Негізгі бағыт – «NEO FOLKLORE»
Негізгі бағыт – «NEO FOLKLORE»
Айдархан Қалиев–сән индустриясы саласында кәсіпқойлар арасында танымал әрі беделді дизайнер. «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығының негізін қалаушы әрі президенті, «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері, Тараз қаласындағы «АСПАРА» өнер және бизнес колледжінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, өнерт ану доценті, ҚХР киім және тоқыма өндірушілері қауымдастығының мүшесі, сексеннен астам имидждік және маусымдық топтамалардың авторы. Қазақст андағы нео-фольклор стилінің негізін қалаушы Айдархан Қалиев қайталанбас этникалық стиль жасауда ұмытылған ұлттық киімдерді жаңа бағытта қайта жаңғыртқан тұлға. Дизайнердің топтамаларының негізгі идеясы – әлемдік сән үрдістері мен көшпенділер киімін үйлестіру. Бүгінде Айдархан Қалиев Орталық Азиядағы әлемдік сән көрсетілімдерінің тұрақты қатысушысы. Бүгінде оның түрлі көрсетілімдерге қатысу географиясы өте ауқымды. Атап айтқанда, Италия, Германия, Франция, Сербия, Түркия, Үндістан, Марокко, Қытай, Швеция, Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан және басқа да елдердегі сән апталықтарында отандық сәнгер өзінің жаңа нео-фольклор стиліндегі туындыларын ұсынып, әлемдік сән сарапшыларының жоғары бағасын иеленді. Дизайнер ұлттық нақышт а киім тігіп қана қоймай, жас тігіншілердің бойындағы сәнгерлік қабілетін шыңдауға, олардың бойында ұлтына деген сезімнің тереңдеуіне, шаһардағы жұмыссыз жандардың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыруға да септігін тигізіп келеді. Айдархан Қалиевтің тынымсыз еңбегінің арқасында 2022 жылы Тараз дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне 56-шы болып енді. – Ұйымның мамандандырылған бағыты–жүнмен жасалған бұйымдар мен киіз басу. Қазір Аспара колледжінде киіз басу, жүннен жасалатын киімдерді жобалау сынды жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Былтыр қыркүйек айынан бастап шығармашылық бағытта үлкен топтама әзірледім. Топтамадағы киімдер таза жібекпен араласқан, Тараздың жүнінен жасалған киізден заманауи үлгіде тігілген. Былтыр желтоқсанның басында осы топтаманы Парижде, ЮНЕСКО-да, Малайзияда, жуырда Миланда, Қазақстандағы өңірлерге апарып көрсеттік. Бұл топтама нео- фольклор бағытында әзірленген. Париж сән апталығында көптеген сән сарапшылары топтаманың материалына қатты қызығушылық танытты. Біз өз тарапымыздан сарапшылардың назарына жұқа киіздің қалай әзірленетінін, жүнді қа лай с абаулап түтіп, қа лай өндіретінімізді видео арқылы көрс еттік. Нәтиже сінде, бұл топтамаға сұраныс қатты артты. Енді осы бағытта тоқтамай жұмыс істеуге бел буып отырмыз, – дейді дизайнар. Айдархан Қалиев өзінің басты жобасы, жыл сайын халықаралық деңгейде өтетін Aspara Fashion Week шарасын биыл да ұйымдастырмақ. Шара төрт күнге жоспарланған. Соның алғашқы күнін New generation (жаңа ұрпақ) деп атап, ел назарына он түрлі топтама ұсынуды жоспарлап отыр. Олардың бәрі Аспара колледжінің 3-4 курс студенттерінің жұмыстары. Студенттер қазақтың дәстүрлі қолөнерін заманауи киімге қолдану үлгісін ұсынады. Олардың ішінде құрақ, киіз, өрнек, тоқыма сынды элементтер бар. Бұл үлкен ауқымды шара болғалы тұр. Себебі, дизайнер ата дәстүрімізді сақтау үшін оны дүниежүзіне насихаттап қана қоймай, жастардың санасына ұлттық құндылықтарымыздың әлем үшін бағалы екенін, оны дәріптеу маңызды борыш екенін түсіндірмек. Сәнгердің айтуынша бұл тек шығармашылық қана емес, идеологиялық жұмыс. Айтпақшы, дизайнердің сүйінші жаңалығы да бар. Айдархан Қалиев өткен жылдың қыркүйегінде Өзбекстанның Қоқан қаласында өткен дүниежүзілік қолөнершілер көрмесінде бүкіләлемдік қолөнершілер қоғамының Азия және Тынық мұхиты аймақтарының вице-президенті қызметіне тағайындалыпты. – Ұйымның бас кеңсесі Кувейтте. Еуропа, Азия, Африка, Солтүстік Америка сынды ірі аймақтарға бөлінеді. Ақпан айынан бері ресми түрде осы жұмысты қатар алып жүрмін. Нәтижесінде, Таразда көптеген халықаралық шаралар өткізуге күш салып жатырмын. Биыл қыркүйекте Таразда Халықаралық деңгейде қолөнершілер көрмесі өтеді. Аталған іс-шараға 30 шақты елден қолөнершілер қатысады. Біз осы шараға дайындық барысында біраз қол үзіп қалған дәстүрлі қолөнерімізді қайта жаңғыртуды мақсат етіп отырмыз. Алдағы жарты жылдық ішінде осы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, қыркүйекте Тараз дүниежүзілік қолөнершілер қаласы деген статусын растайды. Бұл қызметті мен ең алдымен Тараздың тұрғыны, осы елдің патриоты ретінде атқарамын. Қоғамдық жұмыстар қызып жатқан күре санамызға неше түрлі ойлар келеді. Таразға жаңа қолөнер түрлерін әкеліп халық арасында насихаттап, осы бағытты кеңінен игеріп, жаңа жұмыс орындарын ашуды қолға алсам деймін. Күзде Aspara Fashion Week шарасы өтіп жатқан тұста Өзбекстаннан бірнеше маман алдырмақпыз. Олар студенттерге кілем тоқу технологиясын үйретеді. Яғни, қойдың жүнін жуып, тазалап, оны түтіп, сабаулап, иіріп, жіп алуды, одан тоқыма тоқу бойынша шеберлік сыныбын өткізеді. Бұл жұмыс үшін Өзбекстаннан арнайы кілем тоқитын станок, Тәжікстаннан жіп иіретін құрылғы алдырып жатырмын. Нәтижесінде Тараздың жастарын, әйелдерді жұмыспен қамтуды көздеп отырмын. Бұл менің осы елдің азаматы ретінде қабылдаған саналы шешімдерімнің бірі. Осындайда еврей ұлтының «жағдайы нашар адамға балық берудің қажеті жоқ, қармақ берген жөн» деген мақалы ойға оралады. Тұрмысы төмен, көпбалалы аналарға, талантын таныта алмай жүрген жас дарындарға осылай дем бергім келеді. Әрбірден соң қолөнер біздің қанымызда бар қасиет. Ал, оны жаңғырту үшін бізге қазір мол мүмкіндік беріліп отыр. Оның үстіне бүгінде жүннен әзірленген өнімдер жоғары бағаланады. Ерінбеген адамға сырмақ, текемет, алаша сияқты бұйымдардың жасалу технологиясын меңгеріп алу мол табыс алып келеді, – дейді дизайнер. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 18 наурызды – Ұлттық киім күні деп бекітті. Осыдан кейін ұлттық киімдеріміздің насихаты көбейіп, шапан, бешпент, қамзолдарымызды жатсынбайтын жастардың қатары көбейеріне сенім мол. Ал, бұл бағытқа қырық жылын сарп еткен дизайнер ұлттық нақыштағы киімдерді бүгінгі тіршілігімізге бейімдеу үшін сәнгерлер біраз еңбектену керек деген пікірде. – Ұлттық киімнің насихатын жүргізу әлі де төмен деп есептеймін. Себебі, біз әлі ұлттық киімдерімізді күнделікті өмірге бейімдей алмай келе жатырмыз. Шалғайы жердің бар топырағын сыпырып жүретін шапандар, етегі тым ұзын көйлектер біздің қарапайым тұрмысымызға қолайсыз. Ал, ұлттық киімнің кең етек алып, көзімізді соған үйретіп, күнделікті киетін киімімізге айналуы үшін оны өзгеше бейімдеу керек. Қарбалас заманда киім де адамның тұрмысына, оның қимыл-қозғалысына сай болғаны жөн. Бұл – үлкен жұмыс. Біздің брендтің күнделікті өмірге арналып тігілген, ұлттық нақыштағы киімдері қазір сатылымда. Бұл бағытта сауда өте жақсы деңгейде жүріп жатыр. Онлайн түрде алыс-жақын шет мемлекеттерден тапсырыспен алатын тұтынушыларымыз бар. Әлемдік сән сарапшыларының пікірі бойынша Тараз – Қазақстандағы сән астанасы саналады. Осы жоғары бағаға лайық болуға барынша тырысып жатырмыз. Бар өмірімнің, шығармашылығымның басты бағыты осы болғандықтан таңның атысы, күннің батысы осы идеяның жетегінде тынбай жұмыс істеп жүрмін. Әрі қарай да ұлттық киімдерімізді күнделікті өмірге бейімдеу үшін нео-фольклор бағытындағы жұмыстарымды тек жандандыра беремін. Аспара колледжіндегі жас таланттар осы бағытты жалғастыратынына сенемін, – деді сәнгер.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ