Наурыз – берекенің бастауы
Наурыз – берекенің бастауы
Бүлдіршіннің тұсауын сол аймақтың алқабилер төрағасы Асан Наурызбаев кесіп, өмірге жаңа ғана қадам басқан балаға ақ батасын берді. – Маңайды қуанышқа, ән-күйге бөлеп жеткен жыл басы Наурыз мерекесі құтты болсын. Жер-Ананың бусанып, көгеріп, Рамазан айымен тұспа тұс келуінің өзі үлкен мәртебе. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, – деді №3 округтың бас инспекторы Әмірхан Қанаев. Мерекелік іс-шара №4 округте жалғасын тапты. «Ана мен бала» аллеясында №6,14,22,60,62 мектеп қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен шара «Қымызмұрындық» дәстүрін дәріптеуден бастау алды. Бұл маңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық нышандағы қолөнер бұйымдарынан көрме көрсетілді. Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай, қонақтар қазақтың ұлттық тағамдары мен биеден жаңа сауылған қымыздың дәмін татты. – Ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан ел ағалары, көше төрайымдары мен төрағаларының қатысуымен өткен іс-шара жоғары деңгейде өтті. Наурыз мерекесіне орай, ауа райының қолайсыздығына, жауын-шашынға қарамастан, халық көп жиналды. Жалпы, наурыз мерекесі ел игілігі үшін жүзеге асатын, ең құрметті мереке болғандықтан осынау мерекені асыға күтеміз. Біздің округтің тұрғындары мәре-сәре күй кешіп, жыл басы атанған наурыз мерекесін қазақы нақышта атап өтті, – деді Тараз қаласы №4 аумақтық округының бас инспекторы Нұржан Жұмағұлов. Сондай-ақ, салтанатты шараға 103 жастағы қарт ана Күлия Үсенова қатысты. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Келер ұрпақтың ырзық несібесі таусылмасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай» – деп, жиналғандарға аналық тілегін жаудырды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ