Саясат

Келісімсіз бірлік болмайды, бірліксіз бақ қонбайды

Келісімсіз бірлік болмайды, бірліксіз бақ қонбайды

Егемен еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген сындарлы жылдарда ғасырға бергісіз ғаламат белестерді бағындырды. Шекарамыз шегенделіп, төл құндылықтарымыз төрімізден табылды. Тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, дініміз бен діліміз қайта жаңғырды. Арқа төсінен айшықты Астанамыз бой көтеріп, сәулетімен әлемді аузына қаратты. 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатқан кең-байтақ Отанымыз төрткүл дүниеге үлгі, өнеге. Міне, мұның бәрі де оңайлықпен келген жоқ. Бұл – сөзсіз Елбасы-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаткерлігінің, алысты болжай білетін көрегенділігінің, еліне деген шексіз сүйіспеншілігінің дәлелі. Ауылшаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясында «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» Жолдауының негізгі бағыттарын талқылауға арналған кеңеске қатысушылардың ой-пікірі осылай өрбіді.

Басқосуды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітеков жүргізіп отырды. Кеңес отырысына қатысушылар Мемлекет басшысының жаңа Жолдауындағы басым бағыттар туралы пайымды пікірлерімен бөлісті. Нұрби ЖІГІТЕКОВ, облыстық аумақтық инспекциясының басшысы: – Әр жылғы Жолдаудың өз жаңалығы бар. Дегенмен, жаңа экономикалық саясатқа негізделген «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының тарихи маңызы зор. Өйткені, Елбасы геосаяси жағдайға нақты баға беріп, алыс және таяу болашақтағы бағдарымызды айқындап отыр. Елбасының «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясаты –әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз» деп атап көрсетуінде де терең тағылым жатыр. Біздің облыстың өзінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 8 сервистік кешен құрылысы үшін жер телімдері белгіленіп, 2,4 миллиард теңгеге инвестиция тарту көзделуде. Нәтижесінде 160-тан астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Сондай-ақ жүк және жолаушыларды тасымалдау көлемі ұлғаяды. Облыстың жергілікті мәні бар автожолдарын жөндеу мен күтіп ұстауға 2015-2020 жылдар аралығында барлық бюджет көздерінен 16 миллиард теңге қаржы қарастыру жоспарлануда. Соның есебінен 633 шақырым автожол күрделі және орта жөндеулерден өткізілмек. Міне, жаңа Жолдаудың осындай жақсылықтары мол болмақ. Серіжан БЕКСҰЛТАНОВ, облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары: – Қазір агроқұрылымдар кеңестік кезеңнен қалған ескі дүниемен еселі еңбек ете алмайтынын түсінді. Олардың көбі лизинг жүйесі арқылы жаңа техника алуға талпыныс жасауда. Бұл қуантады әрине. Елбасы әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кірігу туралы ауқымды міндет қойып отыр. Бұл межені бағындыру үшін барлық салаға жаңашылдық керек. Оған біздің мүмкіндіктеріміз толық жетеді. Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес, АӨК субъектілерін субсидиялау есебінен ауылшаруашылығын қолдау көлемін 2020 жылы 4,5 есеге ұлғайту, АӨК субъектілерінің борыштық жүктемесін қарыздарды қайта қаржыландыру және қайта құрылымдау есебінен жалпы құны кемінде 300 миллиард теңгеге 8 жылға ұзарту жоспарланған. Сонымен қатар кредиттер мен лизингтің қолжетімділігін арттыру жөніндегі шаралар есебінен агроөнеркәсіптік кешенге тартылған мемлекеттік емес кредит қаражатының көлемін 2013-2020 жылдары 2 триллион теңгеге дейін жеткізу көзделуде. Мұның бәрі де түптеп келгенде ел ырысын еселеуге бағытталған қадам. Оны шаруа қожалықтары айқын сезініп отыр. Нұралы АБАШЕВ, «Фитосанитария» РМК облыстық филиалының директоры: – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кезекті Жолдауын жариялай отырып, ел алдына ауқымды мақсат қойды. Қазақстан халқының 60 пайызы ауылды жерде тұрады. Әлемдегі ең басты мәселенің бірі – адамзатты қауіпсіз азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету. Ол бірінші кезекте жердің құнарлылығына байланысты. Ауылшаруашылығы саласына келетін болсақ, қазіргі таңда агроқұрылымдар саны артуда. Қабылданған арнайы бағдарламалар негізінде салаға қомақты қаражат бөлініп жатыр. Бірақ, соны тыңайтқыштар, техника алу және оларды жаңартып отыру сияқты мақсатты пайдалана білуіміз керек. Себебі, барлық азық-түлікті біз жерден аламыз. Жерді күтіп қарасаң ғана оның қайтарымы болады. Дұрыс өнім алынады. Ал бізде укекіремен залалданған жерді қажетті жағдайда өңдемей келер жылы егістікке қайта пайдаланатын жағдайлар кездеседі. Гүлхашима ҮДЕРБАЕВА, «Республи-калық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мекемесі облыстық филиалының директоры: –Келісімсіз бірлік болмайды. Бірліксіз бақ қонбайды. Тәуелсіз еліміздің даму жолындағы толағай табыстары осы ұғымдарға сыйып тұрғандай. Елбасының сара саясатымен қалыптасып, берік орныққан қазақстандық жол бұл күнде тұтастай әлем елдеріне үлгі, өнеге. Кең-байтақ қазақ жерін мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың өкілдері этносаралық толеранттылықты қадірлейді. Біз бір-бірімізді тыңдауды, түсінуді, құрметтеуді терең түйсіндік. Ғабиден ӨТЕГЕНОВ, аймақтық карантиндік зертхананың директоры: – Баршаға белгілі, жыл сайын дүниежүзінде халықтың саны көбейіп бара жатыр. Ал керісінше дақылдарды өсіретін алқаптар азаюда. Сондықтан әр елге азық-түлік қауіпсіздігі өте маңызды. Шүкір, кең-байтақ жеріміз бар. Кеден одағына кіріп отырмыз. Бәсекелестік артқан сайын жаңа технология, жаңа инновацияны пайдаланбасақ, біздің жағдайымыз қиындайды. Осындай тығырықтан шығу үшін Елбасы өз Жолдауында бар мүмкіндікті жасап отыр. Бірінші кезекте қаржы жеткілікті бөлініп жатыр. Ауылшаруашылығын дамыту маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында және «Агробизнес-2020» бағдарламасында белгіленген маңызды міндеттерге сәйкес, біз өз тарапымыздан алдағы іс-шаралар жоспары бойынша тиісті жұмыстарды атқара беретін боламыз.

Р.S: Міне, осылайша аграрлық саланың өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттар туралы пайымды пікірлерімен бөлісті. Мақсат біреу: елдік пен егемендігімізді нығайтып, озық отыздықтың қатарынан ойып тұрып орын алу үшін әрбіріміз тарихи жауапкершілікті жүрекпен сезіне аянбай еңбек етуіміз керек. Сонда ғана мемлекетіміздің мерейі үстем болып, тәуелсіздік тұғыры биіктей бермек.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».