Жамбыл облысында 6 баланың анасы такси жүргізушісі
Жамбыл облысында 6 баланың анасы такси жүргізушісі
Жамбыл облысында 6 баланың анасы жолаушы тасымалымен айналысады,- деп хабарлайды aqjolgazet.kz сайтының тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Ботагөз Хасенова көлік жүргізуге бала кезден қызыққан. Бұл қызметін жолдасы мен отбасы да қолдаған. Осылайша, келіншек кәсібінен нәсібін тауып жүр. Ботагөз алғаш рет темір тұлпарды 9-сыныпта тізгіндеген. «Ауылда ауызсу болмай, тұрғындар көрші ауылға қатынайтын. Сол кезде тіршілік нәрін тасу үшін мотоцикл рөліне отырдым», – дейді. Содан бастап техникаға деген құштарлығы арта бастаған.
Ботагөз 20 жыл бұрын Бірлесу-Еңбек ауылына келін болып түскен. Бүгінде 6 баланың анасы. Көпбалалы ана жүргізушілікті 4 жыл бұрын кәсіп еткен. Бастапқыда аудан орталығынан азық-түлік алып келсе, одан кейін ауылдастары облыс орталығына жеткізіп салуды өтінген.
Қазір Ботагөздің тұрақты жолаушылары бар. Көбі оны «сенімді жүргізуші» дейді. Автокөлік айдауға әбден машықтанған келіншек күндіз-түні жолға шығуға жүрексінбейді. Жүргізушінің жолдасы техникалық жөндеу орталығында жұмыс істейді. Келіншегінің көлігінен кінәрат табылса, қалпына келтіріп қолдау көрсетуге әрдайым дайын. /фото ашық дереккөзден алынды