Ұлық мереке ұлағаты
Ұлық мереке ұлағаты
Наурызнаманың бесінші күні – Ұлттық киімді ұлықтауға арналды. Айтулы күнді жамбылдықтар да айрықша сән-салтанатымен атап өтті. Мерекеге орай, «Көне Тараз» кешенінде «Ұлттық киім – трендте» атты акция ұйымдастырылды. Іс-шара аясында ардагерлер, жастар, еріктілер мен қолөнершілерден құралған 100-ден аса тұрғын ұлттық нақыштағы киім киіп, көне шаһарды думанға бөледі. Олар Төле би даңғылынан бастап қаланың бірқатар орталық көшелерін жүріп өтіп, тараздықтарға ерекше әсер сыйлады. Сондай- ақ, іс-шара аясында ұлттық киімдер туралы викториналық сұрақтар қойылып, көпшілікке құрт, ірімшік, бауырсақ секілді қазақи дәмдер таратылды. Бұдан бөлек, «Көне Тараз» кешенінде мектеп жасындағы 30 бүлдіршін «Ерке сылқым» күйін орындады. Дәл осындай мазмұндағы бірқатар іс-шаралар облыстың аудандарында да лайықты жалғасын тапты. Атап айтсақ, Байзақ аудандық әл-Фараби атындағы Мәдениет үйінде өткен іс-шара барысында жергілікті шеберлер тіккен ұлттық киімдердің сән үлгілерін көрсеткен көрме ел назарына ұсынылды. Бұл күні тұрғындар «Әдемі» тігін шеберханасының негізін қалаушы, жеке кәсіпкер Аққалам Жұмаева мен аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күнсая Әмірованың ұлттық мерекеге арналған туындыларын тамашалады. Сондай-ақ, осы күні Жамбыл ауданында 500-ге жуық адам ұлттық киім киіп, Аса ауылының негізгі көшелерімен жүріп өтті. Жол бойы халық әндері мен патриоттық әндер шырқалды.
Гүлсім ДӘУЛЕШ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлдік университетінің веб-журналистика мамандығының 4-курс студенті.