Экономика

Жамбыл-Шэньси: ынтымақтастық ықпалы

Жамбыл-Шэньси: ынтымақтастық ықпалы

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапардан оралды.

Сапардың басты мақсаты – екі мемлекет басшыларының жоғары деңгейде қол жеткізген келіссөздерінің шеңберінде экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру болып табылады. Сапар барысында Шэньси провин-циясының Сиань қаласында облыс әкімі К.Көкірекбаевтың Шэньси провинциясы халық үкіметінің төрағасы Лоу Циньцзянмен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың болашағы туралы әңгіме болды. Сонымен қатар, энергетика саласындағы әріптестік жайы да айтылды.

Энергияның тиімділігі мен жаңартылған энергия көздерін пайдалану саласында ынтымақтастық анықталды. Атап айтқанда, «Да И» қытай компаниясымен қуаты 200 МВт жел электростансасының құрылысын салу жөнінде бірлескен жобаны іске асыру келісіміне қол қойылды.

Сондай-ақ, аграрлық саладағы жаңа жоғары технологиялық жобаларға назар аударылды. Соның ішінде, Янлинь үлгілі ауыл шаруашылық аймағы Комитетімен Жамбыл облысында жоғары технологиялы аграрлық-инновациялық паркін құру туралы келісімге келді. «Жібек жолы белдеуіндегі экономика» қытай бастамасы аясында «XINGHUO» Шэньси іскерлік корпорациясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жамбыл облысы экономикасына инвестиция құюды жоспарлауда. Алдағы 3 жыл ішінде органикалық жеміс-жидектер мен көкөністерді өндіру және қайта өңдеуге арналған, сонымен қатар ет, сүт шығаратын және өнімді қайта өңдейтін кәсіпорындарды құру бойынша заманауи мал шаруашылық кәсіпорындарының кластерлерін құру бойынша ынтымақтастыққа қол қойылды. Қазақстан-Қытай өңіраралық даму мәселесі негізгі тақырыптың бірі болды. Бұл бағытта Жамбыл облысы мен Шэньси провинциясының арасында тиісті Меморандумға қол қойылды. Мәдени ынтымақтастықтың аясында бірлескен халықаралық фестиваль өткізу, өнер мен мәдениет саласындағы жаңа технологиялармен және тәжірибелермен алмасу, сондай-ақ, қытай археолог-ғалымдарының көне Тараздың ғылыми-қазба жұмыстарына және ҚХР-ның өнер қайраткерлерінің Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілетін салтанаттарға қатысуы туралы келісімге келді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілетін мерейтойлық салтанаттармен тұспа-тұс келетін «Қытай-Қазақстан» достық пен ынтымақтастық керуенінің шеңберінде Тараз қаласында «Шай үйін» ашу келіссөздің маңызды сәтіне айналды. Білім саласындағы конструктивтік қарым-қатынасқа екі тарап та қанағаттанарлық көзқарас танытты. Оның ішінде, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты мен Сиань педагогикалық университеті студент жастарымен және оқытушылармен тәжірибе алмасуға келісімге дайын екендігін білдірді.

«Ақ жол-Ақпарат».