Жиырма жаңа автобус, жолаушылар тасымалына шықты
Жиырма жаңа автобус, жолаушылар тасымалына шықты
Тараз қаласындағы жолаушылар тасымалдайтын автопарктер тұрақты жаңа көліктермен жаңартылуда. Таяуда «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС өз қаржысы есебінен 100 миллион теңгеге 20 автобус сатып алды. Олар «GPS» құрылғысымен жабдықталған. Ол бойынша енді автобустардың жүру жылдамдығы мен кесте бойынша уақытын қадағалап отыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, «Еуро-4» санатына кіретін қытайлық екі есікті «Дунфен» автобусы ішіне екі жерге бақылау камерасы орнатылған. Олардың көмегімен парк қожайындары да автобус ішіндегі орын алатын ұрлық-қарлық, ұрыс-керіс бойынша кінәлілерді анықтауға мүмкіндк туады. Ең бастысы, автобустар тозығы жеткен немесе көліктері жетіспей жататын бағыттар бойынша жолға шығатын болды.
Жаңа көліктер кілттерін Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов табыс етті. – Бүгінгі таңда қалада 800 автобус тіркелген. Күнделікті 547 көлік жолаушы тасымалдауға шығады. Жоспарымызға сәйкес 2012-2015 жылдар аралығында осы саладағы ескі көліктердің пайдалану мерзімін жақсарту үшін бірқатар шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 440 жаңа автобус сатып алынды. Одан бөлек біз жұмыс жоспарын қайта қарадық. Автобустардың ыңғайлы кестесін де жасап, бекіттік. Бүгінгі таңда сол кесте негізінде 42 бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде 36 бағыт үлкен автобустардың үлесінде. Қалған 6 бағыт – бір есікті шағын автобустар. Жыл соңына дейін бұл автобустарды да толығымен ауыстыру көзделуде, – дейді бөлім басшысы бізге берген сұхбатында. Жаңа көліктерді жолға шығарған серіктестік директоры Айдын Алтай салада әлі де болса шешімін күткен мәселелер бар дейді. Сондықтан серіктестік жолақы тарифін көтеру арқылы біраз инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр екен. Солардың бірі – автобустарға арналған жылы бокстер аумағын кеңейту. Қазір «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-ның 150-ге жуық автобусы қыста жылы бокс ішінде тұрады. Бұл – бағыттарда көліктің кешікпей жүруіне үлкен септігін тигізеді.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.