керек. Зерделеу жұмыстары кезінде оқушы спортшылардың ата-аналарын балаларды жарыстар мен спорттық іс-шараларға тасымалдау көлігінің жетіспеушілігі алаңдататыны байқалды. Сондай-ақ, спорт ұйымдарына спорттық киімдер мен инвентарьлар сатып алу айтарлықтай қиындықтар туғызуда. Кейбір спорт залдары, көп жерлерде баскетбол, волейбол алаңдары дұрыс жасақталмағаны анықталды. Ауылдағы спорт залдарында жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелер жоқ. Аталған деректер аудандарда бұқаралық спортты дамытуға тиісті көңіл бөлінбей отырғандығын көрсетті. Тексеру барысында кейбір футбол алаңшаларының жасанды төсеніштерінің тозуы, сапасыз спорт нысандарының қабылданып алуы немесе «сақалды» құрылысқа айналуы, АРТ-спорт жобасы бойынша нысандардың талаптарға сәйкес болмауы, әрі құжаттар бойынша қамтылған балалар санын көбейтіп көрсету деректерінің орын алуы, кіші футбол алаңдарының қараусыз қалуы, мектеп спорт залдарының апатты жағдайы анықталды. Сондай-ақ, бірдей спорттық нысандарға бөлінетін қаржының әртүрлі болуына алдағы уақытта жол берілмеуі керек деп санаймыз», – деді депутат. Депутаттар алдында облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Лаура Отарбай тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу туралы, облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов білім беру жүйесін қаржыландыру, білім беру нысандарының құрылысы, соның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, үш ауысымда жұмыс істейтін және апатты жағдайдағы мектептердің жайы, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуі туралы хабарлама жасады. Рауан Нұрғалиұлының айтуынша, 2023 жылы 446 мектептің 66-сында спорт залы жоқ болатын. Былтыр 2 мектеп және 1 жапсарлас құрылыс есебінен спорт залы жоқ 3 мектептің мәселесі шешілді. Спорт залы жоқ 60 мектептің 33-інің мәселесі 2024-2027 жылдары 28 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылысы есебінен шешіледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, спорт залдарын тиісті құрал-жабдықтармен жабдықтауға бүгінгі күні қосымша 470,7 миллион теңге қажет. Сессияда депутаттар Мейрамбек Дөненбаев, Жұмахан Тәнкебаев, Дамир Ташқараев, Жанат Бастаубаева, Керімқұл Бегалиев, Оралхан Дәуіт, Дауыл Бейсенқұловтар сөз алып, облыстың спорт саласын дамытуға, сондай-ақ білім, денсаулық және әлеуметтік салалардағы мәселелерге қатысты сұрақтар қойып, тиісті басқармалар мен қала, аудан әкімдерінен жауаптар алды. Мәселен, М.Дөненбаев «Тараз» футбол клубы премьер-лигаға шығу үшін барлық кредиторлық қарызын жабуы қажеттігін, осы мәселеге байланысты қандай шара қарастырылып жатқанын, сондай-ақ осы футбол клубының 1 миллиард теңгеден астам қарызға кіріп кетуіне не себеп болғанын және оған жауапты тұлғалардың заң алдында жауап берген-бермегенін сұрады. Басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Н.Жолдасбековтың айтуынша, клубтың 2021 жылдан бергі салық берешегі 1 миллиард теңгеден асқан. Сондықтан, футбол клубы қарыздан шығу үшін премьер-лигадан бірінші лигаға түсуге мәжбүр болған. Бүгінгі күні қарыздан құтылу жолдары қарастырылып, клуб берешегінің көлемі 350 миллион теңгеге дейін қысқарды. Осы жағдайды ескере отырып, «Тараздың» премьер-лигаға оралуы тек 2026 жылы жоспарланып отыр. Депутаттың «Тараз» футбол клубына қатысты сауалы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тарапынан да ескерусіз қалмады. «Клубтың қаржылық берешегіне және оған жол берген жауапты тұлғаларға қатысты құзырлы органдар өз қорытындысын шығаратынына сенемін. Ал, енді алдағы жоспар бойынша «Таразды» премьер-лигаға шығару алдында атқарылатын бірқатар міндеттер тұр. Биыл аталған футбол клубына 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Осы қаржының қалай игеріліп жатқанын жариялап, бәрін ашық көрсететіндей жұмыстарды жолға қою керек. Енді ойыншыларды сатып алу болсын, жаттықтыру процесі болсын, не себепті осындай шешімдер қабылданып жатқаны қоғамға, жанкүйерлерге жүйелі түрде жарияланып отыратын болады», – деді Ербол Шырақпайұлы. Сессияда облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешімдер қабылданды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП