Әлеумет

Аюбаевтың жаңалығы

Аюбаевтың жаңалығы

Өрт сөндірудің төрт бірдей жаңа тәсілін ойлап тапқан Марат Аюбаев ағамызбен редакцияда жүздесіп, сұхбаттасуға уағдаласқан болатынбыз. Межеленген мерзімде зейнет жасындағы ағамыз есіктен ентіге кірді. «Жүрегім ауыратын болған соң, жоғары қабатқа көтерілген сайын ентігіп, демігіп қалатын болып жүрмін...» деді ыңғайсызданған кейіп танытқан күйде. 

Осы бір сөзі маған «әр есікті бір ашып, табанымды тоздырып, жүрек ауруын да таптым» дегендей әсер етті де, нақтылай түскім келіп:

– Аға, осы жаңалығыңызға қанша жылыңызды жұмсадыңыз? – дедім. – Менің негізгі мамандығым – инженер-құрылысшы. Бірақ, әртүрлі салада ашқан бірнеше жаңалықтарым бар. Ал осы өртке қатысты жаңалығымды жария етіп, қолданысқа енгізу үшін 15 жылдан астам уақытым кетті. Атақты Бауыржан Момышұлы – менің туған нағашым. Осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын Баукеңнің Жәмилә деген әйелі қайтыс болып, біраз жабырқап жүрген еді. Сосын біз ол кісіні үйге шақырып, бір айдан астам бізбен бірге тұрған болатын. Менің жасым ол кезде отыздар шамасында. Бірде Баукең менің осындай сызбаларымды көзі шалып қалды да: «Әй, Марат! Сен болашақта үш кедергіге жолығасың», – деді. «Ол не кедергі, көке?» – дедім мен таңданып. «Ол кедергінің біріншісі – басында миы жоқ, айтқанға түсінбейтін, бірақ өзін данышпан санайтын маубас адамға жолығасың. Екіншісі – өзін биік санайтын, бірақ басқаларды елемейтін адам – таубасқа жолығасың. Үшіншісі – өзі түк жұмыс істемейтін, ештеңені шешпейтін, бірақ істеген адамға кедергі жасайтын, оның аяғын шалатын жаубасқа жолығасың!» – деді. Мен онда жаспын, мән бермедім. Кейіннен осы жаңалықтарымды қайтсем қолданысқа енгіземін деп жүргенде, шынын айтқанда, маубасқа, таубасқа, жаубастарға да жолықтым. Сонда Баукеңнің қырық жыл бұрынғы айтқандарын есіме алып, жағамды ұстадым. – Сонда сіз әлі ешбір жаңалығыңызға патент алып, қолдау таппадыңыз ба? – Осы уақытқа дейін бармаған жерім, қақпаған есігім қалмады. Биыл ғана облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қолдау-көмегінің арқасында өртке қатысты жаңалықтарымды тәжірибе жүзінде таныстыруға мүмкіндік алып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2 миллион теңге көлемінде қаражатқа ие болдым. Өрт сөндіру машинасының патентін алдым, ал өзгелерін тиісті орындар сараптамадан өткізуде. – Енді осы жаңалықтарыңыздың жай-жапсарымен толығырақ таныстырсаңыз... – Бірінші жаңалығым – биік ғимараттарда, тұрғын үйлерде, кеңсе, дүкендерде тұтанған өртті адамның қатысуынсыз, автоматты түрде сөндіруге арналған құрылғы. Табиғатта инертті газдың елуге тарта түрі бар. Соның бірі – азот. Ауамыздың 77-78 пайызы да азоттан тұрады. Инертті газдың осы түрі көп таралған әрі арзан болғандықтан, осы газдан тәжірибе жасап көрдім. Ол үшін азот құйылған баллон газ жүретін құбыр арқылы тартылады. Бөлме ішіне екі клапан қойылып, оның тесігіне тез еритін материалдың бірі құйылады. Мен смоланы пайдаландым. Ол 60-70 градуста ериді. Сонда өрт тұтанғанда жалын алдымен тез еритін материалды қыздырып, ерітеді де, тесікті босатады. Ол тесіктен құбыр арқылы бөлмеге инертті газ кіріп, ауаны ығыстырады. Сөйтіп өрт небәрі екі минут ішінде автоматты түрде өшеді. Жалпы, өрт болған жерде құжаттар, жиһаздар, тағы да басқа құнды заттардың кейбірін өрт шалмаса да, ол судан, көбіктен бүлініп, жарамсыз болып қалады. Сонда өрттен бүлінді не, судан бүлінді не, айырмасы шамалы ғана болып қалады, шынын айтқанда. Ал, бұл тәсілмен өртті өшіргенде ешбір затымыз бүлінбейді деуге болады. Сонымен бірге, жанармай, мұнай базаларындағы өртті сөндіру қиынның қиыны. Оның үстіне, су не көбік араласқанда, олардың құрамы мүлдем өзгереді де, қайта өңдемесе тіпті, жарамсыз болып қалады. Егер мұнда да инертті газ арқылы өшірсек, жанармай адамның қатысуынсыз небәрі үш минутта өшеді. Ол үшін шатыр мен жанармай тұрған жердің арасына коллектор қоямыз. Оған белгілі мөлшерде, бірдей қашықтықта қалпақшалар қоямыз да, еритін затты құямыз. Өрт болғанда жалын жоғары барып, қалпақшаны ішіндегісімен бірге ерітіп, инертті газ шығады да, өрт сөнеді. Алматыда базарлар бір емес, бірнеше мәрте өртеніп, қаншама саудагерлер мен кәсіпкерлерді шығынға батырды. Миллиардтаған ақша күл болды. Ол жерлерге өрт сөндіруші көлік тұрмақ, адамдардың кіріп-шығуы да қиындайды. Қаншама уақыт кетеді. Сондықтан базарларға да осы автоматты құрылғыны топтап немесе жекелей орналастыруға болады. Әрі саудагерлердің тауарлары да бүлінбейді. Келесі жаңалығым – «Аюбаевтың көп салалы өрт сөндіру машинасы» деп аталады. Қазір дүниежүзінде өрт сөндіру машиналары сусыз жерде бір сағаттан артық жұмыс істей алмайды. Ресейде соңғы шыққан машинаның жетістігі – өртті ыстық судың буымен өшіреді екен. Бірақ оның бағасы 180 миллион теңге көлемінде көрінеді. Ал, менің ойлап тапқан өрт сөндіру машинамның құны – 35-40 миллион теңгенің айналасында болады әрі сусыз жерде 2 тәуліктей тоқтаусыз жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Өзге машиналар сумен, бумен, 1-2 тәсілмен ғана өртті сөндіре алса, менің ойлап тапқан машинам 7-8 тәсілмен жұмыс істей береді. Мұнда өрттің жағдайына, сипатына, орын алған жеріне байланысты бумен, сумен, көбікпен, бу араласқан сумен, инертті газбен, бу араласқан көбікпен, су араласқан көбікпен, газ араласқан көбікпен өшіруге болады. Соңғы жаңалығым, таулы, орманды, шалғай жерлерде өртті тікұшақпен сөндіруге қатысты. Қаншама адам күші, техника жұмылдырылды? Қазір бізде таулы жерлерде өрт қалай сөндіріледі? Тікұшақтар өрт болған жерді шамалайды да, суды аспаннан тастай салады. Оның небәрі 10-15 пайыздайы ғана межеленген тұсқа барады. Менің жобам бойынша, үлкен тікұшақтардың ішінде өрт сөндіретін механизм, қазандықтар орнатылады. Ол көбікті де, суды да жасап шығарады. Сонымен бірге, мұнда да инертті газ болады. Ал тікұшақтың астыңғы жағында өрт сөндіруші отыратын арнайы кабина болады. Ол кабинадан бәрін көріп отыруға болады және ол адамды өрттің жалыны мен ыстығынан қорғайды. Кабина ішіне екі басқыш орнатылады. Оның бірін бассаңыз кабина жоғары көтеріледі, екіншісін басқанда төмен түседі. Осылайша өртті жақыннан, дәл әрі сумен, инертті газбен, бумен өшіруге мүмкіндік туады. Бұл қаншама шығынды, уақытты үнемдейді. – Расында да, бұл жаңалықтарыңыздың адамзат баласына да, табиғатқа да тигізер пайдасы орасан екендігіне дау жоқ. Алда елімізді әлемге тағы бір рет таныта түсетін «Экспо-2017» халықаралық көрмесі келе жатыр. Тың дүниелеріңізбен сол көрмеде де бөлісуге ниеттісіз бе? – Біздің елімізде, ашығын айтқанда, өртке қарсы техникамыз ғана емес, ой-санамыз да дамымай жатыр. Олай болмаса, Алматыда бір емес, бірнеше рет базар өртке оранып, қаншама кәсіпкерлеріміз сан соғып қалар ма еді? Меркідегі өртті бес күн бойы өшіре алмай дал болар ма едік? Бізде өртке қарсы, оны дамытпау жолдары қарастырылмаған. Сол себепті менің бұл ойлап тапқандарым қолданысқа енсе, тек пайда. Аман болсам, алдымен адам өмірін сақтау үшін жасаған бұл туындыларымды халыққа таныстырып, насихаттаудан шаршамаймын. Сондықтан халықаралық көрмеге де қатыссам деген ойым бар. – Әңгімеңізге рахмет!

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Тараз қаласы.