Жақсы амалдардың сауабы еселенеді
Жақсы амалдардың сауабы еселенеді
Алла тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Сендерден бұрынғыларға парыз болғандай, ораза ұстау сендерге парыз етілді» делінген. «Араларыңнан кімде кім Рамазан айына жетсе, ауыз бекітсін. Ал, кім науқас болып немесе сапарда жүріп ұстамаса, басқа уақытта ұстасын». Рамазан айы адамзатқа жол бастаушы һәм тура жолға салатын, ақиқат пен жалғанның аражігін ажырататын ең айқын дәлелдерді қамтыған, қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастырумен қасиетті Рамазан айының алғашқы он күнінде бірнеше мыңдаған адамға ауызашар берілді. Ауызашар дастархандары Астана, Алматы мен Тараз қалаларында, сондай-ақ облыс орталықтары мен аудан, ауыл-аймақтарда орналасқан 884 мешітте жайылуда. Рухани шараға мешіт жамағатынан бөлек, балалар мен мүгедектер үйінен келген жандар, сонымен қатар көпбалалы ата-аналар, жалпы көмекке мұқтаж азаматтар қатысуда. Айта кетсек, қазіргі таңда елімізде 2854 мешіт жұмыс істеп тұр екен. Соның 565-інде тарауық намазында Құран хатым жасалуда. Алғашқы он күнде өңірлердегі барлық мешіттер бойынша 972 рет Құран хатым оқылып, дұғасы жасалған. Бұдан бөлек, Рамазан айына арналған тікелей эфирлерде көрермендер назарына уағыз-насихаттар ұсынылуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша «Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясы аясында көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған бірқатар отбасыларға пәтер табыстау сияқты игі шаралардың қолға алынып жатқаны қуантады. Сонымен қатар, «Рамазан тәттісі» жобасы аясында балаларға тәттілер мен ойыншықтар таратылуда. Мұндай игі шаралар кәсіпкерлердің және қайырымды жандардың атсалысуымен облысымыздың барлық аймақтарында қолға алынған. Ал, бұл айда жасалған әрбір жақсы амалдар елеусіз қалмай, сауабы еселенетіні, ораза ұстаған адамдарға ауызашар беру қандай сауапты іс екендігі баршамызға мәлім. Ендеше, нұр шашқан Рамазан айы баршамызға құтты болғай!
Гүлназ АЯПОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4-курс студенті.