Мемлекеттік қызметшілер Қырғызстанда не істеп жүр?
Мемлекеттік қызметшілер Қырғызстанда не істеп жүр?
Заң талаптарын мүлтіксіз орындау – мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті. Ал өз ісіне салғырт қарағандар тәртіптік жауапкершіліктен жалтара алмайды. Кезекті рет өткізілген Тәртіптік кеңестің отырысында осыған көз жеткіздік. Тәртіптік кеңес алдымен Қордай ауданы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Дархан Темірге қатысты тәртіптік істі қарады. Оның азаматтардың арыз-шағымдарын қарау тәртібін, мемлекеттік сатып алу заңдылығын бұзғаны, әкімдік аппараты қызметкерлерінің еңбек тәртібін сақтамағандығы анықталған. Ауыл тұрғындарының жер телімдерін беру туралы өтініштерін қарау барысында ҚР Жер кодексінің ауылдық округтер әкімдерінің жер учаскесін беру туралы шешімі ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары құратын комиссияның оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады деген талабы бұзылған. Мәселен, округ әкімі Д.Темірдің қолымен 2013 жылы 16 шілдеде азамат У.Отимовқа «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін бос жатқан арнайы жер болмағандықтан, сіздің өтінішіңіз ауылдық округ әкімінің назарында болады, үй құрылысын жүргізу үшін жер алаңдары бөлінгенде арызыңыздағы мәселе қайта қаралады» деп жауап берілген. Осы мазмұндағы жауап 2013 жылы – 13, 2014 жылы 6 азаматқа беріліп, азаматтардың мемлекеттен жер телімін алу құқықтары шектеліп, конституциялық құқықтары бұзылған. Ал 2013 жылы аудандық жер комиссиясының қорытындысының негізінде 3 азаматқа, 2014 жылы 2 азаматқа Жаңатұрмыс ауылынан жер телімін беруге шешім шығарған. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімі мен «Тоқсанбаев» ЖК арасында округ әкімдігінің ғимаратын жөндеу жұмыстары бойынша жалпы сомасы 1 698 000 теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасалған. Келісім-шарттың аяқталу мерзімі 2014 жылғы 31 шілде деп көрсетілген. Ал жөндеу жұмыстары ол мерзімнен 36 күн кешіктіріліп аяқталған. Орын алған заң бұзушылықтарға қарамастан, әкімдік тарапынан аталған мемлекеттік сатып алуға қатысқан жеке кәсіпкерді сот арқылы мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде тану үшін сотқа талап-арыз берудің орнына тек келісімсөздер жүргізумен шектелген. Аудандық прокуратура осы заңбұзушылық үшін әкімшілік іс қозғап, Д.Темір 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ең қызығы, прокуратураның сұранысы бойынша ҰҚК ШҚ-ның 2038-әскери бөлімшесінің 2014 жылғы 31 қазандағы №15\2-1-9080 санды жауабына сай әкім аппаратының бас маманы К.Әділханова 2 рет, ветеринар Ж.Токтагулов 2 рет, әкімдік маманы Г.Тургулова 1 рет жұмыс уақытында Қырғызстан Республикасында болғандығы анықталған. Олардың жұмыста болмаған күндері үшін барлығы 16654 теңге жалақы заңсыз төленген. Заңсыз төленген қаржы бюджетке қайтарылып, аталған тұлғалар жауапкершілікке тартылған. Жұмыс уақытында мемлекеттік қызметкерлер Қырғызстан Республикасында не істеп жүр және жұмыста болмаған адамға неге сол күндерге жалақысы төленген? Не себепті олар ақысыз еңбек демалысын алмаған? Тәртіптік кеңес мүшелерінің сұрағаны осы болды. Оған Дархан Темір өзі аудан орталығына есеп беруге кеткенде бұл жағдайлар орын алғандығын және олардың денсаулық жағдайларына байланысты кеткендігін айтты. Қисынсыз жауапты естіген кеңес мүшелері олардың Қырғызстанда сауда-саттық жасау мақсатында жүргендігіне еш шүбә келтірмеді. Кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев ауыл әкімдігінде мүлдем тәртіп жоқтығын осыдан байқауға болатындығын айтып, өзінің жеке пікірі бір емес бірнеше рет олқылыққа жол берген әкімді жұмыстан босату екендігін білдірді. Кеңес мүшелері ақылдаса келе ауылдық округ әкіміне соңғы рет бір мүмкіндік беруді ұйғарды. Оның қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру ұсынылды. Кеңес отырысында облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының бас жоспарды дамыту бөлімінің басшысы Дәулет Досановқа қатысты да тәртіптік іс қаралды. Бұл мәселе бойынша шешім қабылдау үшін аталған басқарма басшысына ұсыныс жолданатын болды. Ал облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Ахметовке қатысты қаралған мәселе бойынша іс-әрекетінде заң бұзушылық көріністері болмауына байланысты тәртіптік істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, басқосуда тәртіптік кеңестің өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есебі ортаға салынып, тәртіптік кеңес мүшелерінің аудандарда қоғамдық қабылдау өткізу кестесі бекітілді.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».