Жаңалықтар

Орталық ашу оңтайлы ма?

Орталық ашу оңтайлы ма?

Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңес отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібінде өңірде биыл ашылатын «Отбасын қолдау орталықтарының» дайындық барысы қаралды.

Тараз қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімовтің төрағалығымен өткен іс-шараға партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұқанов, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов және Меркі ауданы әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Басқосуда алғаш болып сөз алған облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұқанов өткен жылы Жамбыл және Байзақ аудандарынан ашылуы тиіс отбасын қолдау орталықтарының ашылмай қалу себебін түсіндірді. – 2023 жылдың 9 ақпан күні басқарма тапсырмасымен Жамбыл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан ашылған зорлық-зомбылық құрбандарына кеңес беру кабинеттері ашылған болатын. Осы мерзім ішінде тек 5 әйел кеңес алу үшін қабылдауда болғаны анықталды. Жамбыл ауданының қала маңындағы 11 елді мекені – 35000 адамның Тараз қаласына қосылуы жоспарлануда. Жамбыл ауданынан отбасын қолдау орталығын ашу үшін 15 штатық бірлік, жылына кемінде 40 миллион теңге қаражат қажет. Осы мәселелерді ескере отырып, аудан орталығында отбасын қолдау орталығын ашу экономикалық тұрғыда тиімсіз деп есептеледі. Байзақ ауданынан аталған орталықты ашу тапсырылған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне 2023 жылға бір жылдық шығындары бойынша 35000,0 мың теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Бірақ орталық ашуға тиісті ғимарат табылмауына байланысты ол ашылмады. Орталықты ашу осы жылға жоспарланып отыр, – деді Бекболат Мұқанов. Ал, өз кезегінде, Жамбыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жомарт Телеуов те ауданнан отбасын қолдау орталығын ашу үшін 15 штаттық бірлік, жылына кемінде 40 миллион теңге қаражат қажет етілетінін жеткізді. Сондай-ақ, оның сөзінше, 2023 жылдың 10 сәуірінде облыс басшылығына аудан тарапынан отбасын қолдау орталығын ашу тапсырмасын қайта қарауы бойынша хат жолданған. Нәтижесінде облыстық әкімдік көрсетілген уәждерді талдап, аудан көлемінде орталықты ашу тиімсіз болғандықтан ашу қажеттілігі жоқ екендігі туралы мәлімдеген. Сондықтан аудан басшылығы отбасын қолдау орталығын ашу экономикалық түрде тиімсіз деген ұйғарымға келген. Десе де, партия облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің мүшелері аудан тарапынан жыл сайын қанша адамның зорлық-зомбылық көретіні туралы зерделеу жұмыстары жүргізілмейтінін сынға алды. Жауапты мамандарға осы олқылықтың орнын толтыру үшін екі ай уақыт берілді. Сондай-ақ, отбасын қолдау орталығын ашу мәселесі де қайта қаралатынын жеткізді. Ал, Байзақ ауданында Отбасын қолдау орталығын ашу мақсатында жергілікті бюджеттен биыл 50 миллион теңге қаржы қарастырылып қойыпты. Аудан әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Еркін Зәуірбековтың айтуынша, орталық ашуға ыңғайлы ғимарат та табылыпты. Енді бөлінген қаржының 15 миллион теңгесі сол ғимаратты ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, ал 35 миллион теңгесін мекеменің қажетті шығындарына жұмсау жоспарланып отыр екен. Сол секілді осындай орталықтар биыл Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында ашылуы тиіс. Кеңесте аталған аудандардың осы бағыттағы жұмыстары сараланып, тиісті ұсыныстар берілді.  

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,

Amanat партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.