Кенекемнің киесі
Кенекемнің киесі
– біздің заманымыздың ең басты тәрбие көздері болғандығы айқын. Осылай дей тұрсақ та, біздің балалық шағымызда, кеңестік коммунистік тәрбиеден тысқары тұратын, өзіміздің төл әдебиетіміз бен өнеріміздің ықпалы айрықша күшті болды. Халқымыздың дәстүрлі жыр-термесі, сырлы әндері десе, елікпейтін бала болмайтын. Үлкендеріміздің алды-артын орап, қаумалай қоршап, жайлап алып, Кенен атамыз секілді дәстүрлі өнеріміздің заңғар өкілдерінің концертін есіміз кетіп, елітіп тыңдайтын едік. Ел ішіндегі, ауыл өнерпаздары да атамыздың сырлы әндерін орындауға құмар еді. Әсіресе, осы Кенен атамыздың жырлары мен әндері күнделікті өмірімізге айналып кетті, құлағымыздан кетпей, күмбірлеп, жан-дүниемізді әсерге бөлеп, әлдилеп тұратын. Өз басым Кенекеңнің «Бозторғайымен» тербелмеген, «Көкшолақ» сияқты нағыз рухты, намысты әндерімен тәрбиеленбеген қазақ баласы бар-ау деп санамаймын, ал егер бар болса, оның сол балалық шағында-ақ көп дүниені жоғалтқаны деп ұғамын. Бұл жырлар мен әндер несімен бізге қымбат, әсерлі, өнегесі мен ұлағаты күшті болғандықтан ба? Және неге осы уақытқа дейін сиқырымен арбап, жан-дүниемізді жаулаумен келеді, бұл ненің құдіреті? Мақаламды неге осылайша атап, өзгеше ой тудырғым келіп отыр? Кеңестік қоғамда өмір сүрген, әрі-беріден соң сол қоғамға қызмет еткен атамыздың өнерін неге өз дәуірінен бөліп алғым келеді? Бұған мен былай жауап берер едім: біріншіден және ең бастысы, Кенен атамыздың өнері саясаттан тыс болды, кеңестік ұраншылдықтың ешқандай иісі сезілмейтін, ешқандай бағыныштылық жоқ, асқақ халықтық рух бар, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген, қастерлеп, қадір тұтып келген салт-дәстүрлерінің ұлағат іздері бар, киелі өнер жалғастығы бар! Кенен атамыздың халықтың Кенені атануының негізгі сыры мен қуаты осында. Бұл өнерде ешқандай коммунистік кеңестік тәрбиенің ықпалы жоқ. Ұлттық дәстүрлі өнеріміздің иісі аңқып тұр десек, оның жөні бір басқа, төбесінен түскен тура, әрі шынайы бағамыз сол болмақ. Кенен Әзірбаев – қазақтың әйгілі сал-серілерінің жалғасы, әрі соңғысы дейтіндей өнерпаз еді. Өйткені, оның өнері жан-жақты қырымен дамып, танылды, әрі ақын-жырау, композитор, асқан орындаушы-әнші, әрі қазақтың ескі жыр дәстүрін жаңғыртушы-жыршы, термеші, шешен, шежіреші ретінде халыққа кеңінен танымал болған өнер иесі еді. Мұндай сегіз қырлы, бір сырлы синкретті өнер қазақтың өткен замандардағы сал-серілерінде ғана кездескені белгілі. Кенен атамыз, міне, осы ізі өшуге айналған сан қырлы өнерді жаңғыртушы болды. Ол өзін, жүрген жерлерінде қазақтың әйгілі өнерпазы, сал-серілерінің бірі «Балуан Шолақтың шәкіртімін, ізбасарымын» деп таныстырады екен. Олай дейтін жөні бар, Арқадан Жетісуға келіп, ел аралап жүрген Балуан Шолақ атағы шыға бастаған Кенен туралы естіп, іздетіп тауып, оған он төрт әнін үйретіп, «кейінгіге жеткізуші өзің боласың» деп аманат еткен екен. Және шәкіртінің дара өнерлі сирек кездесер бітім-болмысына тәнті болып, бірнеше ай бойы жанына ертіп жүрген екен дейді. Қасиетін таныған соң, бар білгенін үйрете беруден жалықпаған. Еріксіз тәнті боласың, осындай айрықша дарын иелерінің бір-біріне магнитше тартылуы қандай! Бірнеше ай десек те, жылдар бойы жүрмеген, бұрын көріп-білмеген Балуан Шолақтай ғажайып өнер иесіне бозбала Кенен де құлап түсіп, сол шамалы уақыттардың ішінде бар өнерін сіміріп жұтқандай болған, ән салу техникасын, домбыра мен әнді қалай үйлестіріп, нақышына келтіруді меңгерген. Кенекең өз аузымен бұл туралы жиі айтып, кейінірек шау тарта бастаған шағында «Балуан Шолаққа көп еріп жүріп, өнердің қыр-сырына тереңдеп бойлай түстім, үйренгенім өте көп» деп әңгімелеп отырады екен. Әрине, таңғалатын да ештеңесі жоқ, асыл өнер нағыз иесін тапқанда, жұғысты болмай ма. Ал, енді Кенекеңнің Жетісу мектебінен, әйгілі Сүйінбай, Жамбыл, Қатаған, Құлмамбеттерге еріп жүріп алған өнегесі өз алдына. Кенен ата – Жетісу өнер мектебінің талантты түлегі. Осы үлкен өнер мектебінің дәстүрін ілгері дамыта түскен, жетілдірген, аясын кеңейткен оқшау өнерпаз болды. Ол Арқа өнер мектебінің, сал-серілер мектебінің өкілі Балуан Шолақ арқылы өзінің өнер аясын кеңейте түсті, бұдан ұтпаса, ұтылған жоқ. Ұстаз жолымен әртүрлі өнер мектептерінің басын қосты, бір-бірінен үлгі-өнеге алуына дәнекер, араларын жалғаған алтын көпір болды. Кенен атамыздың барша халқымыздың махаббатына бөленуінің де басты сыры осында. Қазақ өнерінде сал-серілердің орны қандай жоғары болса, Кенен Әзірбаев та осындай биік тұғырлы халқы сүйген асыл өнер иесі. Ол Жетісудің көнеден келе жатқан өнер дәстүрін түрлендіріп, жаңартып, жаңғырта түсті. Міне, сол Жетісу өнер мектебінің әйгілі өкілі Кенен атаның өнердегі орны ешқашан ұмытылмайды, жалғасын табады деген сеніміміз мол. Ұлы жазушы М.Әуезов сол кездерде қазақ әдебиеті мен өнерін шетелдерге таныстыру мәселесінде жетекшілік жасап жүреді екен. Кенекеңнің ғажайып өнеріне тәнті болып, сонау 1936 жылы өткен әдебиетіміз бен өнеріміздің Мәскеуде өткен онкүндігіне әйгілі Жамбыл Жабаев, ұлы әнші, КСРО-ның Халық артисі Күләш Бәйсейітовалардың қатарына қосқан екен. Бұл – оның өнеріне деген үлкен құрмет еді, өйткені ондай мәртебелі шараларға тек таңдаулылардың таңдаулысы баратын болған. Осыдан кейін-ақ, М.Әуезов Кенекеңді көзінен таса қылмаған. Орта Азия елдері өнерпаздарының қатысуымен тағы да Мәскеуде өткен үлкен жиынға алып барған, одан кейінірек, қырғыз халқының ұлы перзенті, атақты жыршысы Тоғолоқ молданың 160 жылдық мерейтойына қатыстырып, осылардың бәрінде К.Әзірбаев асқан өнерпаздығымен тәнті еткен. Ол кезде мұндай мәртебелі үлкен шаралар Мәскеуде өткізілуі дәстүрге айналған. Осыдан кейін-ақ, Кенен атаның өнері одақ бойынша асқақтап тарап, жайылып кете барған. Осыған куә болып, қасында жүрген М.Әуезов ризалығын жасыра алмай, Алматыдағы қорытынды жиында К.Әзірбаевқа зор құрмет көрсете отырып: «Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне, ғұлама жырау, төгіліп тұрған шежіре, әрі шешен екенсіз, халқымыздың аяулы өнерін шет жұрттарға таныстырып жүрген ғажайып дарыныңыздың алдында бас иемін», деп тебірене толқып, Кенекеңді мол құшағына алған екен дейді. Мұның бәрі, әрине, біз көрмесек те, тарихымызда таңбаланып қалған. Кенекеңнің арқасында қазақ өнерінің биік тұғырына көтерілген шақтары болатын. Сол айтулы оқиғалардан кейін М.Әуезовтің тікелей ықпал етуімен Кенен Әзірбаев Қазақстан Жазушылар одағы мен Композиторлар одағына қабат қабылданыпты. Ол кезде, тіпті осы күнге дейін екі бірдей одаққа мүшелікке кірген Кенекеңнен өзге ешкім кездеспепті. Таңғалдыратыны, осындай мәртебелі дәрежеге ол кісі ешқандай арнайы білім алмай, тек қана дара дарындылығының арқасында қол жеткізген ғой. Өзге иеленген орден, марапаттарының бәрін тізбектемей-ақ қоялық, осының өзі оның ел-жұртына қаншалықты қадірі барлығын, мәртебелі тұғырын танытпай ма? Талант құдіреті дегеніміз осы! Міне, Кенен атамыздың асыл өнерінің орнын осы тұрғыдан да бағалағанымыз жөн. Кенен атамыздың өнерінің «көсегесін көгерткен», кенелткен, кемеліне келтірген кеңес дәуірі деуіміздің қисыны жоқ, ол кісі ешқашан кеңестік большевиктер ұранына үн қосып коммунистік партияның жеңімпаздығын жырламаған. Лениншіл, сталиншіл болмаған жыршы ақын еді, оның жырлағаны туған халқының тағдыры, мұңы-қайғысы еді. Сондықтан да ел-жұрты оны асыл өнеріміздің киесіндей, ата-бабаларымыздың аманатын арқалап жүрген көзіндей көріп, ардақтады, әндері мен жырларын қастерлеп, сүйді. Сонау жас шағы, бозбала күнінде шығарған «Бұлбұлға» деген ән өлеңінде: «қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр!» деп жырлаған екен, ол кездерде орыстың патшасын қаймана қазақтың құдай тұтқан уақыты, сол кездегі балаң ойлы Кененнің турашыл, намысшыл көзқарасының ерте қалыптасқандығы таңғалдырады. Ал, осындай өнер иесі кеңестік саясатқа да қалай бас ұрып, табынсын, халықтың оған деген махаббатының басты сыры осында жатқандығына анық көзіміз жетеді. Біздіңше, кімді қадірлеп, қастерлесек те, мейлі, ол өнер иесі болсын, яки, өзге бағытта болсын, ең алдымен, оның халыққа қадірі қаншалық, өзінің ел-жұртына адалдығы қаншалық, тек осы тұрғыдан өрелеп, бағалай білгеніміз – нағыз әділетті ұстаным, шыншыл көзқарас болып шығар еді. Ал, Кенен атамыздай жұртын сүйген, барынша адал қызмет еткен ел перзентін қастерлеу, өнерін құрметтеу, мүмкіндігінше жас ұрпаққа өнегесін танытып, жайып отыру – абзал борышымыз. Әйгілі Балуан Шолақтың ізбасар шәкірті, Жетісу өлкесіндегі өнер мектебінің көрнекті өкілі, халқымыздың біртуар өнерпазы Кенен Әзірбаев атамыздың ұлы әруағының алдында басымызды ие отырып, бүгінгі мерейтойы тұсында еске алып, азды-көпті пікір білдіруді парыз санадық. Біздің ойымызша, мұндай қасиетті өнер өлмек емес, жалғасын табады, жаңғырады, халқымыздың асыл қазынасы қатарында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жете береді, мәңгілік ғұмырын жалғастырады деп сенеміз.
Досжан ӘМІР,
ҚР Жоғарғы Сотының судьясы.