Саясат

Азаттықтың арқауы

Азаттықтың арқауы

30Кез-келген мемлекеттiң тәуелсiздiгiн, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негiзгi құжат – Конституция. Қоғамның iлгерiлеп дамуының басты факторы да, қозғаушы күшi де адам, оның өмiрi, құқығы мен бостандығы. Заң алдында барлық адамдардың теңдiгi, экономикалық еркiндiк, идеологиялық және саяси көпқырлылық Қазақстанның құқықтық дамуының негiзгi басымдықтары болып есептеледi.

 Елiмiздiң Ата Заңының тағы бiр басты ерекшелiгi, ол – азаматтардың бостандықтары мен негiзгi құқықтарын халықаралық деңгейдегi дәрежеде қалыптастырып бекiттi. Республикамыздың бас құжатына сәйкес әрбiр жеке адам өзiнше жеке тұлға болып та есептеледi. Конституция бiзге әрбiр азаматқа осы тұрғыдан қарауды үйретедi. Негiзгi Заңда адамның барлық қабiлеттерiн таныта бiлуiне жол ашатын баптар да жеткiлiктi.

Ата Заңымыз тарихта тұңғыш рет адам мен азаматтың жеке бостандығының классикалық элементтерiн құрайтын құқықтарды өмiрге енгiздi. Бұлардың қатарында адамның жеке өмiрiне қол сұғылмауы, өзiнiң және отбасылық құпиясының болуы, әркiмнiң өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерiнiң, пошта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына кепiлдiк бередi. Адамның өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтайтыны және оларды көрсету-көрсетпеу құқығын өзi шешетiнi заңдастырылған. Бұл жөнiнде саяси құқық туралы халықаралық пакетте және Адам құқығы мен негiзгi бостандықты қорғау туралы еуропалық конвенцияда да қамтылған. Халықаралық қауымдастықтың мұндай салмақты түйiнге келуiне сонау 1984 жылы БҰҰ аясында Азаптауға қарсы мамандандырылған конвенция ықпал еткен болатын. Оған қазiргi таңда бiздiң елiмiз де белсендi қатысушы болып табылады. Ал бұл құжаттың маңызы өте жоғары. Өйткенi, бұған қатысушы мемлекеттердiң бәрiне ұлттық қылмыстық заңдардағы барлық азаптау актiлерiнiң бiр iзгiленуiн қамтамасыз ету мiндеттелген. Осыған байланысты 2002 жылдың желтоқсанында Қылмыстық кодекске тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлдi. Ұлттың биiк мүдделерiн, тәуелсiздiктi, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Мемлекет басшысы барлық мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк қызметшiлердiң алдына үнемi аса маңызды мiндет қойып келедi. Ол – бiр ғана конституциялық идеологияға мойынсұну, жалпыұлттық мүдделердi басшылыққа алу, халықтың атынан билiк жүргiзетiн болғандықтан, сол халықтың мүддесiн қорғаудың тиiмдi ұйымдастырылған бiртұтас мемлекеттiк механизмiн жасау мiндетi. Өмiрде бағыт-бағдар етiп ұстанатын жолдар көп болуы мүмкiн. Ал әрбiр қазақстандық үшiн заң шеңберiндегi өмiрлiк бағдар бiреу-ақ. Ол – Қазақстан Республикасының Конституциясы. «Бiз ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген халықтар» деп басталған өмiрiмiздiң ең басты жолбасшысының жарыққа шығып, жария болғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осы жылдар iшiнде, ең бастысы, бiз зайырлы мемлекет ретiнде әлемге танылдық. Бiздiң мұнайымыз бен алтын астығымыз ен байлықтың көзi болса, Атыраудан Алтайға дейiнгi аралықтағы қазақ жерiнiң көл-көсiр ғажап көрiнiстерi ұлтымыздың этно-эстетикалық кұндылықтарын әлемге паш етiп тұр. Ата Заңға 1997 жылғы 7 қазан және 2007 жылғы 21 мамырда енгiзiлген өзгерiстер мемлекеттiк құрылысты тиiмдi ұйымдастыру мен мемлекет дамуының демократиялық қағидаттарын қамтамасыз етуге бағытталған терең iздену мен әлемдiк тәжiрибелердi жан-жақты зерделеудiң арқасында қолға алынған саяси көрегендiлiктiң көрiнiсi десек, артық айтқандық болмас. Конституцияға енгiзiлген аталған толықтырулар мен өзгертулер беделдi отандық және әлемдiк сарапшылар тарапынан «заңды процесс, қоғамның жаңаруынан туындаған құқықтық және саяси қажеттiлiк» ретiнде бағаланды. Конституциялық түзетулер елiмiздегi жаңашыл саяси өзгерiстердiң тыңғылықты әрi түбегейлi өрiс алуын қамтамасыз еттi. Уақыт соны дәлелдедi. Мемлекеттiң даму векторы күрделенген сайын Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тарихи қажеттiлiк болып табылатыны өмiр шындығы. 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы елiмiздiң әлемде қуатты экономикасы бар әрi халықаралық қоғамдастықтағы тұғыры берiк өңiрлiк державаға айналуына, халықтың тұрмыс-жағдайының өсуiне, демократиялық үдерiстердiң дамуына, саяси тұрақтылыққа, ұлттар арасындағы татулыққа, әлемдiк қауымдастықта Қазақстанның зор беделге ие болуына негiз жасады. Қолданыстағы Ата Заңымыздың бұрынғы негiзгi заңдардан сапалы айырмашылығы бар екенiн, оның мемлекет дамуының жаңа дәуiрiн бастап берген құжат екенiн сезiне де, құрметтей де бiлуге тиiспiз. Ата Заң мемлекетiмiздiң сыртқы және iшкi саясатын үйлестiре жүргiзетiн бас құжат болғандықтан, Президентiмiз осыған сүйене отырып, елiмiздiң саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтiк дамуына қажеттi шұғыл шаралар жүйесiн айқындау үшiн халыққа жыл сайын дәстүрлi Жолдауын арнайды. Елбасының өткен жылдың соңындағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы да еліміздің алдағы даму бағдарын айқындап берді. Осы орайда өркениеттi елдердiң қатарына қосылуға Қазақстан халқына серпiн берген себептер туралы сөз қозғағанда халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтейтiн, өз заңнамасын қалыптастыруда халықаралық шарттарды негiзге алып, әлемдiк стандарттарға бағыт ұстанған елдiгiмiз бен бiрлiгiмiздi айтпай кетпеске болмайды. Бұған қоса мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен тату көршiлiк орнату, олардың iшкi iстерiне араласпау, шиеленiстi дауларды тек қана бейбiт жолмен шешуге ұмтылу, халықаралық терроризм және дiни экстремизммен ымырасыз күрес жүргiзудегi ел ұстанымдары Конституциямызға негiз болып қаланды. Мемлекетiмiздiң басты құжатының мәнi бейбiтсүйгiштiк сипатта болғандықтан, ел iшiнде ұлтаралық татулық, рухани үйлесiмдiлiк пен саяси тұрақтылық қамтамасыз етiлген. Ендеше, елдігіміз еңселі, бірлігіміз баянды бола бергей. Ата Заңымыздың айбыны асқақтап, Тәуелсіз еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін!

Дәулет ӘБДІХАЛЫҚ, Тараз қалалық прокуратурасының бөлім бастығы.

Тараз қаласы.