«Қара кемпір»... Қасірет... Уақыт...
«Қара кемпір»... Қасірет... Уақыт...
– Биылғы жылдың ақпан айының жиырмасыншы жұлдызында облыстық «Аq jol» газетінде тілші Құралай Сейсен бекқызыны ң «Қараусыз қалған қарашаңырақ» атты мақаласын оқып шықтым. Автор жазбасында соғыс жылдарымен тұспа-тұс Меркі ауданы, Қызылсай ауылында ғұмыр кешіп, ел ішінде «Қара кемпір» атанып кеткен Қали әженің қара шаңырағына барғаны туралы ой-толғамын жазған екен. Айтулы ақын Жақсылық Сәтібековтің сөзі мен әйгілі әнші Алтынбек Қоразбаевтың әуеніне жазылған «Қара кемпір» әнінде соғысқа аттанған қос ұлын күтумен ғұмыр кешкен Қали ананың қым-қуыт тіршілігі суреттелген. Тілшінің Қызылсай ауылына шеккен сапары, Қали әженің шаңырағына бас сұққанынан бастап, көрші-қолаңмен сұхбаттасқан сәттері ерекше әсерге бөледі. Қара кемпір образы арқылы оқушыларды туған жерін, Отанын сүюге, аналарға деген құрметін арттырып, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында осы әдеби кешті ұйымдастырдық, – дейді Құрманғазы Демешов. Кеш барысында мектеп оқушылары соғыс жайлы жазылған жырларды күңірене оқып, Алтынбек Қоразбаевтың орындауындағы «Қара кемпір» әнін тыңдауға мүмкіндік алды. – «Қара кемпір» спектаклін көргенде көзіне жас алмаған адам қалмайтын. Қойылым барысында кейіпкерлермен бірге жылап, қиын-қыстау кездерді басынан жаңа өткергендей күй кешетіндері соншалықты, қойылым үстінде талып қалғандар болған. Ананың балаға деген махаббатының, сағынышының символына айналған бұл образдың тағдырын әрбір жүректің естен шығармағаны дұрыс. Қара кемпір арқылы тұтас бір ұлттың соғыс жылдарында басынан кешкен трагедиясы баяндалады, – деді облыста алғаш болып Қара кемпір образын сомдаған актриса Мәкен Рахымжанқызы. Әлібек Әмзеұлының «Қара кемпір» атты спектаклінен үзінді қойып, қара жамылған Қали әженің образын сомдаған Анар Сағымбекова көрермендердің көзіне жас үйірді. – Ұйымдастырылған кеш өте әсерлі өтті. Әсіресе, актриса Анар Сағымбекова Қара кемпір образын сомдау арқылы ананың балаға деген шынайы махаббатын, сағынышын жеткізумен қатар, жүрегіндегі қайғы-мұңын да сезіндірді. Осы кездесуден кейін аналарымызға деген құрметіміз арта түсті. Жалпы, соғыс жылдарындағы ана мен баланың көрген қасіретін енді ешкім сезінбесе екен деген тілегім бар, – деді №35 мектептің оқушысы Бауыржан Есенқұл.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ