Жаңалықтар

Бабалар дәстүрі қайта жаңғырды

Бабалар дәстүрі қайта жаңғырды

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні облысымызда ел жадында сақталған ғұрыптар насихатталды. Бұл күні Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде «Ұмыт болған оюлар» тақырыбында құрақшылар әлемі фестивалі ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары қолөнершілердің туындыларынан құралған көрмені тамашалады. Бұл күні Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйінде халқымыз үшін қастерлі жоралғылардың бірі – Бесікке салу дәстүрі дәріптелді. Бесік тойға жиналған әйелдер қауымы нәрестеге ізгі тілектерін арнап, оның үстіне тоғыз жабу жапты. Мереке барысында бесік жыры айтылып, ауылдың алты ауызы орындалды. Көнекөз әжелер ою- өрнекпен жабдықталған бесіктің қадір- қасиеті жөнінде мол мағлұмат берді. Ал, Меркі ауданында шаңыраққа келген қонаққа су құю дәстүріне сай көрініс көпшілік назарына ұсынылды. Ардагер ұстаз Әшімкүл Өмірбекова бастаған №35 мектептің оқушылары «Сүлеймен де су құйған» тақырыбында қойылым қойды. Сондай-ақ, бұл күні Меркі ауылдық округінің аналар кеңесі мен «Дәстүрге жол – қазақ аналары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері жүн түту, келі түю сынды бірқатар дәстүрлерді жаңғыртты. Қордайда жылжымалы кино-қондырғы автоклубының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйі мен 9 елді мекенде бір мезгілде «Мағжан» фильмі көрсетілді. Осылайша, Отар, Кенен, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қарасу, Әлжан ана және Жамбыл ауылының тұрғындары қазақ әдебиетінің жарық жұлдызымен қайта қауышты. Сонымен қатар, осы күні аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары қазіргі кезде қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордің бірі – Жарапазан жырын қайта жаңғыртты. Жамбыл ауданында мәдениет және салт-дәстүр күні киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленді. Бұл күні аудан тұрғындарының назарына қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды. Іс- шара барысында жиналған қауым «Қара жорға» биін тамашалап, жалынды жастар алтыбақан тепті. Айта кетейік, осы күні Тараз қаласындағы «Grand bazaar» сауда кешенінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Қордай, Шу аудандары мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің 39,9 тонна өнімдері жеткізілген. Төмен бағада сатылымға шығарылған өнімдер нарықтағы бағадан 10-20 пайыз төмен мөлшерінде өткерілді.  

«Aq jol»-Aqрarat.