Мәдениет

Аймақтағы ауқымды агрофорум

Аймақтағы ауқымды агрофорум

Тараз қаласында тұңғыш рет ауыл шаруашылығына арналған І халықаралық көрме-форум ұйымдастырылды. Үш күнге созылған «KazАgroZhambyl-2024» атты форум халықаралық Түркі мемлекеттері ұйымының ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының отырысымен басталды.

Айта кетейік, бұл форумға Түркі мемлекеттерінің Ұйымы ауыл шаруашылығы министрліктері, яғни Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Пәкістан, Тәжікстан және Қытай, Венгрия мемлекеттерінің өкілдері келген. Аталған көрме- форум ауыл шаруашылығындағы соңғы үрдістер мен инновацияларды талқылау үшін жетекші сарапшылар мен сала өкілдерін біріктіреді. Қазақстан мен Түркияның ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми қолдауымен Ecosa және TSUAB ұйымдастырған «Seeds Forum Taraz 2024» саласының сарапшыларымен тұқым шаруашылығы жөніндегі мамандандырылған форум тұқым шаруашылығын және тиімді ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, тұқым нарығындағы ағымдағы жағдай мен жаңа трендтер үшін өзекті ең маңызды мәселелерді қозғайды. Мұнда негізінен ауыл шаруашылығын дамыту мақсат етілген. Осы саладағы жаңа технологияларды, препараттарды шаруаларға таныстырып, бизнеске арналған ақпараттармен қамтылмақ. Оқыта отырып көрсету арқылы өнімдерді қайта өңдеу мен тұқым шаруашылығын дамыту көзделген. Инвесторларды тарту арқылы облысымыздың ауыл шаруашылығына инвестициялар көлемін ұлғайту, қазақстандық тауар өндірушілер үшін өткізу нарықтарын кеңейтуді мақсат еткен форум облысқа іскерлік туризмді және агротуризмді ілгерілетпек. Форум «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі көрме павильонында 19 наурыз күні басталды. Ондағы көрмеге «Халықаралық сауда көрмесіне» зиянкестерге қарсы шетелдік соңғы үлгідегі дәрі-дәрмек пен алқапқа тыңайтқыш шашуға арналған дрон, трактор, егістік жерді, өндірілген өнімді өңдеуге қатысты түрлі ауылшаруашылық техникалары қойылды. Әрине, ауыл шаруашылығының көрмесі болғандықтан, көкөніс және жеміс-жидек өндірісі, өсімдіктерді қорғауға арналған құралдар, ет және сүт шаруашылығына, егінді баптау және сақтауға, суару жүйелеріне, жылыжай бизнесіне қажетті жабдықтар, ауылшаруашылық саласына арналған киімдер мен жем, тұқым, тыңайтқыш, асылтұқымды мал да жұрт назарына ұсынылды. Ауыл шаруаларына берері мол айтулы іс-шараны ұйымдастырушы, «ExpoGroup» халықаралық көрме компаниясының басшысы Шолпан Қожабаеваның сөзінше, көрмеге 70 мемлекеттен 200 компания өкілі қатысып отыр. – Ауыл шаруашылығына арналған көрме ұйымдастыруда 20 жылдан астам тәжірибем бар. Осы уақыт бойы негізі ауылшаруашылық көрмелерін солтүстік өңірлерде ауқымды етіп өткізіп келдік. Алғаш рет оңтүстік өңірде ұйымдастырып отырмыз. Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы саласында өзінің алар орны, осындағы ауыл шаруаларының айтатын ойы, қоятын талап-тілегі бар. Осы өңірдің экономикасын көтеруде, жамбылдық фермерлерге жаңа инновация алып келуде бұл көрменің үлесі зор. Аталған іс-шараны пайдаланып, жергілікті фермерлер техника мен түрлі құрал-жабдық, тыңайтқыш немесе басқа да салаға қажетті өнім өндірушілермен, диллерлермен тығыз байланыс орната алады. Ауылшаруашылық тауарын өндірушілер бір уақытта тауарлардың үлкен таңдауына қол жеткізеді және мамандармен тікелей кеңесе алады. Мысалы, 3 күнге жалғасатын форумға 70 елдің сарапшысы келді, бұл дегеніңіз ауылшаруашылық өндірісіне ашылған үлкен мүмкіндік, – дейді Ш.Қожабаева. Көрмеге тек Қытай Халық Республикасының өзінен бірнеше компания заманауи техникаларын, ұшқышсыз ұшу аппараттарын әкелсе, көршілес Өзбекстан елінің компаниялары кептірілген жемістер, ауыз су өндіруге арналған құрылғыларын көрмеге қойып, таныстырды. Агрокөрмеге өз өнімдерін шығарған түркиялық «Atlantis» фирмасының эксперт-менеджері Али Арал біздің елге соңғы үш жылда он рет келгенін айтты. – Қазақстанға келген әрбір сапарымда өз техникаларымызды таныстырумен қатар, осы елдің жаңалықтарынан да хабардар болып кетемін. Бүгінгі форум да ауыл шаруаларының бір-бірімен тәжірибе алмасып, ұтымды жұмысқа қажеттіні игеруге мүмкіндік беріп отыр. Біз бұл көрмеге жаңбырлатып суару құрылғысын ұсындық. Көрмеде көрсетіп отырғанымыз құрылғының кішірейтілген көшірмесі. Негізі ұзындығы – 800 метр. 10-48 сағат аралығында 5 гектардан 150 гектарға дейінгі алқапты суаруға мүмкіндігі жетеді. Бағасы құрылғының көлеміне қарай 5 мың АҚШ долларынан басталып, 150 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Бүгінге дейін қазақстандықтарға 60 жаңбырлатып суару құрылғысын саттық. Мәселен, құрылғыны Талдықорған, Семей, Атырау, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Тараз, Түркістан қалаларындағы және Меркі ауданындағы фермерге де өзіміз орнатып бердік, – дейді А.Арал. Өткен жылы ауа райының қолайсыздығынан облысымыздың шаруалары біраз қиындыққа тап болып, еңбектің өнімін ала алмаған болатын. Су жетіспеушілігі мен сапалы тұқымға қол жеткізе алмаудың салдары біраз іске кесірін тигізгені есте. «KazАgroZhambyl-2024» форумы осындай мәселелердің шешімін табуды мақсат етеді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА