Тамды ауылы тамаша болады
Тамды ауылы тамаша болады
Ол үшін қордаланған мәселелерді шешудің жолын қарастыру қажет
Қазыналы қарт Қаратау бөктерін бойлай, оның солтүстік-шығыс беткейіне, қазіргі Жамбыл, Сарысу, Жуалы аудандарымен, Оңтүстік Қазақстан облысымен шекаралас орналасқан Тамды ауылы – өзінің бай тарихы, шежіресі, дәстүрі бар байырғы ауыл. Төрт түлік малдың өрісі болған Арбатас, Медеу бай сайы (қазіргі комбинат орналасқан сай, ол кісінің бір қолы шолақ болғандықтан Шолақтың сайы, Шолақтың тауы, сөйтіп жердің Шолақтау аты пайда болған), Сүлеймен бай сайы (өткен ғасырдың 20-30 жылдары республикамыздағы бірден-бір қорғасын кеніші болған, қазіргі телемұнара орналасқан биік), Байтоқты сайы, Сатыбалды тұмасы, Марын сазы, Сыбан сазы, Қызыл дегерес, Дарбаза, Шилібастау, Алтаяқ бұлақтары, Шахантай, Көктөбе, Ақшұқыр, Жайылма сияқты суы мол шұрайлы жерлер, Төле би, Қойгелдіден кейін Ташкенді билеген Жалмырза ханның жаз жайлауы, қыс-қыстауы болған.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында бұл өңірде мал шаруашылығымен қатар жер өңдеу, егін салу кәсіпшілігі ерекше дамып, мол өнім алынып отырған. Бұған осы кезеңде, тіпті кеңес дәуіріне дейін жұмыс істеп келген бір Тамды өзенінің бойында кәсіпшілер Құлсерек, Нұрмағанбет, Өстемір, Оспанбай, Аймыш, Қоныс, Мырзағұл, Қисықтың, яғни барлығы 8 су диірменінің болуы ата-бабаларымыздың кәсіпкерліктен кенде болмағанын білдіреді. Егін салу кәсіпшілігінің дамуына XIX ғасырдың 70 жылдары бабаларымыздың табиғи аңғарларды пайдалана отырып қолмен, кетпенмен, қайламен соғылған сыйымдылығы 2-3 миллион текше метр жиналатын «Тамды» су қоймасы көп септігін тигізген. «Тамды» әуітіне тек Арбатас өзенінің суын ғана емес, қазіргі Қаратау қаласының демалу аймағынан ешқандай техникалық құралдың көмегінсіз Тамды өзенін бұрып, канал қазу арқылы 1935 жылдары су жеткізген сол кездегі ауылдық кеңес төрағасы Меркібай Тілегеновтің еңбегін атап өткен жөн. Бұл Тамды ауылдық аймағынан кезінде Қасқабұлақ елді мекені, тың игеру жылдарында Марын саз егістік алқабы, Қаратау кеңшарының иелігіне, алдында Шолақтау кенті, кейіннен Қаратау атанған қала, Көктал кенті бөлініп шыққан, Ақкөл, Ильич атындағы кеңшарларына жер бөлініп, енші берілді. Өткен ғасырдағы ұжымдастыру кезінде ашылған аудандағы жалғыз Ақшұқыр орта мектебі 1944 жылы осы ауылдан Шолақтау кентіне Карл Маркс атындағы орта мектеп болып көшірілді. Енді кезінде «Молодежный» атанған кеніш атын сол кеніш орналасқан сайда ұзақ жылдар өмір сүріп, Тамды ауылының байырғы тұрғындарына сүйеу болған алғашқы барлаушыларға, фосфор кенін беріп, кеніштің ашылуына жол көрсеткен Медеу байдың аты берілсе құба-құп болар еді. Ал Қаратау қаласы 30 жылдың ішінде гүлденіп, көркейіп, сәулеттеніп 50 мың халқы бар шаһарға айналды. Бірақ, бұл Одақ кезіндегі және өтпелі кезеңдегі нақты жағдайымен салыстырғанда мәселенің тек күнгей жағы ғана. Яғни, шаруашылық қызыл империя кезінде болашаққа мән бермей тек бір жақты өндіріспен, жоспар қуумен айналысып келген. Әлеуметтік мәселелері, әсіресе экологиялық түйіткілдер назардан мүлдем тыс қалған десе де болады. Кезінде ауылдың бет-бейнесінің, тұрмысының төмендеуін ауыл тұрғындары, сыртта жүрген азаматтары орталық билік органдарына дүркін-дүркін хат жолдап, орынды ұсыныс-пікірлерін білдірген. Бірақ, олардың жан айқайына сол кездегі тоталитарлық басқару механизмі, солақай саясат, жалаң әкімгершілік билік ешқандай мән бермеген. Нәтижесінде өткен ғасырдың екінші жартысында Тамды ауылының көлемінде орналасқан шаруашылық ыдырай бастады. Ең алдымен шаруашылықтың шұрайлы, қазыналы жерлері басқа шаруашылықтарға беріле бастады. Жері шұрайлы, сулы, емдік суы мен батпағы бар Күйгенкөл, Ұзынбұлақ, үңгірінде алғашқы адам мекендеген Бөріқазған, Қара дегерес жайылымдықтары қазіргі «Көктал» акционерлік қоғамына, Кемер, Тәңірқазған, Шақантай жайылымдықтары Ақкөл кеңшарына, тың игеруге байланысты Қасқабұлақ, Марынсазы егістік жерлері Қаратау кеңшарына, бағалы мәрмәр тасы мол орналасқан «Подхоз» учаскесі халқымен қоса Қаратау қаласына ауыл тұрғындарының келісімінсіз, тек бір адамның шешімімен беріліп кетті. Тіпті, қазіргі Қаратау қаласы мен Көктал ауылы, жоғарыда айтқанымыздай, осы ауылдан енші алып бөлініп шыққан. Сөйтіп Тамды ауылдық округінің жалпы көлемі 2 есеге дейін кеміп, 24230 гектарга түскен. Ауыл қатты күйзеліске ұшырады. Кооператив өз күшімен тығырықтан шыға алмады. Жаңадан енші алған 49 шаруа қожалығы түгелдей аяғынан тік тұрып кеткен жоқ. Жаңадан аяқ басып келе жатқан кәсіпкерлердің жұмысы басталмай жатып, тоқтап қалды, бірнеше ғимараттар бұзылып кетті. Ауылдағы 1123 гектар суармалы жердің пайдалануы 350 гектарға дейін төмендеді. Судың тапшылығынан 1000 гектар суармалы шабындық (лиман) жарамсыз күйге ұшырады. Қаржының жоқтығынан Билікөл көлінен тартылған типті темірбетон су жүйесі толығымен істен шықты. Ағын су тек Тамды өзені арқылы толтырылатын «Жартас», «Мыңшұңқыр», «Алтынбек» және «Тамды» әуітінен алынатын жағдай туды, яғни бұл әуіттерді толтыру және суды алты айға, бүкіл суғару мерзіміне жеткізу күрделене түсті. Жерді табыс көзі деп есептейтін, сондай-ақ негізінде көкөніспен айналысатын егіншілер, кәсіпкерлер суармалы жерге деген, суға деген, толыққанды өнім алуға деген сенімдерін жоғалтты. Ауыл тұрғындарымен, мамандармен есептеспей, жоғарғы биліктің асыра сілтеуінің арқасында Тамды қой совхозы, бір мезетте Тамды мал бордақылау совхозына айналып шыға келді. Алдымен совхоздың егелігіндегі 48 мыңнан аса қой-ешкі ауданның басқа шаруашылықтарына өтеусіз, қайтарылымсыз беріліп жіберілді. Осы мақалада атап өткеніміздей, елдің келісімінсіз жайылымдық жердің ең шұрайлы бөліктері Жуалы ауданына, ауданның басқа шаруашылықтарына беріліп кетті. Совхозда қажетті жемшөп базасының болмауынан, мал бордақылау, мемлекетке сапалы ет сату процесі күрделі жағдайда жүргізілді. Шаруашылықтың ауыл шарушылығының тек мал бордақылау саласымен айналысуы табыс әкелмей, оның зиянға белшесінен батуына әкеп соқты. Совхоздың азғантай жерінің шұрайлы жайылымдық пен шабындық жерлері жыртылып, егістік жерлерге айналып кетті. Мал шаруашылығын, әсіресе, қой шаруашылығын дамыту тегеурінді қыспақтың арқасында совхозда да, жеке секторда да елеусіз қалды. Тіпті, жеке меншіктегі қой-ешкі саны өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасына дейін 4000 бастан асқан емес. Бұл құрылған жаңа құрылым да ауылға табыс әкелген жоқ. Құйылған қаржы өндіріс нысандарына, жерді өңдеуге беріліп, Жер – ананың нәрі өнім ретінде сығылып алып, сыртқа кетіп жатты. Жерге айналымдағы және негізгі қорларға, өндіріске, басшылық қызметтерге біз еге бола алмадық. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірудің шеберлері деп совхоз басшылығына кадрлар сырттан тағайындалды. Материалдық игілікті өндірумен айналысатын жұмысшы мамандар да жергілікті жерден дайындалған жоқ, олар да сырттан әкелінді. Жақсы жерде, бірінші кезектегі су да, сапалы тұқым мен өнім де, артық өнімнің пайдасы да совхозға немесе әлеуметтік салаға емес, тек соларға тиесілі болды. Ауылдың байырғы тұрғындары тек қосалқы шаруашылықтармен айналысты, олар өз жерінде тұрып өз жеріне еге бола алмады. Басшылықтың халыққа жасаған үлкен қиянаты – жоспар орындау мақсатында ХІХ ғасырда бабалар соққан «Тамды» әуітінен, сол бабалар орналастырған Тамды ауылының тұрғындарының үй іргесіндегі учаскесіне ағын су беруге қатаң тыйым салуы. Нәтижесінде 1965 жылдары көк желекке оралған ауыл небәрі 4-5 жылда талдары қурап кеткен, есігінің алдындағы құдықтың суы тартылған іреңсіз, сүреңсіз мүсәпір ауылға айналды. Жекешелендіру кезінде кооператив мүшелері мен ауыл тұрғындарының жеке үлесіне тек жер ғана тиді.
Мен осы ауылдың тумасы ретінде, бұрынғы аудан басшыларының бірі ретінде, осы ауылдан аудандық советке сайланған депутат ретінде Тамды ауылымен байланыста болдым. 1995 жылдан осы уақытқа дейін «Қойгелді» өндірістік кооперативінің, кейіннен шаруа қожалығының төрағасы, Тамды ауылдық округінің әкімі, шаруа қожалығының төрағасы, Тамды ауылдық округі қоғамдық қауымдастығының мүшесі ретінде Тамды ауылының тыныс-тіршілігі көз алдымда өтіп жатты. Әр жылдардағы облыс басшыларының тапсырмасы бойынша ауылдың жағдайы зерттелінді, ұсыныс та, қойылған мәселелердің көпшілігі оң шешімін тапты. «Қойгелді» өндірістік кооперативі оның мүшелері мен қоғамдық ұйымдардың, ауыл тұрғындарының жалпы жиналыстарының шешімдеріне сай ауылдағы күрделі мәселелерді шешу мақсатында тікелей облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдармен, өнеркәсіп, энергетика және құрылыс алпауыттары «Қаратау», «Металконструкция», «Алаугаз», «ЖРЭК», «ПМК-109», «Қаратау ПТВСК» акционерлік қоғамдарымен, жалпы 16 ірі кәсіпорындармен келісім-шарттар жасасты. Келісім-шарттарға сәйкес, жалпы құны 110 миллион теңгеге мәміле жасалды. Одақ кезінде жүзеге аспаған елдің арманы болған орасан жұмыстар жүзеге асырылды. Кооператив банкроттық жағдайдан шықты, бір гектар да жер сыртқа кетпей жер телімдері түгелдей ауыл тұрғындарына таратылып, ауыл округі көлеміндегі «Тамды», «Жартас», «Мыңшұңқыр» және «Алтынбек» су қоймалары өздеріне қайтарылып берілді. Бұрын орын алған жаппай миграция тоқтады. Осындай өтпелі аласапыран кезде елге, жұртқа, жерге, суға еге болып қалу жеңіспен пара-пар еді. Әулие Тамды ауылының тұрғындары қоғамдаса отырып солай істеді. Дәл осы қиын-қыстау кезеңде мемлекеттен, не облыстық, не аудандық бюджеттен қазіргі кездегідей, бір теңгедей қаржы шығарылмай Қаратау қаласынан 7,069 шақырым жоғары қысымдағы, 2,168 шақырым орта қысымдағы, 7,627 шақырым төменгі қысымдағы – барлығы қазіргі бағамен шаққанда, құны 400 миллион теңгені құрайтын 16,864 шақырым газ жүйесі тартылды. Қолбасшы Қойгелді батыр атындағы орта мектепке 60 миллион теңгеге орта қысымдағы газ жүйесі жеткізіліп, шетелдік, яғни Түркиядан алманиялық «Волкан – 100» қазандығы әкелініп орнатылды. Сөйтіп, мектеп толығымен газ отынымен жылытылды. 2 миллион теңгеге ауылдың дәрігерлік амбулаториясы, 500 мың теңгеге ауылдық округінің әкімшілік үйі газ отынына көшірілді. Қазіргі бағамен есептегенде, тұрғындардан 40 миллион теңге шамасында қаржы жиналып, 220 тұрғын үй газ отынына көшірілді, аз қамтамасыз етілген 10 отбасына кәсіпкерлердің демеушілігімен газ жүйесі тегін орнатылды. Қайталап айтамын, осындай атқарылған қыруар жұмысқа мемлекеттік бюджеттен қаржы сұралған да, жұмсалған да жоқ. Талас ауданында газ отынын сол экономикалық күйзеліс кезеңінде ең бірінші пайдаланған жалғыз ауыл Тамды еді. Республиканың су ресурстары комитеті төрағасының сол кездегі орынбасары, жерлесіміз Шамғон Кемелбековтің, сол тұстағы облыс әкімі Б. Жексенбиннің тікелей тапсырмаларымен Тамды ауылын таза ауыз сумен қамтамсыз етудің 2007 жылғы терең зерттелген, ғылыми негізделген, экономикалық тиімді, пайдалануға қолайлы су жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Республикалық бюджеттен 167 миллион теңге қаржы бөлінді. Құрылыс небәрі бір жылдың ішінде соғылып пайдалануға берілді. Су көзі әулие Қотырбұлақ бұлағы ауылдан 32 метр биіктікте орналасқандықтан, су әрбір үйге тәулік бойы үздіксіз берілуде. Ауданда тәулік бойы үздіксіз су беріліп келген бірден-бір ауыл тағы да осы Тамды ауылы. Дегенмен, ауыл тұрғындары, қоғамдық ұйымдар, жергілікті кәсіпкерлер округ көлемінде туындаған барлық мәселелерді шеше алмайтыны анық. Соңғы кездерде туындаған мәселелердің жайы төзгісіз, тіпті алаңдатарлық жағдайда десек, артық айтқан болмас едік. Мәселен, ҚР Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасына және осы тұжырымдамаға сәйкес қабылданған заңдар мен Үкімет Қаулыларына сәйкес, Тамды ауылдық округінде 2013 жылы қоғамдық қауымдастық қайта құрылып, оның жалпы жиналысының өкілдері жаңартылды. Қауымдастық жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Ауылдық округі әкімдігінде 2014 жылдың 1 қаңтарында әкім иелігіндегі мүлікті жалға беруден, айыппұлдардан, сыртқы жарнамалардан, тағы басқа түсімдерден құралатын арнайы есеп-шот ашылды. Ауылдық округінің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағдайларына терең талдаулар жасалынып, мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде шешілуі кезек күттірмейтін бірқатар өмірлік маңызы бар мәселелердің беті ашылды. Бірінші, округ көлеміндегі кейінгі жылдары жеке азаматтардың ауласында ауыл үшін күнкөрісінің көзі мал басының күрт кемуі. Ал, керісінше кезінде мал ұстауға тиіс емес, бір гектар да жайылымдық жері жоқ Қаратау қаласының жеке секторындағы тұрғындардың мал саны өсіп, 2013 жылы қой-ешкі 9427 басқа, мүйізді ірі қара 1476 басқа, жылқы 200 басқа жеткен. Екінші, Тамды ауылдық округі – аймағында инфрақұрылымдық триада – агломерация, көлік, энергетика құрылымдары қолайлы қалыптасқан аудан тұрмақ, облыс көлеміндегі бірден-бір округ. Округ көлемінде есепсіз пайдалы қазба байлықтардың, шикізат өнімдерінің, жоғары кернеулі энергетика желілерінің, темір-автожол көлігі қатынастарының, жоғары қысымдағы табиғи газ жүйесінің болуы ірі кәсіпкерлердің, әсіресе химия өнеркәсібі инвесторларының зор қызығушылықтарын тудыруда. Мәселен, инвестициялық жоба бойынша «Еврохим Удобрение» ЖШС, «Talas Investment Company» ЖШС, «Қаратау Цемент» ЖШС, «Жамбыл Недр» ЖШС зауыттарының жобалары жүзеге асырылуда. 2013 жылы Талас ауданы инвесторлар тартуда облыс бойынша Тараз қаласынан кейін екінші орынды иеленсе, сол инвестицияның бәрі тек осы Тамды ауылдық округіне салынған. Округ көлемінде сондай-ақ бұрынғы «Қаратау» акционерлік қоғамының мұрагері – «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені қалыпты жұмыс істеуде. Әрине, мұндай алпауыт зауыттардың салынуы және жұмыс істеуі ауданның, біздің ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлес қосатыны даусыз. Ауылдың болашағының жарқын болатынына сенімдіміз. Дегенмен, Натрий цианиді зауытының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Б.Алдашовтан басқасынан жанды көмек көре алмаудамыз. Кезінде бұл кәсіпорындар ауыл округінің ең шұрайлы жайылымдық жерлеріне құрылыс соғар кезде ауыл тұрғындарына барлық жақсылықты уәдемен үйіп-төгеді. Соңынан өз сөздерінен айнып, тіпті орны толмас зиян келтіріп, залал шектіруде. Қазіргі «Еврохим Удобрение» ЖШС негізін қалаған, кейіннен «Сарытас» акционерлік қоғамына айналған «Қаратау» химия зауыты ауылдың ең сулы, нулы, шұрайлы жерлерін алғаны үшін совхоздың «Ақшұқыр» учаскесіндегі 601 гектар жерін өңдеп, суармалы жерге айналдырып, гидротехникалық құрылғыларды жүргізуді мойнына алған. Кейін бұл алып кәсіпорын және оның мұрагерлері өз міндеттерін орындаған жоқ. Гидротехникалық ғимараттардың 90 пайызына ұзақ жылдар жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, жарамсыз күйге ұшырады, жоғарыда айтқанымыздай, 253 гектар суармалы жердің сортаңдануына жол берілді. Тіпті, ауыл химия алпауыттары тарапынан берілген демеушілік көмектерден де сырт қалып келеді. Ауыл тұрғындарынан жұмысшы күш аз тартылады. Мәселен, 2013-2014 жылдардың өзінде «Еврохим Удобрение» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан орталығы Қаратау қаласы мен 4 елді мекеннен құрылыс жұмыстарын жүргізуге 948688,0 мың теңге бөліп, демеушілік көрсетті, жаңадан 2 нысан соғылды, күрделі жөндеуден 13 нысан өткізілді. Қаратау қаласынан спорт сауықтыру кешені соғылып, Үшарал ауылындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бірақ, қоғамдық қауымдастық тиісті құзырлы органдарға қанша рет мәселе қойса да, негізгі ауыртпашылықты көтеріп отырған Тамды ауылына осыншама қаржыдан бір теңге де бөлінген жоқ. Мұны қалай түсінуге болады? Ауылдың ахуалын түзеу үшін біз, біріншіден, Тамды ауылдық округі аймағында жұмыс істеп жатқан және жаңадан іске қосылатын химия өнеркәсіптері мен құрылыс материалдарын өндіретін өндіріс орындарына салық салу саясаты біздің ауылдың пайдасына шешілсе дейміз. Екіншіден, 1992 жылы пайдалануға берілсе де осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген Қолбасшы Қойгелді батыр атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінсе. Ауыл көлеміндегі ұзындығы 8130 метр орталық көшелерді асфальттаудың да уақыты әбден жетті. Үшіншіден, суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында «Ақшұқыр» учаскесіндегі гидротехникалық ғимараттар мен құрылғыларды қайта қалпына келтіру жөнінде ЖСҚ әзірленіп, оның кешенді іске қосылуына қол жеткізу керек. Төртіншіден, тоталитарлық биліктің кезінде 227 гектар суармалы жер бекітілген «Алтынбек» су қоймасы Қаратау қаласының кәріз суларын жинақтау пруд-накопитель нысаны ретінде заңдастырылмаған, оған кәріз сулары тазартылмай жіберілуде. Сөйтіп, суармалы жерлердің экологиялық жағдайы төмендеп, оның айналымнан шығуына қауіп туғызуда. Міне, осы жағдайларға байланысты «Тамды», «Жартас», «Мыңшұңқыр» су қоймалары магистральды каналдармен қоса ауыл әкімінің иелігіне берілсе, Қаратау қаласы мен Тамды ауылын су тасқынынан қорғау мақсатында Тамды өзенінің «Дачная» учаскесінен гидротехникалық ғимарат пен «Тамды» каналындағы су құрылғыларын қайта қалпына келтіруге қаржы бөлінсе, «Алтынбек» су қоймасы заңдастырылып, оған кәріз сулары тек тазартылып жіберілсе құба-құп болар еді. Бесіншіден, Тамды ауылдық округі аймағында «Казфосфат» ЖШС-на қарасты «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің иелігіндегі 74 гектар учаскеде орналасқан химиялық қалдық қоймасында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық талаптардың өз дәрежесінде орындалмауы, өндірістік кооперативке қойма аумағын көгалдандыру және қоймадағы шахта суын қоймадан бөлінетін шаң-тозаңды толық басып тұратындай деңгейге жеткен. Бұл жөнінде экологиялық реттеу және бақылау комитетінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №02-1-503/144 хатымен хабарланған. Қоғамдық қауымдастық бұл нұсқама әлі де өз дәрежесінде орындалмауда деп есептейді. Сондықтан, химиялық қалдық қоймасының өз дәрежесінде пайдаланылуына, жалпы ауылдың экологиялық жағдайының түбірімен жақсаруына құзырлы органдардың назары аударылса екен дейміз. Сонымен қатар, жақында облыстың электр жүйесін тарату мекемесі 45 миллион теңге бөліп, ауылдағы талан-таражға түсіп кеткен 35/6 киловатт подстансасын қалпына келтіріп, ауыл тұрғындарын бір қуантып тастады. Бұл жұмысқа алғысымызды білдіргенбіз. Енді сол мекеме ауыл көлемінде Кеңес одағынан бері пайдаланылып келе жатқан, тозығы жеткен электр желілерін қайта қалпына келтірсе алғысымыз шексіз болар еді. Біз, Тамды ауылдық округі қоғамдық қауымдастық мүшелері, жуық арада демеушілік көмегімен немесе басқа да қаражат есебінен жоғарыда аталған экономикалық, экологиялық және әлеуметтік жергілікті маңызы бар мәселелердің оңды шешілуін күн тәртібінен түсірмейміз. Түйіндеп айтқанда, Тамды ауылын әлеуметтік, экономикалық және экологиялық оңалту жөнінде арнайы салалық бағдарламалар жасалынып, тиісті құзырлы органдар тарапынан қолдау көрсетіліп, жүзеге асырылса екен дейміз.
Сламбек ТЛЕГЕНИ, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Талас ауданының Құрметті азаматы.
Талас ауданы.