Шіркін, уақыт, қадіріңді кім білген?
Шіркін, уақыт, қадіріңді кім білген?
Қай мамандық иесі болса да, кім болса да уақыттың қадірін білгені дұрыс. Кейбір жастар уақытын карта ойнап, жеңіл әңгімеге ерік беріп өткізіп жатады. Жастар қолы бос кезінде кітап оқыса, театр мен концертке барса, қандай жақсы. Театр мен концертке өзі ғана бара бермей, ата-анасын ертіп барса, тіпті керемет. Оның өзі рухани дамуына, ата-анасын құрметтеуге әкелер еді. Мейрамхана, бар, шайханалардан шықпайтын кейбір жастарды білеміз. Олар еңбек етуге құлық танытпайды. Бойларында енжарлық басым. Ауылда тұрып жатқан жастар ауылды дамыту, өнім өндіретін цехтар мен кәсіпорындар ашу ісіне ден қойса, жастық жігермен қандай қиындықты да жеңуге болады деп ойлаймын. Болашақтың кірпіші болып қаланамыз десек, Отанның дамуы мен гүлденуіне үлес қосамыз десек, біз жастар өзгеруіміз керек. Кеше ғана өткен Ұлттық Құрылтайда Президент насыбай ататындарды сынға алды. Тіпті, ондай лас қылыққа үйір адамдарға арнайы заң шығару керектігін де еске салғаны бекер емес. Бір топ жігіт жиналып, насыбай атып, төңірегіне түкіріп отыратын көрініс әр ауылда бар. Оның өзі уақытты босқа өткізуге себеп болады. Түйіндей келе айтарым, алтыннан бағалы уақыттың қадірін білейік. Оны бағалап, құрметтейік. Уақытты тиімді өткізу қай кезде де сіз бен біздің қолымызда.
Аяжан АҚЫЛБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.