«Наурыз» әнін кім жазған?
«Наурыз» әнін кім жазған?
Танымал туындының сөзін жазған белгілі суретші – Ерсайын Жапақ. Оның есімі бейнелеу өнерін ерекше бағалайтын жандарға жақсы таныс. «Үркер» тобының әншісі Айдос Сағатов екеуінің жолдары бір арнада тоғысып, Наурыз тойының ұранына айналған туындыны жазғанына биыл 27 жыл толыпты. Кез келген танымал өнер туындысының тек өзіне ғана тән тағдыр жолы болады. Қазақтың қайта жаңғырған төл мерекесі – Наурыздың тәуелсіздік алғаннан кейін жыл сайын жұрт жадында жаңғыра түсуіне осы ән себепкер болғандай. Себебі, жыл сайын Ұлыс күні жақындағанда шартараптан осы ән ұдайы шырқалады. «Наурыз» әні 1997 жылы таспаға түсті. «Үркер» тобының негізін қалаушы Айдос Сағаттың айтуынша, ол кезде топтың құрылғанына төрт жылдың жүзі болған. Ал, 1994 жылы ұжым аты аңызға айналған «Жас қанат» республикалық байқауының лауреаты және «Азия Дауысы» халықаралық фестивалінің қатысушысы болып үлгерген. Алайда, дәл бүгінгідей даңққа бөлене қоймаған шағы. Ежелгі дәуірлерден бізге мұра болған мейрамға арналған ән музыканттардың мансабын бірден биікке көтерді деп сеніммен айтуға болады. – «Наурыз» – бізді бірден ұлттық, жалпыхалықтық деңгейге көтерген ән. Бұл ән бірден хитке айналды. Бұл бақ бізге 1997 жылы бұйырды. Ол кезде ешқандай әлеуметтік желілер мен интернет жоқ. Музыканттардың танымалдылыққа ие болу мүмкіндігі аз еді. Бізде және басқа да музыканттардың өз аудиториясын табуы үшін тек екі мүмкіндігі болды. Ол – теледидар мен радио. Бақытымызға орай, 1997 жылы мен жарнама агенттігінде жұмыс істейтінмін. Дыбыс жазу студиясын пайдалануға мүмкіндігім мол болды. Сол кезде Қазақстанның медиасферасында жарнама бизнесі енді ғана дамып, өркендей бастаған еді. Әннің идеясын музыкалық кештердің жүргізушісі, барлық концерттер мен фестивальдердің ұйымдастырушысы, біздің жарнамамызбен және әкімшілігімізбен айналысқан Жан Қастеев ұсынды. Ол маған Наурыз мейрамы қайта жанданатынын және бұл ұлттық сананың серпілісі болатынын айтты. Бұл мені ерекше жігерлендірді. Бірақ, наурыздың әлі күнге дейін музыкалық символы жоқ екенін алға тартып, мені еріксіз ойға салып қойды. Мен көп ұзамай бірден ән жазуға кірістім. Бар болғаны қырық минуттың ішінде алдымен әннің қайырмасы, сосын шумақтары өмірге келді, – дейді музыкант. Әрі қарай дайын болған болашақ хит әуенге сөз жазу бақыты суретші Ерсайын Жапаққа бұйырған-ды. – Біз Айдоспен Алматыдағы «Ұлар» галереясында көрме аралап жүріп таныстық. Екеуміздің таныстығымызға «Үркер» тобының соло-гитарисі Дәурен Сыздықов себепкер болды. Сол кездесуде Айдос маған «Наурыз туралы ән туды. Осы әнге сөз жазатын адам іздеп жатырмыз», – деді. Бірден «Мен жазайын», – дедім. Содан маған Дәурен Медеудің маңайындағы шипажайлардың бірінен бөлме алып берді. Тыныш отырып, сөз жазуыма жағдай жасады. Бөлмеде отырып «Наурыз» әнінің сөзін қас-қағым сәтте жазып шықтым. Кейін түзеуге алып кетіп, «мынадай сөздер болса екен» деп ұсыныстарын айтты. Нәтижесінде қазіргі айтылып жүрген нұсқа өмірге келді. Таспаға түскен туынды «Жас қанат», «Азия дауысы» байқауларында, Түркияда өткен Түркі елдерінің фестивалінде жүлдеге ие болды. Осы әннің арқасында шығармашылық байланысымыз нығая түсті. Кейін «Аңсарым», «Тұран елі» сынды көптеген әндерге сөз жаздым. Бірақ, мен сурет өнеріне ден қойып кеткеннен кейін Айдос ән сөздерін басқа ақындарға бере бастады. Өзімнің де қырыққа жуық әнім бар. Он шақтысын ғана әншілерге ұсындым. Отыз ән нотаға түсіп дайын тұр, – дейді өнер иесі. Орыс мектебінде білім алған Айдос Сағатов мұндай әнге сөз жазуға жүрексінгенін айтады. Қазақша әндерді әрдайым ақындарға үлкен сеніммен ұсынатын болған. – Ерсайын Жапақтың ақындығынан гөрі суретшілігі басым. Бұл әннің сөзін жазуы да кездейсоқ болған сияқты. Мен суретшілердің көрмелеріне жиі барып тұратынмын. Сондай жиынның бірінде Ерсайын Жапақпен кездейсоқ танысып, осы әнге сөз жазатын ақын таба алмай жүргенімді айтып едім, ол бірден «мен жазайын» деп кірісе кетті. Ешбір қиналмай жазып шықты. Нәтижесінде естігенде құлаққа сіңімді, тәп-тәуір дүние өмірге келді. Қалай болғанда да, талантты адамның сан түрлі қыры болатыны осыдан- ақ бірден байқалды, – деп еске алады Айдос Сағатов. Шын мәнінде маусымдық мерекелерге арналып жазылған әндердің хитке айналуы тек батыстың мәдени индустриясына тән құбылыс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай үрдіс Қазақстанға жат еді. «Үркерліктер» үшін бұл тым тосын жайт болғаны да сондықтан. Топ мүшелері аталмыш әнмен коммерциялық табысқа жетуді жоспарламаған. Әннің халықтың жүрегінен жол табуы да ғажайып жайт. Себебі, «үркерліктердің» талғамы, музыкалық стилі ол кездегі тыңдарман үшін үйреншікті емес-тін. Алайда, Наурыздың қайта жаңғыруына тұспа- тұс жазылған ән Ұлыстың ұлы күнінің мәңгілік әнұранына айналды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ