Деңгейі биік «Dana-Del»
Деңгейі биік «Dana-Del»
Ұлттық киімдерді кеңінен насихаттау мақсатында Тараз қаласындағы «Шербет» шайханасына бірнеше үлгідегі костюмдерді сыйлаған. Ал, шайхана әкімшілігі ол киімдерді кіреберістегі меймандардың естелікке суретке түсуіне арнап безендірілген орынға көрнекі етіп іліп, келушілердің назарына ұсынады. Меймандар «Dana-Del» тіккен ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, суретке түсе алады. – Бүгінге дейін талай сән сайыстарында топ жарып, жүлдеге ие болғанбыз. Бірнеше шетелге барып, Халықаралық сән фестивальдерінде де қазақы костюмдерімізді көрсетіп келдік. Біздің ұлттық киімдерімізге шетелдіктер көп қызығады, сүйсіне қарап, таңғалыстарын айтып жатады. Ондайды естігенде қазақ болып туғанымызға мақтанамыз. Расында, ата-әжелерімізден қалған сән ерекше, оны әр уақыттағы үлгімен жаңғыртып, бүгінде түрлендіріп киіп жүргендер де бар. Сондай жарасымды әрі қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғануға ыңғайлы ойластырылған. Жарыстардан бөлек, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлттық нақышта киім тігіп, ол кісі Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағының ашылуында мен тіккен бөрік пен ішікті кигенде, төбем көкке жеткендей қуанғанмын. Оның алдында, Қытай губернаторына ішік тіккен болатынмын. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі ретінде шетелдерде бизнес бойынша халықаралық форумдарда да туындыларымызды көрсетіп жүрміз. Осындай еңбектеріміздің нәтижесінде шет мемлекеттерден шақырту алып, бірнеше іс-шараларда ұлттық киімдерімізді насихаттап та келдік. Биыл кәсіпкерлігіміздің ашылғанына жиырма жыл толып отыр. Осыған орай, 19 жұмысшыға Хайнань қаласына саяхаттауға жолдама сыйлап, бір апта бұрын ғана барып келдік. Онда да қазақы сәндегі киімдерімізді жүрген жерімізде таныстырдық. Жатжұрттықтардың қызығушылығы енді керемет. Осындай құндылығымызды бағалай білсек екен. Қазір Наурыз мейрамына байланысты ұлттық киімдер тіктіруге тапсырыстар өте көп түсіп жатыр. Отандастарыма тек мерекеде ғана емес, күнделікті тұрмыста да киіп жүрсек деген ой айтқым келеді, – дейді Бақыт Егембердіқызы. Аталған кәсіпкерлік бұдан бұрын мемлекеттік бағдарламамен бірнеше жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтығанын да білеміз. Ұлттық құндылығымызды насихаттауға үлес қоса отырып, кәсіпкерлігімен ел экономикасының артуына атсалысып және білгенін басқаға үйретіп те қайырлы іс тындыруда. Халықтың қамына жасалған қызмет қайырсыз болмайтыны анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА