Улы газдан сақтанайық
Улы газдан сақтанайық
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдардың ақпараты негізінде, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын 5219 тұрғын үйді есепке алды. Олардың барлығы жылыту маусымы басталғанға дейін алдын алу жұмыстарымен қамтылып, 6753 азаматқа тиісті нұсқау берілді. Мәселен, 792 үйде анықталған 2287 өрт қауіпсіздігі талабы бұзылуының 90 пайызы электр-техникалық желілері мен электр жабдықтарын және автономды жылу жүйелерін пайдаланумен байланысты екенін атап өту қажет. Бүгінде әлеуметтік жағынан осал отбасылармен қатар, тұрғын үй секторын жаппай аралау жұмыстары да тұрақты жүргізіліп келеді. Ағымдағы жылыту маусымы басталғалы жүргізілген профилактикалық аралау барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы 28250 үйде анықталды. Жалпы профилактикалық іс-шараларға 1196 ерікті, 145 өртке қарсы құрылымдар мүшесі, 820 жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен полиция қызметкерлері, сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы мен «ЖЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары тартылды. Сонымен бірге тұрғын үй секторындағы рейдтік іс-шаралар мен акцияларға облыстағы БАҚ өкілдері де қатысты. Тұншықтырғыш газбен уланудың қайғылы салдарының қаупін азайту мақсатында тұрғын үйлерде тұншықтырғыш және табиғи газдың жану өнімдерінің (түтін) қауіпті концентрациясын ерте анықтау датчиктерін орнату жұмыстары жалғасуда. Бүгінде барлығы 6052 датчик орнатылса, оның 2418-і табиғи газ, 2002-сі улы газ, 1632-сі түтін датчиктері. Тұншықтырғыш газ – көміртектің жануы немесе жалғанған жердің жануы кезінде болатын түссіз және иіссіз газ. Бұл газ автокөліктердің пайдаланылған газында, табиғи газда, көмірдің түтінінде және шам газдарында болады. Осындай газбен ұзақ уақыт дем алу, сонымен қатар жарақат алған адамда бас ауыру, жүрек айну, бас айналу немесе құлақта шудың пайда болуы тұншықтырғыш газбен уланудың белгілері. Жылыту пештерінен шыққан түтінге улану жағдайларының 70 пайызы мұржаның талапқа сай болмауынан немесе дұрыс жұмыс істемеуінен болады. Осындай қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін тұрғындардың алдымен қырағы болып, төмендегі ережелерді мұқият есте сақтағандары жөн: – үйге (пәтерге, саяжайға) өздігінен газ тартуға, газ жабдығын орнатуға, газ құралдары мен тығын арматурасын ауыстыруға және жөндеуге тыйым салынады. Мұндай жұмыстарды білікті мамандар ғана нормалар мен ережелерге сәйкес жүргізе алады; – газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсететін мамандар кірпіштен салынған мұржаларды тоқсанына бір рет тазалайды, ал әк пен цементтен жасалған және металл мұржаларды жылына бір рет, жылыту кезеңінің алдында тазалайды; – жылыту құралдарын қосардың алдында міндетті түрде мұржаның түтін тартуын тексереді; – жеке үйлерде мұржа қатып қалмауы үшін қысқы уақытта оны орау керек; – іске қосылған мұржаны кірпішпен, сондай-ақ мұржадағы жапқышпен жабуға болмайды; – мұржаның бас жағына құстар ұя салмауына, сондай-ақ жауын-шашын тамбауына орайластырылып жасалуы тиіс; – газдандырылған пештер мен мұржалардың қалауы, сылағының тығыздығы өзгерген (жарықтар пайда болғанда) кезде пайдалануға болмайды. Мұржаларда және су жылытқыштың түтін шығаратын құбырларында өз бетінше қосымша шиберлер орнатуға тыйым салынады; – терезе (фрамуга), жалюздер және желдеткіш арналары жабық болса, мұржаларда, желдету арналарында және ванна бөлмесінің есігі астында түтін тартатын қуыс болмаған жағдайда газ құралдарын қолдануға болмайды. Газ жабдықтарын немесе жылыту пештері орналасқан бөлмелердің терезелерін түнгі уақытта жабық қалдырмаңыз, газ құралдары орнатылған жерді демалатын және ұйықтайтын бөлме ретінде пайдаланбаңыз. Өзіңіздің және жақын адамдарыңыздың өмірін сақтаңыз!
Мақсат ӘКІМБАЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы,
азаматтық қорғау полковнигі.